Тарбағатайлық жастар бірліктің туын биік ұстады

Ерікті болу еріккеннің ісі емес, ердің - ісі. Ынтымақ пен бірлік елімізге келген індетті тойтаруға негіз болды. Тарбағатайлық жастар ауылдастарының алғысына бөленіп, қайырымдылық жасаудан көш бастап тұр
27 қараша 2020 года, 09:05 501 Таунар Қайрат
Новости Казахстана и регионов на сегодня. - Тарбағатайлық жастар бірліктің туын биік ұстады
Фото: © Аудан әкімінің парақшасынан алынды
Тұрғындарға қол ұшын созған жастарды ауылдастары туғанындай көріп кеткен. Себебі олар елдегі төтенше жағдай кезінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен жетім-жесір, ауру-сырқауларға және қарияларға қол ұшын созды. Жақсылық жасауға жарысатын өнегелі жастар, барымен бөлісіп, ортақ мақсатқа жұмыла атсалысуда.

Жастар жақсылық жасап жарысуда

Бірліктің туын биік ұстаған тарбағатайлық жастардың бұл ісі көпке үлгі. Аурудың асқынған шағында індетті ауыздықтауға өлшеусіз үлестерін қосып келеді. Нақты айтсақ, төтенше жағдай кезінде ауыл-аудандарға кіре берістегі санитарлық бекетте тұрған қызметкерлерді тегін тамақпен қамтамасыз етіп, бетперде таратқан. 
- Төтенше жағдай кезінде ауданымыздың жастары ерекше белсенділік танытты. Ауылда көбінесе орта жастан асқан адамдар тұрады. Сондықтан да жастар ауылдың қариялары мен көмекке мұқтаж жандарына қолдан келер көмекті аямайды. Бұл бастаманы аудандық жастар орталығы қолға алған. Қазір 17 ауылдық округте белсенді жастар бар. Олар арнайы парақшаға өз жеке байланыс нөмірлерін қалдырып, көмек сұрап хабарласқан адамдарға жәрдемдесіп келеді. Мысалы, дәріханаға, дүкенге бару немесе басқа да қолдың күшін қажет ететін жұмыстарға көмек сұрап хабарласады. Биылдың өзінде жастар асар жасап, тұрғынға үй салып берді, - дейді Тарбағатай аудандық жастар ресурстық орталағының контент менеджері Ерлан Бапанов. 

Call-орталық ашылды

Төтенше жағдай кезіндегі облыстық бас санитар-дәрігердің қаулысына сәйкес 65 жастан асқан адамдарға сыртқа шықпауға кеңес берілген. Осыған сай, аудандық әкімдік тұрғындарға қолайлылық тудыру мақсатында Call-орталық қызметін ұсынды.
- Ауданымызда 17 ауылдық округ бар. Бастамашы топтар белсенді жұмыс атқаруда. Тұрғындар еріктілердің көмегіне әсіресе көктем мен қыс айларында жүгінеді. Қыста көмекке мұқтаж жандарға отын-сулары мен көмірлерін тасып, кіргізіп береді. Сонымен қоса, олар төтенше жағдай кезінде санитарлық бекетте кезекшілік қызметте тұрған дәрігерлер мен сарбаздарды өз қаражаттары есебінен тамақпен қамтамасыз етіп отырды. Қазір ауданымызда Call-орталығы ашылды. Егде тартқан адамдар осы байланыс жүйесінің көмегімен жастармен байланысқа шыға алады. Бүгінде ауданда 130-дан астам ерікті бар. Бізбен бірге елге көмек қолын созғысы келетін жастар болса, құшағымыз ашық, - дейді Тарбағатай аудандық жастар ресурстық орталағының директоры Мират Асқарғалиұлы.
Оның айуынша, ауданда 20-дан астам еріктілер мен қайырымдылық тобы жұмыс істейді екен. Былтыр екі отбасы осы қайырымдылық қорлардың көмегімен басына баспана тіктеген. 
- Бізде 17 ауылдық округтен тыс "Барқытбел" жастары, "Біз біргеміз" жастары, мешіт жамағаттары және қайырымдылық қорлары бар. "Біз біргеміз" қайырымдылық қоры өткен жылы асар жасап, екі ауыл тұрғынына үй салып берсе, биыл "Қарекет" қоры арқылы бір кісіге үй алып берді, - дейді Мират Мұқышев.

