Өскемен
пасмурно
+11°
  • Өскемен
    +11°
  • Алматы
    +10°
  • Астана
    +3°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +7°
  • Орал
    +2°
  • Қарағанды
    +4°
  • Көкшетау
    +3°
  • Қостанай
    +1°
  • Қызылорда
    +9°
  • Павлодар
    +6°
  • Петропавловск
    +2°
  • Тараз
    +8°
  • Туркестан
    -3°
  • Шымкент
    +7°
$
448.15
-1.43
483.46
-3.48
¥
61.99
-0.23
4.86
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Аян Қалымбек
Ақпарат көзі:
Устинка

ШҚО-да футболдың дамуына не кедергі, кім кінәлі?

Жас футболшыларды дайындауға бюджеттен 600 миллион теңге бөлінсе де, балалардың жаттығу жасауларына ешқандай мүмкіндік жоқ

Тәуелсіздіктің ордалы 30 жылын тойлап жатқан, ширек ғасырдан астам уақыт ішінде жеткен жетістіктерін жіпке тізіп мақтанатын Қазақстанды дүниежүзіне танытқан, әлемге атымызды әйгілеген саланың бірі әрі бірегейі спорт десек, жаңылып қате айтқанымыз емес. 

Бокс, күрес, мәнерлеп сырғанау, ережесіз жекпе-жек, көкпар, теннис, веложарыс секілді олимпиадалық және жекелеген спорт түрлерінен, дау жоқ, мықтымыз. Талай саңлақтарымыз дүбірлі додаларда қоржындарын алтынға толтырып, шаршы алаңда көк туымызды желбіретіп жүр. Бірақ біздің қазақтың мандытпаған, жетістірмеген бір нәрсесі бар. Ол - футбол. Ащы болса да, шындық осы, мойындауымыз қажет. Португалия мен Бразилияға жетеміз деп мемлекетіміз тыраштанады, Месси мен Роналду боламыз деп балаларымыз жанталасады. Аяқдопты дамыту мақсатында деп жыл сайын қазынадан миллиондаған, миллиардтаған қаражат бөлінеді. Халқы көп шаһарларда үлкен футбол стадиондары салынып, ареналар ашылғанымен футбол үшін "күйіп-пісіп, өліп-тіріліп" жүрген Еуропадағыдай қаумалаған жанкүйерлерді көрмейміз. Қазақстан құрамасында өнер көрсететін ойыншыларды қыруар қаржыға шет елден алдыратыны аздай, елдегі футбол клубтарына мүше жап-жас балалардың үкіметтен жалақы алатынын оқырманның бірі білсе, бірі білмес.

"Алтайда" шу шықты, жағдай ушықты


Наурыз айы аяқталуға таяғанда Өскемен қаласындағы "Алтай" футбол орталығында шу шықты. Аталмыш клубта тәрбиеленуші балалардың ата-аналары наразылықтарын білдіру үшін баспасөз өкілдерін шақырып, кездесу ұйымдастырды. Олардың айтуынша, жас футболшыларды дайындауға бюджеттен 600 миллион теңге бөлінсе де, балалардың жаттығу жасауларына ешқандай мүмкіндік жоқ екен. Жасөспірім жеткіншектер облыс орталығындағы футбол стадионына кіре алмай, саябақтағы алаңды жағалап, Ертіс өзенінің жағалауын аралап жүр.
- Күзден бастап сәуірге дейін барлығы кішкентай спорт залдарында дайындалады. Ал енді жаз мезгілінде 3-4 ай кең жерде көсілуге мүмкіндіктері бар еді. Биыл балалар соның өзіне зар болып, мүмкіндіктен айырылып қалайын деп тұр, - дейді жас футболшылардың бірінің анасы, қала тұрғыны Гүлназия Садықова.
Шығыстың бас шаћары Өскеменде 500-ге жуық жас футболшы бар. Олардың басым көпшілігі "Алтай" футбол клубының оқушылары. Жаттығулар өтетін спортзалдың ақшасын осы қыста ата-аналар өз қалталарынан төлеген. Нау-рыз айынан бастап балалар қалалық үлкен алаңда жаттығатын, бірақ биыл ол жерге кіруге рұқсат жоқ болып шықты.
- Түптеп келгенде облыстық "Алтай" командасының футбол ойнайтын жеке алаңы да жоқ. Мына стадионды олар жалға алады. Тәрбиеленушілердің әке-шешелері көп жарысқа балаларымызды өзіміз апарамыз деп ашулы әрі ренжулі. Спорттық киім мен керек-жарақтарды өздері сатып алады. Аймақ бюджетінде футболды дамытуға қомақты қаржы қарастырылса да, бөлінген ақша тендердегі ашық байқау әдісімен беріледі, - дейді Айдар Сахариев есімді қала тұрғыны.

