Теміртауда белгісіз біреу «АрселорМиттал» баспасөз қызметі басшысына шабуыл жасаған
Теміртауда белгісіз біреу «АрселорМиттал» баспасөз қызметі басшысы Зухра Сұлтановаға шабуыл жасаған. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды
9-нан 10-на қараған түні белгісіз біреу «АрселорМиттал» баспасөз қызметі басшысы Зухра Сұлтановаға шабуыл жасаған.
"АрселорМиттал Темиртау" АҚ ұжымдық коммуникациялар мен қоғам мен байланыс бойынша департаментінің директоры Зухра Сұлтанова түнде үйіне жалғыз келе жатқанда белгісіз ер адам шабуыл жасап, буындырмақ болған.
- Бұл тонау емес, ол мені қорқытпақ болды. Мойын орағышымнан тартып, мені буындырмақ болды. Бірнеше рет ұрды. Мен айқайлап көмекке шақырдым. Ашулы азамат маған «Алматыға кет» деп бұйырып, «Біз саған ескерту жасадық» деді. Қазір қандай да шешім жасай алмаймын. Бірақ бұл менің кәсіби қызметіме байланысты деп ұғамын, - деді Зухра Сұлтанова.
Оның айтуынша, бұған дейін оған біреулер телефонмен де қоқан-лоқылық көрсеткен.
Қазір баспасөз қызметінің басшысы «ми шайқалу» диагнозымен ауруханада жатыр. Полиция қызметкерлері болған оқиғаның анық-қанығын анықтауда.
Зухра Сұлтанова бұл қызметте бір жарым жыл жұмыс жасап келеді. Оның келуімен алып өнеркәсіптің баспасөз қызметі толықтай өзгерді. Зухра Сұлтанованың пікірінше, оның жұмыс істеу тәсілі кейбіреулерге жақпаған болуы керек.