Енді ауыл әкімдерін халық таңдайды

Шілде айында еліміздің 7,5 млн тұрғыны ауылдық округ әкімдерін өздері таңдайтын болады
10 маусым 2021 года, 14:32 561 Ақерке Рағызбаева
Новости Казахстана и регионов на сегодня. - Енді ауыл әкімдерін халық таңдайды
Фото: © редакция мұрағатынан
Егер осыған дейін ауылдық округ әкімін мәслихат мүшелері тағайындайтын болса, енді ауыл тұрғындары ауылдық округ әкімдерін тікелей өздері сайлау арқылы таңдайтын болады. Сайлаудың мұндай түрінде әкім ең бірінші халықтың сеніміне, қолдауына мұқтаж болмақ. Сондықтан жаңа әкім тұрғындардың үмітін ақтауға тырысады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттігі туралы мәлімдеді. Мемлекет басшысы мұны елді демократияландырудағы және жергілікті басқару институттарын нығайтудағы маңызды қадам деп атады.
 
Президент Жолдауын іске асыру үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігі аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауға арналған тиісті түзетулерді әзірледі.

Ауылдық әкім сайлауына үш жолмен үміткер болуға болады. Біріншісі - өзін-өзі ұсыну, екіншісі - саяси партияның ұсынысымен, үшіншісі - жоғары тұрған әкімнің ұсынысымен қатысу. 
- Егер бір ауылдық округтің әкімінің орнына тек бір ғана сайланушы ұсынылатын болса, онда аудан әкімі тағы бір кандидат ұсынуға құқылы және ол жергілікті халықтың келісімімен ғана жүзеге асырылады. Яғни, ауылдың тұрғындарымен кездесіп, кеңесіп барып қосады, - деп түсіндірді ауылдық округ әкімдерінің сайлауы туралы берген сұхбатында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин.

Кез келген адам әкім бола ала ма?


Ауыл әкімінің сайлауына қатысушы үміткерге қойылатын негізгі талаптарда үміткердің 25 жасқа толуы, тиісті елді мекен аумағында соңғы үш жылда тұрақты тұруы, жоғары немесе орта арнаулы білімі болуы шарт. Осы тұста оның мемлекеттік қызметтегі біліктілігіне де мән беріледі. Бұл пункт мемлекеттік қызметте істемеген кандидаттарға қаншалықты кедергі туғызуы мүмкін?.. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин мұны былай түсіндірді. 
- Кадидатқа қойылатын талаптардың ішінде мемлекеттік қызметтегі еңбек тәжірибесі ескеріледі. Бірақ ауылдың проблемасын білетін, өзінің бойындағы жігерімен әкім болуға лайықты тұлғалар да ортамызда бар. Олардың қатарында мектеп директоры, мұғалім, дәрігер және басқа да мамандық иелері болуы мүмкін. Мемлекеттік қызметте еңбек тәжірибесі болмай, бірақ басқару біліктілігі жеткілікті болса, ондай адам әкім бола алады. Ғылыми деңгейі бар алайда мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі жоқ болса да әкім сайлауына қатысуына мүмкіндік берілген. Президенттік кадрлық резервте тұрғандарға да мемлекеттік қызметтегі тәжірибе керек емес. Бірақ олардың бес жылдық еңбек өтілі ескеріледі. Алайда мынаған назар аудару керек, бір округте 50 адам тұрса, енді бір ауылдық округте 50 000 адам тұрады. Мұндай халық саны көп округтерді басқару үшін біліктілік қажет, - дейді ол.
Ауылдық округ әкімі атқаратын міндеттердің 54 бекітілген пункті бар. Оның ішіне салық жинау, жолдарды жөндеу жұмыстары, жер қатынасы, ауыл шаруашылықтарының дамуына көмектесу, ауылдарды сумен қамтамасыз ету, көгалдандыру, жарықтандыру, санитарлық тазалау, аз қамтылған отбасыларды анықтау, жұмыспен қамту, мекенжайлық әлеуметтік көмекті реттеу, ауылдағы жалғызбасты қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға күтім ұйымдастыру және т.б. Осындай міндеттердің барлығын алып жүру үшін әкім болуға ниетті адамның біліктілік, басқарушылық қасиеттері аса маңызды. 
- 2020 жылы елімізде қаржыландырудың төртінші деңгейі енгізілді. Яғни, әкімдер үлкен сомадағы қаржыны басқаратын болды. Ауылдық округ бюджетіне бес түрлі салықтық және он шақты салықтық емес түсім келеді. Ірі ауылдық округтердің бюджеті миллиард теңгеге дейін жетеді. Мұндай бюджетпен жұмыс істей білу керек, жемқорлық әрекеттерге жол бермеу қажет. Сондықтан бұл жерде мемлекеттік қызметтегі білімі мен біліктілігінің талаптарға сай болуы нәтижелі жұмысына көмектеседі, - деп қосты Мәлік Кеңесбайұлы.

