Өскемен
ясно
+14°
  • Өскемен
    +14°
  • Алматы
    +19°
  • Астана
    +8°
  • Ақтөбе
    +15°
  • Актау
    +15°
  • Орал
    +17°
  • Қарағанды
    +10°
  • Көкшетау
    +7°
  • Қостанай
    +9°
  • Қызылорда
    +21°
  • Павлодар
    +7°
  • Петропавловск
    +5°
  • Тараз
    +14°
  • Туркестан
    +14°
  • Шымкент
    +14°
$
448.56
+0.67
478.03
+1.25
¥
61.97
+0.08
4.79
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Аян Қалымбек
Ақпарат көзі:
Устинка

Қазақ ауа райын қалай болжаған?

Тоқсан тармақ тамырын табиғатпен тығыз байланыстырған ұлан-ғайыр атыраптың еркін жұрты көшіп-қонып жүріп-ақ табиғат-ананың тосынсыйын еш тосылмастан қарсы алған. Себебі, ертеңгі күн түгілі, алдағы апта мен айдың, ол аз десеңіз, жыл мезгілдерінің қандай болатынын болжап біліп отырған

Жер-анадан өзегін үзбеген қазақ халқы қоршаған ортаның тілін түсініп, табиғатпен етене жақын болған. Жортқан аң мен ұшқан құс, қыбырлаған жәндік пен қорадағы төрт түлік мал, аспандағы ай, жұлдыздар мен табиғат құбылыстары -
күн райын болжайтын бүгінгі күннің гидрологиялық-метерологиялық құралының рөлін атқарған.

Тіпті күн есептеудің тәсілдерін, болжап білудің дәстүрлі, халықтық әдістерін құпия ұстаған деседі. Қазір ғаламтор көзінен алдағы апта мен айдың ауа райын біле аламыз. Әйтсе де, жаңа заманғы анықтау құрылғылары кейде айтып келмейтін апаттардан сақтай алмай, сан соқтырып жатады. Ал қазақ ертеде тұтқиылдан тиетін табиғаттың тілсіз жауынан мал-жанын қалай аман алып қалып отырған деп таңқаламыз. Академик, ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбек "Қазақ әлемі" атты ғылыми-зерттеу еңбегінде осы ауа райы болжамдары жайлы да жазып кеткен. Назарларыңызға көшпенді халықтың ауа райын болжауға қатысты жорамалдарын ұсынамыз:



