СҚО-да бір отбасы саңырауқұлақтан уланып қайтыс болды
Бір бүтін отбасы жансақтау бөлімінде дәрігерлердің көз алдында көз жұмды
Солтүстік Қазақстанда бүтін бір отбасы саңырауқұлақтан уланып қырылып қалды, деп хабарлайды «КТК телеарнасының сайты».
32 жастағы әйел оны кешкі асқа үш қызымен бірге қуырып жеген екен. Түні бойы құсып, қызулары көтерілген олардың тіпті жедел жәрдем шақыруға да шамасы болмапты. Тек таңертең үлкен қызының сынып жетекшісіне хабарласқан анасы болған жағдайды әрең баяндап берген. Жан-жақты медициналық көмек көрсетілмегендіктен, бір отбасының төрт мүшесін ажалдан аман алып қалу мүмкін болмады.
Облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне дәрігерлер әдетте тілшілерді аяқ бастырмайтын. Бірақ бүгінгі сұмдық оқиғадан соң-ақ халаттылар тіпті брифингті осында өткізгенді жөн көріпті. Өйткені бірнеше сағат бұрын ғана бұл жерде отбасындағы тағы бір жан – 12 жасар Татьяна қайтыс болды.
Олег Завьялов, СҚО балалар ауруханасының бас дәрігері:
-Пациенттер ішкі органдарының улануынан мерт болды. Алдымен бауырлары зақымданған. Артынша бүйрек зәр шығармай қойды. Қандары сұйылып, жүрекке әсер еткен. Бір мезетте бірнеше орган жұмыс істемей қойғанда, адам ажал құшады.
Қолдан келген көмекті аяған жоқпыз деген дәрігерлер еліміздің бас токсикологы пен раениматологын Астанаға арнайы ұшақ жіберіп алдыртқан. Бірақ одан да нәтиже болмапты. Алғашқы болып бес жасар Олесия, ертеңіне анасы Вероника көз жұмды. Кеше 9 жасар Ксения, бүгін таңертең осы үйдің тұңғышы 12 жастағы Татьяна тілге келмей кетті. 32 жастағы Вероника Пономаренко былтыр күзде күйеуінен ажырасып, үш қызымен өзге ауданнан Соколовка ауылына көшіп келген екен. Сол кеште жеген саңырауқұлақты да өзі жақын маңдағы орманнан теріп әкеліпті.
Ербол Сағитов, мектеп директоры:
-Сынып жетекішісіне хабарлаған. Сосын жедел жәрдем шақырады. Балаларды ауруханаға жатқызды.
Қазір олардың ауылдағы үйлерінде құлып тұр. Тергеушілер үйдегі барлық тамақты сараптамаға алып кетті. Ал көрші-қолаң не болғанын әлі түсінбей, жағаларын ұстап отыр.
Ольга Асанова, көршісі :
-Аналары өте еңбекқор болатын. Қысқа қамданып, көкөніс кептіріп, саңырауқұлақ тұздап жүруші еді. Алғашқыда тұрмыстары қиын болды. Қолдан келгенше қарайласып жүрдік. Етене жақындасып кетіп едік. Туысымыздан айрылғандай болып тұрмыз.
Теріскейде бұл уақытта, әдетте, саңырауқұлақ атаулы өспейтін. Бірақ биылғы күздің жылы да жауынды болуынан бұл өсімдік ормандарда ара кідік кездеседі екен. Марқұм әйел ағаштың түбінде өсетін жалған томарқұлақ деген түрін улысынан ажырата алмай мерт болған көрінеді.