Сегіз мың маска тіккен

Жастардың дені студенттер қауымы. Олар қысқа уақыт ішінде сегіз мыңнан астам бетперде тігіп, тұрғындарға тегін үлестірген. Әрине, жастар алақандай матадан маска тігіп, абырой жинаудан аулақ. Оларды тек "елге келген індет елімізден іргесін аулақ ұстаса екен" деген үкілеген үміт қана жебейді. 
- Біз осы бастаманы бастаған кезде тобымызда небары он шақты ғана адам болдық. Бірден барлығы жинала салмады. Десе де, біз өз мақсатымызды жүзеге асыру үшін ақырындап жұмысымызға кірістік. Қыста қар қалың түскендіктен қыс бойы ауыл жастары бірлесіп, тұрғындардың ауласын қардан тазарттық. Ауданымызда алғаш карантиндік шектеу шаралары енгізілгеннен кейін, бізге топтасып жүруге болмады. Бірақ жастар шектеу шараларын сақтай отырып, санитарлық бекеттерде тұрған қызметкерлерге күніне екі уақыттан екі ай көлемінде тегін тамақ жеткізіп отырдық. Елді індет жайлағанда біз де қолымыздан келгенін аянбадық. Нәтижесінде ерікті жастар бірлесіп, тұрғындарға сегіз мыңнан астам бетпердені тегін тараттық, - дейді "Барқытбел" жастары еріктілер тобының мүшесі Дарын Нәбидоллаұлы
Бастапқыда еріктілердің қарасы аз болғандықтан жастар кәсіпкерлерді де қолдау көрсетуге шақырған. 
- Ерікті ретінде ауылымыздағы кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелеріне барып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұштарын беруін сұрадық. Сөйтіп 7-8 дүкен иелері бастамамызға тілектестік танытып, азық-түлік берді. Сонымен бірге, биыл ауылдағы кәсіпкерлер және мешіт қызметкерлерімен бірлесіп бір отбасыға үй салып бердік. Қазіргі таңда тағы бір жанұяға баспана салып беруді жоспарлап отырмыз. Таяуда Семейдегі "Салауат" ұйымы үкіметтік емес ұйымдар арасында, байқау ұйымдастырып, грант бөлген болатын. Қуаныштысы сол "Барқытбел" жастары атынан байқауға қатысып, 500 мың теңге грантты қанжығалап қайттық, - дейді Дарын Нәбидоллаұлы

"Көзіме ыстық жас алатынмын"

Аудандағы еріктілер тек қайырымдылық жасаумен ғана шектелген жоқ. Рухани қазынамыздың да қазанын қайнатып жүр. 
- "Ниет" еріктілер тобында қазір 10-нан астам ерікті бар. Біз тек тұрғындарға қайырымдылық жасаумен ғана шектелген жоқпыз. Ұлттық ойындарды қайта жаңғыртуға да атсалысып жүрміз. Мысалы, қазақ күресі, көкпар, ләнгі ойнау. Қазақ күресінен аудандық көлемде жастар арасында алты салмақ бойынша күрес ұйымдастырдық. Сонымен бірге, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай "Абай - дана, Абай - дара" атты мерекелік кеш өткіздік. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дегендей, жастар бірлесе Ақжар ауруханасында ем қабылдап жатқан науқастарға ет, қымыз, сүт өнімдерін апарып бердік. Осындай қиын-қыстау кездерде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған жастарымыздың қолдау көрсеткеніне алғысым шек-сіз, - дейді "Ниет" еріктілер тобының жетекшісі Талант Оразайұлы.
Еріктілердің ерен еңбегіне ауылдастары да дән риза. "Қандай да бір көмекке мұқтаж болсақ, жастардың көмегіне жүгінеміз" дейді тұрғындар. 
- "Ниет" еріктілер тобына алғысым шексіз. Әрдайым ауыл тұрғындарына жәрдемдесіп келеді. Осы жастардың арқасында көмір кіргізіп, қар күреуден босатылдық. Жолдасым мүгедек. Сондықтан кей кездерде дала жұмысына үлгермей жататыным бар. Осындайда жастар қасымнан табылып қуантып жатады. Барлығы өз баламдай болып кетті. Тіпті, кейде шақырусыз-ақ өздері келіп, қолғабыс тигізіп жатады. Әсерленгенімнен көзіме ыстық жас 
алатынмын, - дейді ауыл тұрғыны Майгүл Сымағұлова.
Тарбағатайлық жастар бірліктің туын биік ұстады
Тарбағатайлық жастар бірліктің туын биік ұстады
Тарбағатайлық жастар бірліктің туын биік ұстады
Тарбағатайлық жастар бірліктің туын биік ұстады
Тарбағатайлық жастар бірліктің туын биік ұстады
Тарбағатайлық жастар бірліктің туын биік ұстады

Загрузка...

Устинка Live хабарландыруларын алып тұрыңыз