Өскемен
малооблачно
+4°
  • Өскемен
    +4°
  • Алматы
    +18°
  • Астана
    +5°
  • Ақтөбе
    +7°
  • Актау
    +8°
  • Орал
    +6°
  • Қарағанды
    +7°
  • Көкшетау
    +5°
  • Қостанай
    +4°
  • Қызылорда
    +16°
  • Павлодар
    +3°
  • Петропавловск
    +1°
  • Тараз
    +18°
  • Туркестан
    +3°
  • Шымкент
    +18°
$
450.07
-1.20
488.51
-0.62
¥
62.35
-0.34
4.86
-0.01
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Таунар Қайрат
Ақпарат көзі:
Устинка

Екі бірдей мүгедек жанға күтім жасау оңай емес

Адамның тағдыры өзгерейін десе бір-ақ сәт екен. Бүгін біз өмірдің бағынан бақыт іздеп барып, бақытсыз оралған арудың тағдырын баян етпекпіз. Айрандай ұйыған отбасыдан береке кеткелі 4-5 жылдың жүзі болды. Мәпелеген жалғыз гүлдерін болашақ жарына аманаттаған ата-ана қызғалдақтарының дәл осылай соларын ойлап па еді?! Таңғы сағат 10-дар шамасында күйеуінен зорлық көріп, есінен танған Ақмарал Нұрбекқызы 6-7 сағаттай ес-түссіз жатады. Соққының астына алған күйеуі кешкі сағат 17.00-дер шамасында ғана жедел жәрдем шақыртады

Ұландық Нұрбек Жакупов пен Алия Жакупова ұл мен қыз тәрбиелеп өсіреді. 2000 жылдары ауылда жұмыс болмағаннан кейін үй-жайын сатып, қалаға қоныс аударады. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған олардың арманы - немере-шөбере, жиендерінің қызығын көру еді. Өкінішке қарай, қартайғанда немере бағып, тіршіліктің зейнетін көрер шақта, тағдыр тәлкегі әлекке салып, бейнет көріп отыр.

Бата тимей, қата тиген

Кезекті бір дастархан басындағы отбасылық әңгіме... Кенет ұялы телефонға келген қоңырау жаңа ғана балбұл жайнап отырған ата-ананың жүзіндегі қуанышты әп-сәтте сейілтті. 
- Кешкі сағат 17.00 мөлшері еді. Жұбайым екеуміз жұмыстан келіп, дастархан басында немерелеріміздің қылықтарын айтып, күліп отырған едік. Кенеттен телефоным шыр етті. Күйеу балам екен. Шамасы қызым екеуі үйге қыдырып келгелі жатқан шығар деп ойладым. Бұрын үйге келер алдында осылай хабарласатын. Телефонды көтердім. Айтқанымдай күйеу балам. Күндегідей емес, даусынан ашу мен діріл байқалды. "Ақмаралды жедел жәрдем көлігі алып кетті" деді де, ештеңе айтпай телефонды қоя салды. Зәреміз ұшып зәр түбіне кетіп, ес жия алмай қалдық, - дейді Нұрбек Жакупов сол бір сәтті терең күрсіне еске алып.
Нұрбек Жакуповтың айтуынша, күйеу баласы Ақмаралды әбден соққыға жығып, талдырып тастапты. Таңғы сағат 10.00 мөлшерінде есінен танып қалған ол кешкі сағат 17.00-ге дейін есін жимаған. Ал күйеуі өзі оянар деген оймен жедел жәрдем шақырмапты. 
- Ауруханаға келсек, қызым жансақтау бөлімінде жатыр екен. Денесінде сау тамтығы жоқ. Көгала қойдай қылып сабапты. Біз қызымыздың 6-7 сағат бойы ес-түссіз жатқанын сонда ғана білдік. Шіркін егер дер кезінде әкелсе, бұндай жағдайға душар болмас еді. Дәрігерлер "Ақмарал ес-түссіз ұзақ жатып қалған. Сонымен бірге, ауыр соққы алған. Миға қан ұйып, зақым келген. Енді емделмейді" дейді. Содан бері қызым есін толық білмейді. Әйтеуір жаны ғана аман қалды. Ешкімді танымайды. Ауруханада ұзақ жатты. Тамағына қатты зақым келгендіктен өңешінен ас өтпей қойды. Өзіндігінен тамақтана алмағандықтан ақыры өңешін тесіп, түтікшемен тамақтандыратын болдық, - дейді Ақмаралдың әкесі көзіне ыстық жас алып.

"Он екі мүшесі сау еді"

Он екі мүшесі сау, жұмыс істеп жүрген қызының тағдырының аяқ асты бұлай болғанына әке-шешесі әлі сене алар емес. Жалғыз қызын көтеріп бармаған жері, баспаған тауы жоқ. 
- Қызымның мүгедек болып қалғанына 5 жылдай уақыт болды. Ем іздеп бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Бірінші күйеуімен дәм-тұздары жараспаған соң ажырасып кеткен. Одан бір бала қалды. Кейін екінші күйеуімен заңды түрде шаңырақ көтеріп, балалы болды. Жап-жақсы өмір сүріп жатқан. Тіпті күйеу баламды өзіммен бірге темір жолға жұмысқа орналастырдым. Ол кезде қызым қаладағы сауда орталықтарының бірінде сатушы болып жұмыс істейтін. Он екі мүшесі сау, жүгіріп жүрген. Ақыры екінші күйеуінің қатігездігінен мүгедек болып қалды. Ұрыс-керіс бұрын да бір рет болған. Ол кезде күйеуі ащысуға тойып алған еді. Кешіріммен қарадық. Қазір қызым 1-топтағы мүгедек. Бірінші күйеуінен қалған баланы ағуға шамамыз жетпегендіктен балалар үйіне тапсыруға тура келді. Арасында тәрбиешілері әкеліп көрсетіп тұрады. Бірақ қызым ауырғаннан бері өзінің баласын да танымайды. Ал екінші күйеуінен болған баланы жігіттің ата-анасы алып қалды, - дейді Нұрбек Айтпайұлы.

