Өскемен
пасмурно
+11°
  • Өскемен
    +11°
  • Алматы
    +10°
  • Астана
    +3°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +7°
  • Орал
    +2°
  • Қарағанды
    +4°
  • Көкшетау
    +3°
  • Қостанай
    +1°
  • Қызылорда
    +9°
  • Павлодар
    +6°
  • Петропавловск
    +2°
  • Тараз
    +8°
  • Туркестан
    -3°
  • Шымкент
    +7°
$
448.15
-1.43
483.46
-3.48
¥
61.99
-0.23
4.86
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО
Ақпарат көзі:
Устинка

Қос ішектен шыққан үн әлемді қайран қалдырады

Шетелдіктер қазақтың домбырасын ерекше құрметтейді

"Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы - күй", - деп заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов жазып кеткендей, күйдің тереңдігін, күйдің кемеңгерлігін ұғына білу қазақ халқына Тәңірдің берген үлкен сыйы шығар. 

Осы орайда қазақтың күйінің киесін ұғына білген жас күйші, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, "Мен - Қазақпын" ұлттық тележобасының қатысушысы Дарын Құдайбергеновпен күй өнерінің бүгінгі тынысы жайлы сөз қозғадық. 

Дарын Құдайбергенов - 1996 жылы 5 қазанда ШҚО Семей қаласында дүниеге келген. 2012 жылы Семей қаласы Шәкәрім атындағы мектеп гимназиясының негізгі орта білімді тәмамдап, Нұр-Сұлтан қаласы Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы колледжіне "Домбыра" мамандығы бойынша оқуға түседі. 2020 жылы Қазақ Ұлттық өнер университеті "Домбыра" мамандығы бойынша оқуын сәтті аяқтап, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы филармониясы "Сарыарқа" фольклорлық ансамблінің күйшісі. Халықаралық "Шабыт" байқауының бас жүлдегері. Халықаралық және Республикалық конкурстардың лауреаты.

Өнер - бетегі фотолар Д. Құдайбергеновтің жеке мұрағатынан (5).jpg



Ұлттық өнердің бұл түрін таңдауыңызға не түрткі болды? 

- Өнерлі отбасында дүниеге келгендіктен өнерден алыс болдым деп айта алмаймын. Әкем дәстүрлі әнші, анам да әнші. Сол кісілердің қанымен дарыған-ау шамасы. Кішкентайдан домбыра ұстап, әнді тыңдап өстім. Әкем ән шырқағанда қарап қасында отыратынмын. Қабілетімді байқаған ата-анам 3-сыныпқа келгенде қалалық музыкалық мектепке "Домбыра" сабағына берді. Сол кезден күйге деген қызығушылығым артып, жан-тәніммен осы өнерге бет бұрдым. Сөйтіп түрлі қалалық, облыстық конкурстарға қатыса бастадым.

Соңғы қатысқан Кетбұға би халықаралық күйшілер байқауында бас жүлдені қанжығаладыңыз. Байқауларға қатысу күйшіге не береді? 

- Ең бірінші, байқауларға қатысу арқылы тәжірибе жинақтайсың. Жаңа күйлер жаттап, күй қоржыныңды толықтырасың. Халықаралық байқау болса, әр елден түрлі күйшілер келеді. Әртүрлі сарында күй шертеді. Шыңдалуға көп септігін тигізеді. Әрине байқауларда қомақты ақшалай сыйлықтар да болады. Бастысы тәжірибе жинап, халыққа өнеріңді паш ету. Күй өнерінің дамуына осындай байқаулардың болуы орасан көмек тигізеді деп санаймын. Әр күйшіге танымал болуға жол ашады. Тыңдарман қалыптастыруда да үлкен рөл атқарады. 

Күйші үшін домбыраның сапасы, дыбысы, құрылымы аса маңызды. Осы ретте қасиетті аспап туралы айта кетсеңіз. Қалай таңдайсыз, кім жасайды дегендей?

- Әр домбырашы өз домбырасын арнайы тапсырыспен жасатады. Менің домбырамның негізі қайың ағашынан, беті шыршадан жасалған. Семейлік Төлеуғазы Әшіров деген шебердің қолынан шыққан. Әлі күнге дейін байқаулар мен концерттерге сол домбырамды арқалап шығамын. Домбыра таңдауда ең бастысы жасалған ағашы мен дыбысына баса мән беру керек. Негізінен домбыраны жасауға 3-4 түрлі ағаш пайдаланылады. Үнінің таза шығуы жасайтын шебер мен материалға байланысты. 

Сіз шетелдерге жиі шығасыз. Шетелдік көрермен күйді қалай қабылдайды? 

- Студенттік кезімізден университет атынан Лондан, Париж, Нью-Йорк, Берлин, Стамбул, Пекин, Прага сынды көптеген әлемнің түрлі қалаларына гастрольдік сапарлармен бару бұйырды. Шет елде қазақтың домбырасын өте жақсы қабылдайды. Олар классикалық музыкадан шаршаған. Қазақтың домбырасына, дәстүрлі әні мен күйіне таңырқай қарайды. Концерттердің барлығында зал көрерменге лық толы болып, қошеметтерін аямайды. Халық домбыраның үнін естігенде "екі ішектен қалай мұндай үн шығады?" деп таң қалады. Қазақтың өнеріне деген ыстық ықыластары бірден көрініп тұрады. Кейбір концерттерде тіпті қошеметтеп, қостап тағы күй шерткенімізді қалап тұрады. Біздің өнерге деген құрмет ерекше. Бұл жылдан жылға артып келеді. Күй деген басқа ұлтта жоқ. Домбыраға үн біткізген күй қашанда биікте қалады деген сенімім мол. 

