Атырау облысының жұмысшылары жаппай уланып қалды
Атырау облысында 22 вахталық жұмысшы улану белгілерімен ауруханаға түсті
Атырау облысында 20-дан астам вахталық жұмысшы тағамнан уланды деген күдікпен ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Темірбек Мұсағалиевтің айтуынша, оқиға 16 қазанда кешке болған.
- 16 қазанда сағат 17.30-да департаментке Теңіз мұнай кен орны маңында орналасқан Болашақ вахталық ауылындағы "Монтажспецстрой" АҚ-ның 20 қызметкері тағамнан уланған болуы мүмкін деген хабар келді, - дейді дәрігер.
Оның айтуынша, 22 адам ауруханаға жатқызылған. Оларда гастроэнтероколит белгілері анықталған: жүрек айну, құсу және дене қызуының көтерілуі. Медициналық қызметкердің айтуынша, жұмысшылар Болашақ ауылындағы асханада тамақтанған.
- Оқиға болған жерге басқарушы орынбасары, тамақтану және эпидемиология бөлімдерінің басшыларынан тұратын мамандар тобы келді. Жағдай бақылауда, эпидемияға қарсы шаралар жалғасып жатыр, - деді Мұсағалиев.