ШҚО-да зейнеткер жұп өз үйлерінде өртеніп кетті
Өткен түнде Алтай ауданында үш өрт оқиғасы тіркелді, қаза болғандар бар
Өткен түн алтайлық құтқарушылар үшін тынымсыз өтті. Төтенше жағдай туралы хабар бірінен соң бірі дамылсыз келіп жатты.
Пугачев көшесіндегі жер үйден өрт шыққандығы туралы хабар түнгі сағат екілерде түсті. Өрт сөндірушілер дереу оқиға орнына аттанды. Үй түгелдей жалынға оранған, ал үй ішінде екі зейнеткер қалған.
- 79 жастағы қария мен оның 75 жастағы зайыбы өрт ішінде қаза болды, - деп мәлімдеді Алтай аудандық ТЖБ. - Өрт үймен қоса есік алдындағы құрылыс нысандарына жайылған.
Тілсіз жау таңғы сағат 7-де сөндірілді. Қазіргі таңда өрт шығу себептері анықталуда.
Сол түні тағы екі өрт оқиғасы болған. Бірінде жер үй өртенсе, тағы бір жағдайда көлікжай көлігімен қоса өртке оранды. Зардап шеккендер жоқ.