Әділдік іздеп ...

Қызының тағдырына ашынған әке әділдік іздеп құзырлы органдардың табалдырығын сан мәрте тоздырады. Тіпті прокуратураға екі рет арыз жазса да, олар жәбірленуші тарапынан түскен шағымды елеусіз қалдырыпты. 
- Күйеу балам қызымды соққыға жығып мүгедек қылып тастаса да, әлі бір қателігін мойындап кешірім сұрамады. Қолымен істегенін мойынымен көтеруі керек қой. Көшеде тайраңдап жүр. Прокуратураға екі рет арыз жаздым. Бірақ істі қарамады. Ауыздарын майлап тастаған сыңайлы. Әйтпесе адам өмірі оларға ойыншық па? Жай ғана жеңіл жарақат алса түсінер едік. Өмірлік мүгедек болып қалды. Құзырлы органдар оны неге жауапқа тартпайды? Әділдік қайда? - дейді Нұрбек Жакупов.
Нұрбек Жакуповтың жұбайы Алия Жакупова перзентінің бұл күйіне шыдамай, уайым жеңсе керек, ақыры ол да жарымжанға айналды. Бүгінде Нұрбектің зайыбы да 1-топтағы мүгедек.
- Алияның жүрегі бұрыннан ауыратын. Бұған дейін балабақшада жұмыс істеген. 2012 жылы ота жасаттық. Отадан кейін денсаулығы қалпына келіп жақсарып қалған болатын. Қызымыздың жағдайы әйеліме ауыр тиді. Бір күні Ақмаралды түтікшемен тамақтандырып отырып, уайымдап құлап қалды. Жедел жәрдем көлігімен алып кетті. Содан бері ол да сал болып қалды. Күні бүгінге дейін дәрі-дәрмектен қол үзбей келеміз. Әйелім де, қызым да осылай бірінші топтағы мүгедек. Дәрігерлер Алияны емдеуге болатынын айтты. Бірақ қомақты қаржы керек. Оны қайдан табамын. Ұлымнан сұрайын десем, оның өз отбасы бар, өзінен аспайды, - дейді отағасы.
Бұл отбасы бүгінде Өскемен қаласындағы жалдамалы жер үйлердің бірінде тұрып жатыр. Екі бірдей мүгедек адамды бағып-қағу ер адамға оңай емес екені белгілі. 
- Қазір қаладағы жалдамалы жер үйде тұрып жатырмыз. Басымда баспана жоқ. Айына 45 мың теңге ақша төлеймін. Екеуінің жәрдемақысы күнкөрісімізден аспайды. Оның үстіне қыстық отын-көмірің бар. Қазір көмірдің бағасы да удай қымбат. Десе де, өлместің күнін көріп отырмыз. Таяуда жұмыстан да шықтым. Әйелім мен қызым өздіктерінен жүріп-тұра алмайды. Дәретке де өздіктерінен бара алмайды. Олардың жанынан бір адам үзілмеуі керек. Тамақ істеп, кірлерін жуам. Күніне неше уақыт жаялықтарын ауыстырам. Сондықтан жұмыстан шығуыма тура келді, - дейді Нұрбек Жакупов.

Жалған уәдемен шығарып салған

Басы ауырып, балтыры сыздаған ол көмек сұрап қалалық әкімдікке келеді. Өкінішке қарай, әкімдіктегілер Нұрбек Жакуповты "Қазір карантин. Оның үстіне қала әкімі жиналыста. Бүгін босамайды. Бір-екі күнде өзіміз хабарласамыз" деген сөзбен шығарып салған. "Уәде құдай сөзі" деген, ал әкімдіктің "бір-екі күні" бірнеше айға сөзылып кетті. Енді ол қызметіне салғырт қарап, жалған уәде берген әкімдік қызметкерлерінен көмек болмаса, облыс әкіміне баратындығын ашып айтты. 
- Жуынатын жері жоқ үйде екі бірдей мүгедек адамды бағу оңай емес. Үйге дәретке отырғызып, далаға апарып төгемін. Басымызда баспана болса деймін. Жуықта Өскемен қалалық әкімдігіне барып әкіммен кездесейін деп едім. Алдымнан бір қызметкер шығып "Қазір карантин. Оның үстіне қала әкімі жиналыста. Бүгін босамайды. Бір-екі күнде өзіміз хабарласамыз" деп із-түссіз жоғалды. Әлі күнге дейін күтіп келемін. Жалған уәдемен шығарып салды. Үй кезегіне тұрғанмын. Әлі жылжымапты. Енді облыс әкіміне барамын, - дейді Нұрбек Жакупов.
Жалдамалы пәтерде күн кешкен жанұяның тағдыры осындай. Екі бірдей мүгедек адамды бағып отырған әкенің қайсарлығына біз де таң қалдық. Иненің жасуындай ғана үмітке иек артқан отанасының да төзімі теңіздей екен. Осы орайда бұл отбасыға көмек қолдарын созғысы келген азаматтар болса, газет редакциясына хабарласуларыңызды сұраймыз. 
Следующая →