Өскемен
пасмурно
+11°
  • Өскемен
    +11°
  • Алматы
    +12°
  • Астана
    +8°
  • Ақтөбе
    +15°
  • Актау
    +19°
  • Орал
    +17°
  • Қарағанды
    +8°
  • Көкшетау
    +10°
  • Қостанай
    +12°
  • Қызылорда
    +17°
  • Павлодар
    +9°
  • Петропавловск
    +8°
  • Тараз
    +11°
  • Туркестан
    +14°
  • Шымкент
    +14°
$
448.89
+0.08
477.93
+1.11
¥
62.02
+0.02
4.76
-0.01
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Аян Қалымбек
Ақпарат көзі:
Устинка

Елімізде баспана бағасы тағы да қымбаттады

Өз жерімізде үйсіз-күйсіз жүрген сол баяғы өзіміз

Кешегі кең жазира даланың ойын да, қырын да емін-еркін жайлаған, ағаш пен киізден құралған бір-бір баспанасын түйеге арта салып шартарапты шарлаған көшпенді бабаларымыз ештеңеден таршылық көрмей, ешкімге кіріптар болмай неткен бақытты ғұмыр кешіп кеткен!

Қазір құдайға шүкір, ту, елтаңба, әнұраны бар жеке дара мемлекетпіз, зәулім ғимараттар салынған үлкен қалаларда тұрамыз, төрт дөңгелекті темір тұлпар тізгіндеп кең даңғылдармен заулаймыз. Бірақ неге өз жерінде өмір сүріп жатқанына аттай 30 жыл болса да, қазақ байғұс баспанаға бір жарымай-ақ қойды?!

Бүкіл әлемді дүрліктірген пандемия 2020 жылы Қазақстанның да босағасынан аттап кірді. Шағын және орта кәсіптер тұралап қалды, көпшілігі тоқтады, жабылды. Азық-түліктің бағасы аспанға бірақ шықты. 2021-ге әупірімдеп аман-есен жетіп жағдай оңала ма дегенде, доллармен бірге киім-кешек, жанармай, автокөлік және баспананың да бағасы көтеріліп кетті.

Үй де, пәтер де, жер де 15%-ға қымбаттады


Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020 жылы жаңа үйлердің бағасы 5%-ға өссе, 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында 4,2%-ға жоғарлаған. Қайталама нарықтағы пәтерлерге де (вторичный) ұсыныс пен сұраныс жоғары. 2020 жылы мұндай баспаналар 13,2%-ға қымбаттаса, 2021 жылдың басында баға бірден 8,2%-ға көтерілді. Елімізде жаңа салынған көпқабатты үйлердегі пәтердің бір шаршы метрі орта есеппен 322 968 теңгеге бағалануда. Бұған нарықтағы доллардың бағамы да әсер етпей қоймайды.
- Егер де инфляция болып, теңгенің құны төмендеп, керісінше доллардың курсы өсетін болса, баспананың бағасы да автоматты түрде қымбаттайды, - дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Ranking.kz сарапшылары Қазақстандағы халықтың жан басына шаққандағы орташа табысы көрсетілген статистикаға зерттеу жүргізді. 2020 жылдың соңғы үш айындағы орташа табыс мөлшері 2019 жылмен салыстырғанда 12,9%-ға артқан, яғни 125 400 теңгені құраған. Ең төменгі табыс оңтүстік өңірлерде тіркелді, оның ішінде Түркістан мен Шымкент облысында. Ең жоғарғы жалақы Атырау облысына тиесілі болса, одан кейінгі тізімде Нұр-Сұлтан және Алматы қаласы тұр. Өскемен қаласы да пәтерлердің қымбаттауы жағынан республикадағы алғашқы бестікке кіреді.