Өнер - бетегі фотолар Д. Құдайбергеновтің жеке мұрағатынан (6).jpg

Қазірде домбыраны эстрадамен импровизациялау кең етек алды. Домбыра өз үнін жоғалтып алмай ма? 

- Заманауи өңделген күй көрерменнің сұранысына ие. Қазір жақсы танылып жүрген жас таланттар көп. Домбыраны эстрадаға қосу шетелге, әлемдік аренаға шығуға мүмкіндік береді. "Ұлытау" тобы, Асылбек Еңсеповті ең алғаш өңделген күйлердің орындаушылары ретінде білетін шығарсыздар. Шет елдің түсініксіз әнін тыңдағанша, күйіміздің заманауи өңделген түрін неге тыңдамасқа? Домбыраның үні өзгермейді. Жақсы шығарма таңдап, сәтті өңделсе, заман ағымымен ілесіп жүруде тұрған ештеңе жоқ деп есептеймін. Бірақ өз басым күйді таза домбырамен орындағаннан ләззат аламын.

Өзіңізді шығыстың тумасы болғандықтан Алтай күйшілік мектебінің өкілімін деп санайсыз ба? 

- Университет қабырғасында бізге бүкіл жеті мектептің күйін үйретті. Әзірше бүкіл мектептің күйін тартып жүрміз. Репертуарымдағы күйлер әртүрлі мектептен алынған. Сондықтан аралас мектептің күйшісімін деп есептеймін. Белгілі бір күйшілік мектепті дәріптеу үшін халық естімеген күйлерін іздеп, үйрену керек. Алтай күйлернің ерекшелігі - күй домбыра мен сыбызғыға қатар шығарылған. Яғни, күйді екі аспапта да орындауға болады. Күйі мен шерту әдісіне қарай бөлінген мектептердің ішінде шығыстың орны ерекше. Болашақта ізденіп, зерттеп осы мектептің күйлерін орындаймын деген ниет бар. 

Қазақстанда күйшілік өнерге, күйшілерге қаншалықты қолдау жасалады?

- Күй - көне замандардан күні бүгінге дейін халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ең киелі де қастерлі, сырлы да сұлу өнер. Елімізде күйшілік өнерге аса қатты қолдау көрсетіледі деп айта алмаймын. Иә, байқаулар өтеді. Мәдениет министрлігінің қомақты қаржы бөліп ұйымдастыратын байқаулары өтеді. Мемлекет тарапынан көрі ұлттық өнердің жанашырлары, мықты кәсіпкелерден қолдау көбірек көрініп жатады. Күй өнері шексіз. Күйдің өз тыңдаушысы, оны жанымен ұғып, бағалайтын өнерсүйер кауымы барда күй жоғалмайды деп есептеймін. Сондықтан да қазіргі заманда жастардың бойына осы рухани байлығымызды жеткізе білу күйшілердің парызы.

Өнер - бетегі фотолар Д. Құдайбергеновтің жеке мұрағатынан (4).jpg

Шығыс өңірінде күйшілік өнерді дәріптеп жүрген тұлғалардан кімді атар едіңіз?

- Шығыс Қазақстаннан шыққан дәстүрлі күйшілер - Байжігіт, Бейсембі, Жүнісбай Стамбайұлы, Шақабай Шалап батыр, Сақбике, Терістаңбалы Мүкей, Раздық, Шотайбай, Масығұт, Бейісбай, Әшім, Бағаналы Саятөлекұлы, Ғабдылхақ Барлықов, Таласбек Әсемқұлов, Жарқын Шәкәрімов, Білал Ысқақов, Тұрсынғазы Баяқов, Қазен Әбуғазин, Қабікей Ақмерұлы сынды тұлғалар бар. Қазіргі кезде бұл мектептің ізін жалғастырып жүрген азаматтар ретінде - Секен Тұрысбеков, Мұрат Әбуғазин, Мұқаш Таңғыт, Еркін Ерген, Ертай Барлықов, Әсет Дәненов, Анар Кітапова сияқты дарынды күйшілерді атай аламыз.

Болашақта қазақтың қара домбырасын үйретіп, шәкірт тәрбиелеу жоспарыңызда бар ма? 

- Иә, әрине. Бірақ шәкірт тәрбиелеуге тәжірибе жинақтап, осы өнердің майталманы болғанда ғана кірісу керек сияқты. Әр дүние уақытымен ғой. Бұйырса, магистратурамды ойдағыдай тәмамдап, тағы біраз ізденуім керек. Қазірдің өзінде сабақ алғысы келетін адамдар бар. Болашақта әрине күй өнерін жас ұрпаққа насихаттап, оны мұра қылып жеткізуге атсалысамын деген үміттемін. Абай атамыз айтады ғой "Болмасаң да ұқсап бақ" деп, Алланың қалауымен ұстаз атанатын күн де алыс емес шығар. Әзірше бар білімді бойға сіңіріп, күйшілік өнердің жілігін шағып, майын ішіп, ұлттық өнерді дамытуға өзіндік үлесімді қосу - мақсатым. 
Следующая →