Қазақстандағы террорлық қауіптің «қызыл» деңгейі барлық өңірде күшін жояды
Қаңтар айындағы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен оның қатысушыларын анықтау бойынша жедел іздестіру шаралары жалғасуда
Алайда Қазақстанның тағы үш облысында лаңкестік қауіп-қатердің «қызыл» деңгейі жойылды, деп хабарлады ҚР ҰҚК-ның баспасөз қызметі.
Терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық жедел штаб 2022 жылы 26 қаңтарда сағат 00:00-ден бастап Алматы, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласында лаңкестікке қарсы операция режимінің тоқтатылғанын ресми түрде мәлімдеді. Бұған дейін еліміздің басқа аймақтарында «қызыл» деңгей жойылған болатын.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, «қызыл» деңгей жойылғаннан кейін «осы уақыттан бастап көрсетілген аймақтарда лаңкестік қауіптіліктің жоғары «қызғылт сары» деңгейі белгіленді. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласында лаңкестік қауіптіліктің жоғары «қызғылт сары», Батыс Қазақстан облысында орташа «сары» деңгейі сақталуда.
Қару-жарақ пен жарылғыш заттарды анықтау мақсатында құқық қорғау органдарына көліктердің қозғалысын бақылауға және оларды тексеруге рұқсат етілді, деп хабарлады ведомстводан.
Террорлық қауіп-қатердің «қызыл» деңгейі 6 қаңтарда жаппай тәртіпсіздіктер аясында бүкіл Қазақстан бойынша енгізілген болатын. Қаңтар айының басында Жаңаөзен қаласында (Маңғыстау облысында) басталған бейбіт шеру еліміздің барлық қаласын қамтыған экономикалық және саяси талаптармен жаппай наразылық толқуларына ұласты. Кейбір аймақтарда бүлік, қирату, жаппай тәптіпсіздіктер басталды. Оның арты әкімшілік ғимараттарға, полиция бөлімшелеріне шабуыл жасаумен және дүкендерді тонаумен аяқталды.
5-19 қаңтар аралығында республика бойынша төтенше жағдай режимі де енгізілді.