2018 жылға дейін елдің жалпы шығыс аймағында пәтер мен үй бағалары біршама арзандаған болатын. Өйткені көрші Ресей еліне қоныс аударғандар саны көбейді де, теңгенің құны біршама азайды. Халықтың қалтасында қолма-қол қаражат болмаған соң, пәтер мен үй бағалары амалсыздан күрт төмендеп кетті. Сол кезде облыс орталығында 1980 жылдары салынған екі бөлмелі үйлер 8,8-9,5 миллион теңгенің аралығында сатылды. Ал қаланың ортасындағы тыныш әрі таза аудандарда орналасқан дәл осындай пәтерлер 10-11 миллион теңгеге дейін бағаланды.
2019 жылы Өскемен, Семей шаһарларындағы баспананың орташа өсімі 1,2-2,3 пайызды құрады. Яғни, тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 175 000-195 000 теңге аралығында болды. Бірақ республикалық мамандар жүргізген сараптамаға сүйенсек, дәл осы жылы ең арзан пәтер бағасы Шығыс Қазақстан облысында тіркеліпті: 7,5 миллион теңге.

2020 жылы Krisha.kz сайты жүргізген рейтингтің нәтижесі бойынша ШҚО-да бір және үш бөлмелі пәтерлердің орташа бағасы: 10,1 млн, 14,9 млн және 18,6 млн теңгеге жетті.

Бағаның өсуі зейнетақы жинағына байланысты


Биыл Қазақстан бойынша пәтер бағасы 15 пайызға өсті. Барлық негізгі ірі қалаларда бой көтеріп, салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің бастапқы құнын тек мемлекет қана арзандата алады. Ол үшін үкімет коммуникациялар тартуға қаржы бөлу қажет. Тәуелсіз бақылаушылар да жаңа пәтерлердің бағасы удай қымбат екенін айтып келеді. Үйлердің бағасын құрылысты салатын мердігер компания немесе тапсырыс берушілер тағайындайды. Оған ортадағы алыпсатар делдалдардың сомасын қосыңыз. Соның кесірінен пәтерлердің құны да жасанды түрде қымбаттап жатыр.

Естеріңізде болса, ағымдағы жылдың басында ғана Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев баспана бағасының шарықтауына тосқауыл қоюды тапсырған болатын. 2021 жылы 2 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалануға қатысты заңға қол қойды. Бірақ билік зейнетақы қорының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін халыққа бере алмай жатыр. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы зейнетақы жинағын мақсатты пайдалану бағдарламасы үй мен пәтер бағасының көтерілуіне әсер етеді.

Өскеменде енді 9,6 миллион теңгеге су жаңа жер үй сатып алуға болады. Олардың сәулеттік стилі де біркелкі: бірыңғай қызыл кірпіштен тұрғызылған. Әйтсе де, енді-енді үлкейіп келе жатқан ауылдың атауы әзірге жоқ. Былайғы жұрт 28-ші шағын аудан деп айтып жүр. "Нұрлы көш" бағдарламасымен қоныстанған қандастарға арнап салынған Шығыс кентіне қарама-қарсы, Өскеменнен Семейге шығатын жолдың сол жақ бетінде орналасқан. Салынған үйлердің 80, 100, 130 шаршы метр болатын үш түрі бар. Бір шаршы метрінің бағасы 120 000 теңге. Бір артықшылығы немесе кемшілігі: бұл үйлерді "Отбасы банкі" арқылы несиеге ғана алуға болады. Қазір жоспарланған 54 үйдің жетеуі салынған. Мұнда тағы 50 үй салынбақшы. Оларды жеке құрылысшылар салып жатқандықтан бағасы да жоғарырақ болмақ.