Әкім ұнамай қалса...

Сайлау науқаны кезінде бос уәде беріп, ертеңінде атқарған жұмысы халықтың көңілінен шықпаса, ондай әкімді орнынан алып тастауға болады. 
- Егер сайланған әкім партия мүшелігінен кетсе, жоғары тұрған мәслихат оның тарапына сенімсіздік білдірсе, мемлекеттік қызметіне қатысты өзге де проблемалар туындаса, әкім өз жұмысын тоқтатады. Жалпы әкім жұмысына сенімсіздік білдіру арқылы оны жұмыстан шығару бұрыннан бар норма, бірақ іске асырылып көрмеді, - деп түсіндірді Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары. 
Мысалы, бір кандидат құр уәдені беріп, халықтың дауысын алып, сайлаудан соң оны орындамауы мүмкін. Мұндай жағдайда тұрғындар жиналып, әкімнің тарапына сенімсіздіктерін білдіре алады. Нәтижесінде әкім орнын босатып, жұмысын тоқтатады. 

Айта кету керек, бір адам тек екі рет қана ауылдық округ әкімі бола алады. 

Әкім болсаң, халқына жақын бол


Қазіргі уақытта елімізде осынау жаңа бастамаға қызу дайындық басталды. Сайлау науқанын өткізу үшін мемлекетік бюджеттен 17 млрд теңге бөлініп отыр. Елімізде 2346 ауылдық округ бар. Оның ішінде шамамен 700 әкім халықтың таңдауымен сайланады. 
- 17 млрд теңге 5 жылға қарастырылған. Оның 80%-ы сайлау комиссиясы мүшелерінің жалақысына жұмсалады. Яғни, ол ақша ауылда қалады. Тағы бір бөлігі насихаттық жұмыстарға, концеляриялық тауарларды алуға, жеке қорғаныс заттарын сатып алуға жұмсалады, - деді Мәлік Кеңесбайұлы.
Шығыс Қазақстан облысында 247 ауылдық округ бар. Солардың ішінен сайлауға әкімдердің басқару мерзімі тамыз айында аяқталатындар қатысады.
- Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО бойынша филиалымен бірлесіп, облыстың сайлау комиссияларының мүшелерін аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің сайлауын дайындау және өткізу бойынша оқытуды өткізуді жоспарлап отыр, - деп атап өтті облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсаин Набиев. 
Сайлау 40 күн бұрын жарияланып, қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 10 күн қалғанда өтеді. Сайлау науқанының мерзімі 30 күнді құрайды. 
- Менің әкімдік мерзімім аяқталуға жақын қалды. Қазіргі уақытта Nur Otan партиясының атынан өз округіме әкім болу үшін сайлауға кандидатурамды ұсындым. Сайлау алды компаниямды жүргізіп, ауыл әкімі ретінде қызметімді атқарып отырмын. Әзірге басқа партиялардан үміткерлер ұсынылмады. Жақын арада олардың тізімі де белгілі болар, - деді Жарма ауданы, Шалабай ауылдық округінің әкімі Жанар Сәкенқызы.
Тарбағатай ауданындағы Шілікті ауылдық округінде әкімнің сайлауына екі адам өз кандидатураларын ұсынып үлгерді. Олардың бірі мектеп директоры, екіншісі жергілікті әкімдіктің маманы. 
- Менің мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілім 8 жыл, 2014 жылдан бері Nur Otan партиясының мүшесімін. Ауылдық округ әкімі болуға өз кандидатурамды ұсындым. Ауылдың тыныс-тіршілігімен, проблемаларымен жақсы таныс-пын. Егер мені қолдаушылар табылса, табысты қызмет атқарамын деген сенімдемін, -
дейді Шілікті ауылдық округі әкімдігі аппаратының жетекші маманы Қуаныш Төлеухан.
Сайлауда дауыс беруші тұрғындар таңдау жасау кезінде саналы түрде шешім қабылдап, ауылдың, өз мүдделерін бірінші орынға қоюы керек. Ал ауылдық округ әкіміне сайланушы кандитат ауылдың проблемасын біліп қана қоймай, оларды шешудің нақты жолдарын ұсынып, халқына жақын болғаны абзал. 

Ауылдық округ әкімдерінің сайлауы - үлкен бастама алдындағы дайындық іспетті. Себебі 2024 жылы аудан әкімдерінің сайлауын өткізу жоспарланып отыр. Биылғы сайлаудан кейін мемлекеттік билік жаңа сайлауға дайындықтарын бастайды. Сәйкесінше сайлау туралы заңнамаға өзгерістер енгізіледі. 


Загрузка...

Тақырып бойынша жаңалықтар

Устинка Live хабарландыруларын алып тұрыңыз