Дала аңдарына, құстар мен жәндіктерге қарап білу


Жыл құстары топтасып ұшса, жылымық күз ұзаққа созылады
Жыл құстары қайтқанда төмен ұшса, қыс қатты болады.
Қарға топтасып қарқылдаса, ауа райы бұзылады.
Бозторғай ұясын ойпаңға салса, жаз қуаң болады. Қыратқа салса, жаз жауынды болады.
Шағала ұшуын сиретсе, ауа райы өзгеріп бұзылады. Қатты шаңқылдап, мазасызданса, дауыл тұрады.
Қарлығаш әуелеп ұшса, күн жылы, жайдары болады. Аз ұшса, ауа райы құбылады.
Торғай қыстың күні ұясына жылылау үшін мамық тасыса, аяз қатаяды.
Торғай топтасып ұшып, бүріскен күйі сілкінсе, күн суытады.
Күз басталысымен сауысқан ескі үйлердің шатырларын аралап, шықылықтап кетсе, түсер қыс суық әрі қатты болады.
Түз құстары балапандарын жай кездегіден ерте өргізсе, қыс ерте түседі.
Түз құстары аз жұмыртқа салса, қыс қатты болмақ.
Құр мен шіл қыста қар астын қорғаласа, кешікпей-ақ боран болады.
Дуадақ жылы жаққа ұшпай қалса, қыстың жайлы болмағының белгісі.
Кекілік түсте жусамай, жайылып кетер болса, ақ жауын жауады деген сөз.
Қамыс торғайы мен қызыл қаз саздан соғатын ұясының іргесін биік етсе, жаз жаңбырлы болып, су көтеріледі.
Жарғабақтағы ұя биікке салынса, су тасқыны болтынын білдіреді.
Саңырау құр бұтаққа қонақтаса, тұман түседі деген сөз.
Шіл үйірін молайтса, қыс суық болады.
Суыр інінің аузын қораласа, көктемде су тасқыны болады. Ал ініне ерте жатса, қыс қатты болады, інінен ерте шықса, кешікпей күн жылынады. Суыр мезгілсіз жайылса, ауа райы бұзылады.
Қоңыр аю күзде бұлақ жағаласа, қыста қар жұқа түседі. Үйір құрып, сай саланы паналаса, ауа райы бұзылады. Егер аюдың бүйрек майы бітеу болса, қыста қар қалың түседі. Аю апанын биікке салса, көктем ерте шығып, су тасқыны болады.
Бұғы мүйізін шайқаса, ауа райы бұзылады. Күзде кеш шақырса, қыс жайлы болады.
Қыста киік, қарақұйрық өзеннің мұзын басып, солтүстік қапталына шықса, кешікпей күн жылынып, сең жүреді. Егер сексеуілді паналаса, боран болады.
Бөкендер үйір-үйірімен сай-саланы паналап жүрсе, қыс қытымыр болады.
Арқар ойға түссе, қыс қатты болмағының белгісі.
Арқар мен бұғы мүйіздерін ағашқа, тасқа жиі-жиі сүйкесе, күз ерте келіп, суық болады.
Қоянның бүйрегі майлы болса, қыс аязды болады.
Жаңбыр жауып тұрғанда ала тышқан шақырса, кешікпей 
жауын басылады.
Сұр тышқан шақыруын қойып інге тығылса, қар жауады.
Дала тышқандары шөп жинауға кіріссе, жауын жауады деген сөз.
Көртышқан ін қазғанда топырағын жақын үйсе, қыс қатты болады, алыстау үйсе, қыс жайлы болады. Көртышқан інін өзен жағасына жақын жерден қазса, жаз қуаң болады, егер алыстау қазса, жаз жауынды болады.
Су бетінде шабақ шоршыса, жауын күтіледі.
Көлбақа жағаға шығып, сазға бауырын төсесе, жаңбыр жауады. Көлбақа қыста құрқылдаса, қыс жайлы болады, жазда құрқылдаса, күн ыстығы көтеріледі.
Жылан жиі-жиі көрінсе, жауын-шашын болады.
Шегіртке шырылдауын тоқтатса, жаңбыр жауады дей беріңіз.
Жасыл шегіртке көбейіп кетсе, жаз қуаң болады.
Бөгелек жылқы бауырында ұшса, қыс жайлы болады, егер басына шығып ұшса, қыс қатты болады.
Көбелек жерге жабысып қонса, жаңбыр жауарының белгісі.
Батпақ бақалары кешке ұзақ бақылдаса, ернтеңгі күн өте жақсы болады деген сөз. Егер олар судан алыста бақылдаса күн жылы, ашық болады.


Табиғат құбылыстары бойынша

Күн құлақтанып батса, ауа райы оңалады. Құлақтанып шықса, ауа райы суытып, жауын-шашын болады. Күн көзін бұлт шалса, қыс қарлы, жаз жаңбырлы болады. Күн батарда көкжиектен қызыл арай шапақ шашса, ауа-райы жылынады. Күн мұнартып шықса, ыстық көтеріледі. Күн қызыл шапаққа оранып батса, ертеңінде ыстық болады.
Үркер суға түссе - күн 
жауынды болады, қырға түссе - құрғақшылық болады.


Үй жануарларына қарап білу

Жылқы жазда ыққа қарап жусаса, қыс қатты болады. Ішін тартса, ауа райы бұзылады. Оқыранып жусаса, боран соғады. Қыста ернін жыбырлатса, күн жылынып, қар суын ішеді. Жазда қырға шығып үйездесе, қыс қатты болады.
Қотандағы қой бір бағытқа қарап жусаса және тісін қайраса, ту сыртынан боран соғады.
Өрістен қайтқан қойдың езуінде шөп келсе, қыс аязды болады. Қой қораға емін-еркін кірсе, қыс жайлы болады. Тұяғымен төсін қасыса қар қалың түседі. Тісін қайраса, кешікпей боран соғады.
Қойдың жүні қобырап, дымқыл тартып тұрса, пысқырынса, жауын-шашын болады.
Қозы-лақ секеңдеп ойнаса, жауын күтіледі.
Қойлар сілкінсе, сүйкенсе, жамырап маңыраса, жаңбыр басылып, күн көзі ашылады.
Сиыр танауын тартып, мүйізін шайқаса, дауыл немесе боран болады.
Түйе пысқырса, боран соғады, ернін жыбырлатса, жылымық болады. Түйе сары ала күзден ықтаса, қыс қатты болады.
22 қазан күні мал бір жағына жайсыз жатып, мазасызданып шықса, сол жылғы қыс қатты болады. Түйе сол күні басын құбылаға қаратып, төрт аяғын төрт жаққа жіберіп ұйықтаса, қыс өте жайлы болады деп тұжырымдаған.
Ит пен мысық иіріліп, бұйығып жатса немесе тұмсығын баурына тығып ұйықтаса, жаңбыр жауады.
Мысық үйден шықпай қойса, күн суытады.
Тауық қораланып жер қопсыта берсе, күн суытады деген белгі.
Тауық жерге аунап, қанаттарын қағып, сілкініп тазалана бастаса, жауын жауады.
Жаңбыр сіркіреп тұрғанда тауықтар далада жем іздеп жүрсе, ақ жауын болып ұзаққа созылады.
Әтеш-тауықтың айдары қызарып, жүндері үрписе, күн суытып жаңбыр жауады.

Көкпекті ауданы Көкжота ауылының тұрғыны Ақылбек Әділғазыұлы өз ауылының ауа райын көбінесе қорадағы төрт түлік тұяқты малына және түндегі жұлдыздарға қарап болжайды.
- Түнде аспан самаладай жарық болып, жұлдыздар жарқырап тұрса, ертеңгі күн ашық әрі жылы болады деген сөз. Ал биылғы жазда бұрқасын жел, қара боран былтырғы жылмен салыстырғанда көп болмаған тәрізді. Соған қарап мен 2020-2021 қыс мезгілін жұмсақ және жайлы бола ма деп отырмын. Оған қоса, қазақша жыл қайыру бойынша есігімізден енетін сиыр жылы. Сиырдың мінезі мен болмысына қарап ырымдап сенер болсақ та, қыс қатты болмайды деп  ойлаймын, - дейді ол. 
Жаратқанның ғажайыбына шек жоқ қой, сірә! Қыбырлаған, жыбырлаған жәндіктерден бастап, екі аяқты, төрт аяқты мақұлықтарға шейін сәуегей қылып жаратқан. Сәуегей болмаса, қоршаған ортаның тосын құбылыстарына адамзаттан бұрын қамдана ма? Айналадағы тіршілік иелерін қазақ қалай бақылап отырған деп ойлануыңыз мүмкін. Түк бітірмей, ертеден кешке дейін осыларды аңдып, ауа райын болжап, бүгінгі синоптиктердің қызметін біреу атқарған ба дейсіз ғой?! Жо-о-оқ, қазақ - құшағы кең табиғаттың қойнауында, сол табиғатпен астасып, біте қайнасып өмір сүрген ел. Өзен-тау, аң-құс, өсімдік біткеннің барлығы қазақтың көз алдында еді. Ол кездің дархан халқы қазіргі браконьерлердей жолында кезіккеннің бәрін атып-қырып жойып жібермей, табиғат мінезін солар арқылы бақылап отырған.
Следующая →
Тақырыптар: ШҚО Ауа райы Болжау