Шығыстың аудандарындағы балабақшада мемлекеттік аттестациядан өту қанша тұрады?
Зайсан өңірінде «Ер Төстік» балабақшасының меңгерушісі тәрбиешілерден ақша жинағаны үшін жұмыстан шығарылды
Білім және ғылым сапасын бақылау комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында ШҚО білім беру ұйымдары педагогтарының құқықтарын қорғау және педагогикалық әдеп жөніндегі консультативтік-кеңесші орган отырысының қорытындысы бойынша жазба жариялады.
- Мемлекеттік аттестациядан өту мақсатында еңбек ұжымынан ақша жинау фактісін бұл жолы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында, «Ертөстік» балабақшасында тіркелді. Бұған дейін мектептердегі аттестацияға ақша жиналатыны туралы ақпарат Түркістан мен Алматы облысынан келген еді. Бұл мәселе кеңес отырысында қаралды. Педагог құқықтарын қорғау органы Шығыс Қазақстан облысының педагогикалық әдеп және білім беру ұйымдарында қызметкерлерден ақша жинау фактісі болғанын растады, - деді Гүлзат Көбенова.
Шарада таяуда болған оқиғаның жай-жапсары талқыланды. Зайсан қаласындағы «Ертөстік» балабақшасы меңгерушісінің міндетін атқарушы мемлекеттік аттестацияны сатып аламын деген желеумен қарамағындағылардан ақша жинаған. Бұл туралы Зайсан аудандық білім бөлімінің басшысына балабақшадағы қызметкерлердің бірі хабарлады.
- Ең бірінші осындай заң бұзушылықтың орын алып жатқаны туралы шағым маған келіп түсті. «Ақша жинады» деп айыпталып отырған кісі балабақша бастығы емес, меңгерушінің міндетін атқарушы. Істі тексеру барысында ол еңбек демалысында болатын. Бірақ мен түсініктеме алдым, еңбек демалысынан жұмысқа шыққанын күттім. Бұл жерде дау туындады. Өйткені тәрбиешілер «ақша жинадық» дейді, уақытша меңгеруші «жинамадым» дейді. Сосын осы жағдайды заң аясында анықтап, қылмыстық іске жата ма, жоқ па, соны анықтап беруін сұрап прокуратураға арыз жаздым. Балабақшаға да тексеріс жүргіздім. Өйткені ондағы тәрбиешілер ақша жинаудан басқа да қиындықтар бар екенін айтты. Кейбір тәрбиешілердің еңбекақысы дұрыс төленбеген екен, т.б. балабақша ішіндегі мәселелер бар. Қазір құзырлы органдар істің ақ-қарасын анықтап жатыр, жауабын күтіп отырмыз, - дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Меруерт Мұратқызы.
«Ер Төстік» балабақшасына қатысты іс қазір құзырлы органдарда анықталып жатыр.