Өскеменде мәдени флешмоб өткізілді
Шығыс Қазақстан Өнер музейі мен облыстық драма театры «Император» сауда кешенінде алғаш рет бірлескен мәдени акция өткізді
«Бірлескен шабыт шоғыры» деп аталған бұл акцияда сауда кешенінің тұтынушыларына бейнелеу өнерінің көрмесі және флеш-моб ұсынылды.
Шығыс Қазақстан Өнер музейі ұсынған ақпараттарға сүйенсек, «Рухани жаңғыру» жобасының бастамалары Өскемен қаласының мәдени өмірін айтарлықтай жандандыра түсті. Бүгінге дейін кітапхана, музейдің тыныш залы мен театр сахнасы сияқты өздеріне бөлінген аумақтарда ғана тіршілік етіп келе жатқан өнер халыққаөздері жақындай түсті. Мәселен, өткен сенбі күні осы «Император» СК сауда залында қала тұрғындары мен қонақтарын әдебиет, театр, бейнелеу өнерінің музалары қарсы алды.
- Сауда кешенінің бірінші қабатында Өнер музейінің жылжымалы көрмесі жұмыс істеп, онда музей салонындағы облыс суретшілерінің суреттері, негізінен пейзаждар мен натюрморттар қойылды. Олардың арасында Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері, танымал қылқалам шеберлерінің туындылары болды, - дейді Өнер мұражайының қызметкерлері.
Мұражай қызметкерлері бұдан былай бұл картиналар музейдің салонында ұзақ жатып қалмай, өздерінің жаңа қожайындарын табады деген үмітте.
Жиналған көпшілікке облыстық драма театрының әртістері де тамаша көңіл-күй сыйлады. «Аршин мал алан» премьералық қойылымнан көрсетілген флеш-моб пен орындалған әсем әуендердің театрға жаңа көрермендерді көптеп тартатындығы сөзсіз. Мұндай мәдени шаралардың көздейтін ең басты мақсаты да - осы. Мұражай және театр қызметкерлері «Император» сауда кешенінің әкімшілігі мен директоры Сергей Коротинге осындай мүмкіндік ұсынғаны үшін үлкен ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтады.