Назым Қызайбай: "Арманым - олимпиаданың алтындарын алу"

Азия біріншілігінде топ жарған төр Алтайдың жиені
10 маусым 2021 года, 15:11 665 Аян Қалымбек
Новости Казахстана и регионов на сегодня. - Назым Қызайбай: "Арманым - олимпиаданың алтындарын алу"
Фото: © Н. Қызайбайдың жеке мұрағатынан
Спорт десе делебесі қозатын рухты, әруақты, арқалы ұлтпыз. Бір туған қандасы үшін тақым қысып, перзенті үшін жаны күйетін өр намысты халықпыз. Қазақтың бесігінде батыр ұлдар да, қыздар да тербетілген. Оған дәлел тарихта өткен Тұмар патшайым, Зарина ханшайым, Кенесарының қарындасы Бопай, Қабанбайдың әйелі Гауһар және қыздары Назым батыр, Жанделі қыз, Есет батырдың қызы Ботакөз деп ұзын-сонар тізімді жалғастыра берсек, 1986 жылдың желтоқсанында ерлерге бергісіз ерлік танытқан Сәбираға дейін келеміз. 

Ұлылардың ұнтағы, асылдардың сынығы, бұрынғылардың сарқыты деуге болатын қайсар қыздарымыз қазір де жоқ емес.

Күні кеше ғана Дубай төрінде еліміздің көк байрағы желбірегенде жүрегіміз елжіреп қуандық. Бокстан Азия чемпионатында Қазақстан әйелдер командасында екінші алтынды қоржынға түсірген - қазақтың қаршадай ғана қызы еді.

Назым Қызайбай - бокстан әйелдер командасының көшбасшысы, әлем біріншілігінде ересектер және жастар арасында екі мәрте қола жүлде иегері, екі дүркін Әлем чемпионы, Қазақстанның он дүркін жеңімпазы. 30 мамыр күні Дубайда өткен Азия чемпионатында әйелдер арасында 51 келі салмақта абсолютті чемпион атанды. Осындай тарихи сәттің ап-сабы басылмай тұрып, қазақ елінің бетке ұстар мақтанышына айналған боксшы қызбен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

спорт - сурет Назым Қызайбайдың жеке мұрағатынан (3).jpg



Назым, туған жеріңіз, өскен ортаңыз жайлы айтып беріңізші?

- 1993 жылы 14 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келгенмін. 1-3-ші сынып аралығында №137 мектепте оқыдым. Кейін Алматы облысына қарасты Жетіген ауылына жанұямызбен қоныс аудардық. 3-8-ші сыныптарда сол жерде білім алдым. Балалық шағым осы ауылда өтті десем де болады. Өңшең ұл балалардың арасында асық, футбол ойнап өстім. Спортқа деген қызығушылығым да сол тұстан басталса керек. 9-сыныпқа көшкенде қаладағы спорт мектеп-интернатына ауыстым. Боксқа да дәл осы кезден бастап қатыстым.

Спортшы болуды армандадыңыз ба?

- Неге екенін қайдам, спортты бала кезден ерекше қатты жақсы көрдім. Мектепте қандай да бір жарыстар, спорттық шаралар ұйымдастырылса, қалмай қатысатынмын. Бос уақытта бірден спортзалға жүгіретінмін. Сабақтар болмай қалған уақытта спортзалдағы ұлдармен баскетбол, футбол ойнап кететінмін. Айнабұлақта оқығанда көркем гимнастикаға қатысқанмын. Жетіген ауылында таэвондо, күрес, баскетбол, волейбол, теннис секілді спорт түрлерімен де айналысқанмын. Кәсіпқой боксшы болмасам да, әйтеуір түбінде спортшы боларымды сезетінмін.

Арғы тегіңізде, әулетіңізде спортты серік еткен біреулер болды ма? Спортқа деген махаббат қан арқылы берілді ме, әлде әуестену арқылы шыңдалған қасиет пе?

- Мен өз басым алты ағайындының үшіншісімін. Менен үлкен ағам мен әпкем, менен кейін екі сіңілім және бауырым бар. Отбасымда я болмаса туыс-туғандарымның арасында спортқа бет бұрған ешкім жоқ. Енді менен кейін болатын шығар деп үміттенемін. Өзімнен кейінгі бауырымды спорт саласына бергім келеді. Бірақ ешкімді мәжбүрлеп қыстамаймын. Өз еріктерімен таңдаса ғана қолдаймын.

Аяулы анаңыздың туған жері - Катонқарағай. Яғни, шығыс - сіздің нағашы жұртыңыз. Төр Алтайдың бауырына қаншалықты жиі келіп тұрасыз?

- Иә, анам Жаңаүлгі деген ауылдың тумасы. Өз басым ол жерде бір рет қана болғанмын. Нағашыларым үнемі шақырады. Барайын десем, қолым тимей қалады. Үнемі жаттығуларда, жарыстарда жүргендіктен уақыт ыңғайы келмейді. Әйтпесе, бір көргеннен ұнаған. Болашақта міндетті түрде барамын деп ойлаймын. Өйткені нағашыларымның бәрін жақсы көремін. Әрдайым менің жекпе-жек жарыстарыма келіп немесе көріп қолдау білдіреді.