Кішітаудың үйлерінің саны бар, сапасы жоқ


Өскеменнің оңтүстігіндегі ЖМК аталатын ауданда тауды бөктерлей салынған қызылды-жасылды, көкті-сарылы тұрғын үйлер көп. Сәні мен салтанаты келіскен ғимараттарға сыртынан қарап тамсансаңыз әдемі-ақ! Бірақ солардың көбінің сапасы сын көтермейді. Бірінің төбесінен су ақса, бірінің қабырғасы жарылады. Осыдан он бес күн бұрын, 21 сәуірде Бауыржан Момышұлы көшесіндегі №14 үйдің 4-5-ші қабаттары арасындағы сайдинг қаптамасы жарылып, ішіндегі заттардың бәрі далаға шашылды да қалды. Сондағы пәтер иелерінің айтуынша, қыс бойы бөлмелеріндегі температура 18 градустан жоғары көтерілмей қойған. 2010-2011 жылдары қолданысқа берілген Қазыбек би, 7/4, 7/3 мекенжайындағы екі үйдің сыртындағы керамикалық плиталары жел соқса болды, жерге ұшады. Былтыр 30 сәуірде төбеден құлаған қаптама тастың бірі оқушы баланың аяғына түскен. Көкжал Барақ көшесі, №2/2 үйінің де сыртқы қабырғасы қақ айрылып, ішіндегі темірлерінің көрініп тұрғанын, қабырға жарықтарынан жел соғатынын айтып, сол үйдің бір тұрғыны ұялы телефонына түсіріп, желіге жүктеген болатын. Бұлардың барлығы да Өскеменнің сәулетіне айналып келе жатқан ықшам аудандардағы жаңа тұрғын үйлер.

Арзандағанша шыдайық


Сол үшін Есенберлин, әл-Фараби, Уәлиев, Көкжал Барақ, Момышұлы, көшелеріндегі тұрғын жайлардың жаңа болса да сапасыз, тұрмысқа қолайсыз баспаналарын алғанша, 2008-2014 жылдары қызыл кірпіштен салынған биік, әдемі үйлердің кең, жақсы пәтерлерін алған артық.
- Екінші деңгейлі тұрғын үйлердің бағасына тоқталар болсақ, ол әрине сатушының нарығына тәуелді. Баспана мәселесі бірінші кезекте тұрғаннан кейін үй сататын адамдар молырақ пайдаға кенеліп қалғысы келеді. Менің ойымша, аз уақыт тоса тұру керек. Уақыт өте келе нарық өзінің бұрынғы қалпына оралады деп ойлаймын, - дейді "Отбасы банкі" АҚ басшысы Ләззат Ибрагимова.

Бағалар бағамы:

  • Қазыбек би даңғылы, 42 мекенжайындағы "Рахат" тұрғын үй кешеніндегі 3 бөлмелі пәтер - 40,7 миллион теңгеден жоғары. Бір шаршы метрі - 185 000 теңге.
  • Алматы көшесіндегі 960 жылы салынған үйдің 3 бөлмелі пәтері - 15 миллион теңге.
  • Славский жағалауындағы 1977 жылы салынған №22 үйдегі 3 бөлмелі пәтер құны - 30 миллион теңге тұрады.
  • Назарбаев даңғылындағы үйдің 3 бөмелі пәтері - 14,5 миллион теңге.
  • 2018 жылы пайдалануға берілген Жібек жолы, 3 мекенжайындағы 2 бөлмелі пәтер - 22,5 мил-лион теңгеге бағаланған.
  • Сәтпаев көшесі, 16 үйдегі 2 бөлмелі пәтер - 16,4 миллионға сатылады.
  • Қабанбай батыр көшесі №78 үйдің 2 бөлмелі пәтері - 19,9 миллион теңге.
  • Михаэлис көшесіндегі 1972 жылғы үйдің 2 бөлмелі пәтері - 12,3 миллион тұрады.
  • Өтепов көшесіндегі 1988 жылы салынған үйдегі 1 бөлмелі пәтер - 12,5 миллион теңгеге бағаланған.
  • Добролюбов көшесіндегі үйдің 1 бөлмелі пәтері - 8,5 миллион теңгеге сатылады.
  • 1986 жылы салынған Үлбі өзені жағасындағы 9 қабатты үйдің 1 бөлмелі пәтері - 7 миллион теңге тұрады.



Следующая →