Жаттықтырушылар жалақы ала алмай жүр 


Журналистермен өткен таңғы жиынға ата-аналармен бірге бапкерлер де келді. Алайда қабақтары салыңқы, көңіл-күйлері жабырқау жүрді. Сөйтсек, жаттықтырушылар да жаңа жылдан бері жалақы алмаған көрінеді.
- Байқаудың құны шамамен 600 миллион теңге. 2019-2020 жылдары тендерді Шығыс Қазақстандағы "Алтай" футбол клубы" ЖШС ұтып алған болатын. Биылғы байқаудың шаралары әлі өтіп жатыр, - деген түсініктеме берді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының мемлекеттік сатып алу жөніндегі менеджері Азамат Қалиев.
Өскемендегі футбол бапкерлері жас жеткіншектерді аяқдоп спортына баулып қана қоймай, солар ойнап жаттығатын алаңның қарын да өздері аршып тазалайды. Басқа амал жоқ. Тендерді ұта алмай жатқанда қар күрейтін техника қайдан келсін.
- Еңбекақымыз соңғы 3 айдан бері қолымызға тимеді. Жалпы, бұған дейін де жыл басында үнемі кешіктіріп беретін. Өз ісімізді жақсы көргендіктен күтіп, төзіп келеміз. Өз басым мына стадионда 9 жасымнан жүрмін. Сондықтан басшылықтың "тендерді ұтып алайық, шыдай тұрыңдар" деген сөзін түсінуге тырыстық. Бірақ биыл жағдай тіпті қиындап кетті, - деп мұңын шақты "Алтай" футбол клубының жаттықтырушысы Андрей Пустовалов.
Жуырда футболдан жастар арасындағы республикалық біріншілік басталады. Соған орай жаттығу сабақтарын жиілете түскен алтайлық жас спортшылар саябақтағы спорт алаңқайындағы дайындыққа бірі қалмай келіп жүр. Әйтсе де көңіл түкпірлерінде аймақ намысы сынға түсетін аламаннан құр қаламыз ба деген күдік пен күмән басым болып тұр.

Назар аудартып айта кететін тағы бір маңызды мәселе бар. Өскенде аяқдоп шебері боламыз деген Өскемендегі өрендер осы уақытқа дейін мини футболға дайындалған. Өйткені дала суық, стадионды қар басқан. Ал біздің шаһарда жабық аяқдоп алаңы атымен жоқ. Үлкен футбол мен кіші футболдың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Бірақ көктем туысымен құлшынып, "бұйырса барамыз" деп дайындалып жатқан жастар арасындағы біріншілік - үлкен футбол түрінен өтпек. "Олар қалайша қыс бойы кішкентай ғана залда мини футбол ойнап жүріп, енді үлкен  жарысқа бара салады?" деп ата-аналардың да түсінбей әлек болып жатқан жайы бар.

Десе де,  облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері "Алтай" футбол орталығының мүлде жабылып қалмайтынын, бұл қиындықтар уақытша ғана екендігін айтып, жиналған жұртшылықты сабырға шақырып, клубтың жұмысы тоқтамайтынына сендірді. 