спорт - сурет Назым Қызайбайдың жеке мұрағатынан (2).jpg



Бокс әлеміне қадам басқан сәттен бас-тап жаттықтырған ұстаздарыңызды есіңізге алыңызшы?

- Ауылда жүргенде қабілетімді алғаш танып, боксқа да, күреске де үйреткен Болат Рахимов деген ағамызда екі ай жаттықтым. Өзі таэквондо спортының жаттықтырушысы болатын. Спорт мектебінде мені боксқа баптаған Өмірзақов Жұмабек есімді ұстазым болды. Қазіргі таңда мені үлкен жарыстарға дайындап, жаттықтырып жүрген бапкерім Толқынжан Тұрсынұлы. Ол кісі мені кішкентай кезімнен біледі.

Жаныңызға ең ыстық, ең ұмытылмас жеңіс қай кезде болды және қандай?

- Әрбір жарысқа маңдай терімізді төгіп, талмай еңбектеніп, көп дайындалып барамыз. Сондықтан қай-қайсы болмасын өзінше ұмытылмас естеліктерге толы. Әрине, әлем чемпионаттарының орны ерекше болады. Бірақ жаныма ең ыстық шаршы алаңдағы кездесу - осы жақында ғана өткен Азия біріншілігіндегі жұдырықтасуым. Өйткені бұған дейін көп жарыстардан жолым болмай жүрген. Оның үстіне менің финалдағы қарсыласым әлемнің алты дүркін жеңімпазы, әйелдер арасындағы бокстың аңыз-адамы, үндістандық Мэри Ком еді. Ол туралы кино да түсірілген болатын. Азия чемпионатына мен тұңғыш рет қатысқандықтан, тек жеңу керек деген мақсатым болды. Сол үшін осы жолғы жеңісіме ризамын.

Спортта аяқтан шалу, жолды кесу, көре алмау, қызғану секілді істер бар ма?

- Әрине, ол жалғыз бокста ғана емес, өмірде де бар нәрсе ғой. Әділетсіздік көп болады. Спортта жүргеннен кейін түсінеміз: жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Бірақ кейде ұтып тұрған жеңісіңді қолдан тартып алып, жүлде бермей қояды. Сол қатты қынжылтады. Шыдауға, төзуге, көнуге тура келеді. Көптеген спортшылар тіпті осындай көпе-көрінеу жасалған қиянаттардан кейін қол үзіп тастап кетіп жатады. Менің де басымнан талай өтті. Бірақ менің табандылық қасиетім, дегеніме жетпей тынбайтын мінезім бар. Сол үшін берілмеймін. Керісінше, жолымды әркез кескен сайын содан күш алып, өршеленіп, ширығып шығамын.

Бокстан басқа спорттың қандай түріне ден қоясыз?

- "Мынау" деп бір ғана түрін атай алмаймын, көп. Бокстан кейін күрес, таэквонда, ережесіз жекпе-жек ұнайды. Ойын түрлерінен футбол, баскетбол, волейболды жақсы көремін. Ал хоббиім - бильярд ойнау. Бос уақытымда балық аулағанды ұнатамын.

спорт - сурет Назым Қызайбайдың жеке мұрағатынан (1).jpg



Болашақ жарыңыздың да спортшы болғаны сіз үшін маңызды ма?

- Жоқ, болашақ жарымның спортшы болуы-болмауы маңызды емес. Қай салада қызмет етсе де, өз ісін сүйетін, еңбекқор, адал жігіт болса болды. Ең бастысы мінезіміз жарасып, сәйкес келсе деймін. Мені сыйласа, түсіне білсе, басқа ештеңе керегі жоқ. Алайда мен қазір спорт әлемінде үлкен жетістіктерге жету үшін еңбектеніп жатырмын. Басты мақсатым - олимпиадаға қатысып, чемпион атану. Біздің елде олимпиадаға қатысқан қазақтың боксшы қыздары жоқ. Арманым - олимпиададан алтын алған тұңғыш қазақ қызы атану. Кім біледі, барлығын реттеуші бір Алла ғой. Ертең аяқ астынан біреуге ғашық болып тұрмысқа шығып кетпесем, осы ойға алғандарыма жетуге тырысамын.

Мінезіңіз қандай: қызуқандысыз ба, тез ашуланасыз ба?

- Енді, "сырт көз - сыншы" дейді ғой. Мінезімнің қандай екенін менен гөрі жанымда жүрген жақындарым жақсы біледі, солардан сұрау керек шығар. Сабырлымын деп айта алмаймын. Тез ашуланып, тез басыламын. Қызуқандымын деуге болады. Бірақ әр нәрсе өз орнымен ғой. Ол кімге және қай жерде екеніне байланысты. Кейбір кісілердің тым еркінсіп, оғаш қылық көрсететін кездері болады. Көшеде көріп қалса, тани тұра "сен Назым Қызайбайсың ба?" деп қитыққа тиіп, мысқылдап сұрайтындары ұнамайды. Әдетте, үйде жүрсем де, түзде жүрсем де еш өзгермейтін, қарапайым адаммын.

Загрузка...

Тақырып бойынша жаңалықтар

Устинка Live хабарландыруларын алып тұрыңыз