ШҚО төменгі сынып оқушыларына жол қауіпсіздігі бойынша жаднамалар таратылды
Жыл сайын ШҚО Білім басқармасы және Полиция департаменті «Казцинк» кәсіпорнымен бірлесіп "Мектепке жол" акциясын өткізеді
Биыл да өңірдің барлық бастауыш сынып оқушыларына мектепке барып-келер жол оқыс оқиғасыз болу үшін қауіпсіз жүріп-тұру ережелері жазылған түрлі-түсті жаднамалар таратылды.
Біз мұндай бастамаларды үлкен қуанышпен қолдаймыз, өйткені мектеп бағдарламасында балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлеміз. Ережелерді қайталау ешқашан артық болмайды, ал оларды тәжірибеде бекіту екі есе пайдалы, - деді ШҚО Білім басқармасы тұлғаның рухани-адамгершілік дамыту, тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Асем Нүскенова.
Аталмыш акция осымен қатарынан үшінші жыл өткізілуде. Жолда, көлікте, көшеде жүру ережелері, сондай-ақ вирустардан қорғану негіздері жазылған арнаулы екіжақты брошюралар 42 000-ға жуық бастауыш сынып оқушыларына жолданды. Жаңа оқу жылында жаднама өзінің мазмұнын жоғалтпай, ықшамдала түсті. Ыңғайлы өлшемінің арқасында баспа құралын енді мектеп күнделігіне сыятындай етіп бүктеуге болады.
Адам өмірінен құнды ештеңе жоқ. Қарапайым ереже жазылған жаднама мектеп-үй ортасында балалардың қауіпсіз жүру жолдарын түсіндіретіні маңызды, - дейді ШҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Айгерим Бейсембаева.
Жаднаманың ерекшелігі – артқы бетіне балалар ересектермен бірге қауіптілігі жоғары жерлерді көрсете отырып, мектепке баратын және кері қайтатын жолдарын бейнелей алады. Мұндай интерактив мектеп оқушыларына неғұрлым қауіпсіз бағдарды жақсы есте сақтауға мүмкіндік береді.
Жаңа оқу жылында алғашқы жаднамаларды Облыстық мамандандырылған ІТ-мектеп-лицейінің бастауыш сынып оқушылары бірінші болып иеленді. Жаднамаларды акция ұйымдастырушылары келіп тапсырды.
Акция балаларға, ата-аналарға және педагогтерге ұнағаны соншалықты, біз биыл жаднамалардың таралымын екі есе көбейтіп, өңірдің барлық бастауыш сынып оқушыларына таратуды шештік, - дейді "Казцинктің" әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.