"Бәріне шенеуніктер кінәлі"


Бес жүз жас футболшының ата-анасы Өскемендегі футбол дамымай, өркендемей, кері кетіп жатқанына шенеуніктерді айып-тайды. Расымен де, қажетті жабдықтардың тозығы жеткен, бірыңғай форма жоқ, алаңдар тазартылмаған. Ал тендердің кесірінен қаржыландыруда үнемі қиындықтар пайда болады да тұрады. Осыдан бірнеше жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 2015 жылы облыс әкімі Өскемен тұрғындарына футболды жоғары деңгейге көтереміз деп уәде беріп, тіпті испандық жаттықтырушыларды шақырған. Айналдырған 3 жылдың ішінде футбол академиясы жабылып тынды. Бюджет игерілді, футбол күйреді. Енді "Алтай" клубының жаттықтырушылары мен балалардың ата-аналары спорт киімін өз қаражатына сатып алуға, жаттығу үшін спорт алаңдарын іздеуге, алаңдарды тазартуға және жол шығындарын өздері көтеріп алуға мәжбүр.

Қазір жас футболшылар Қазақстан чемпионатына спартандық жағдайда, жүйке жүйелерін тоздыра отырып дайындалып жүр: бұйырған жерде жаттығады, далада киім ауыс-тырады, шығынның барлығы әке-шешелерінің мойнында.
- Менің ұлым - қақпашы. Балама екі айда бір рет спорттық аяқ киім мен шалбар аламын. Мәселе кеткен ақшада емес. Қандай қаражат болса да беремін. Тек футбол клубы жабылып қалмаса екен, - дейді жас футболшының анасы Татьяна Бахолдина.
Тиісті мекемелерге, жауапты басшылыққа жаттықтырушылардың да өкпесі қара қазандай.
 - Шынымды айтсам, біз өзімізді айдалада қалғандай сезінеміз. Жаттығу залында оқып жатырмыз. Онымен қоймай, спортзалдың ақшасын ата-аналар төлейді. Тізім жоқ, жаңа форма жоқ. Ешқандай жағдай жоқ! Өткен қыс бойы стадионның қарын қолмен аршыдық. Жалақымызды да әлі берген жоқ, - дейді аты-жөнін айтқысы келмеген футбол бапкері.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының мемлекеттік сатып алу жөніндегі маманы Азамат Қалиев осы мәселе жөнінде министрлікке өтініш пен ұсыныс жіберілгенін, бірақ олардан әлі жауап келмегенін алға тартты. Сәуір айында футболдан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты басталады. Оған дейін "Алтай" футбол орталығының тағдыры қалай болатыны әзірге беймәлім. Өйткені облыстағы спортқа жауапты лауазымды тұлғалардың ешбірі де ресми түсініктеме берген жоқ. 

Балалары үшін уайымдаған аналарды қалалық әкімдіктегілер жұбатқандай болды.
- Сәуірде өтетін чемпионатқа біздің жас спортшылар бара ма, соны білгіміз келеді. Бәрінен бұрын қаржыны игеру ісі көп сұрақ туғызып тұр. Былтыр "Алтай" балалар футбол клубына 760 миллион теңге бөлінген. Пандемияға байланысты оның 130 миллионы алынған. Сонда қалған ақша қайда кетті? - дейді жас спортшылардың бірінің анасы Елена Чурикова.
Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Елдар Төлеубекұлы қаладағы барлық спорттық нысандар облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарайтынын айтты.
- Байқау тым ұзаққа созылып кеткендіктен ШҚО Футбол ассоциясының Президенті Владимир Головатюкке Қазақстан біріншілігіне қатысатын спортшылар мен жаттықтырушылардың тізімін сұрап хат жолдадық, - дейді Спорт басқармасының басшысы Досжан Уәлханов.
Облыстық Футбол федерациясы жауап хатта "шығыста жасөспірімдер командасы мен бапкерлері жоқ" деп басқарма өкілдерін де, ата-аналарды да таң-тамаша қылған. Бірақ Дос-жан Уәлханов "өскемендік жас аяқдопшылар ел біріншілігіне қатысады, шығынды басқарма өз мойнына алады" деп уәде берді. Ал алтайлықтарға алаң қардан толықтай тазартылғаннан кейін емін-еркін жаттыға берулеріне болады.

Следующая →
Тақырыптар: ШҚО Алтай ФК Қаржы