Өскемен
пасмурно
+11°
  • Өскемен
    +11°
  • Алматы
    +10°
  • Астана
    +3°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +7°
  • Орал
    +2°
  • Қарағанды
    +4°
  • Көкшетау
    +3°
  • Қостанай
    +1°
  • Қызылорда
    +9°
  • Павлодар
    +6°
  • Петропавловск
    +2°
  • Тараз
    +8°
  • Туркестан
    -3°
  • Шымкент
    +7°
$
448.15
-1.43
483.46
-3.48
¥
61.99
-0.23
4.86
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Аян Қалымбек
Ақпарат көзі:
Устинка

Көкпекті ауданындағы ат спорты мектебі мен ипподромның арасы 80 шақырым

Өскемендегі ұлттық спорттың жай-күйін өткен санымызда тарқатып жазғанбыз. Шығыс өңірінің Көкпекті мен Тарбағатай ауданында да ат спорты клубтары барын біреу білсе, біреу білмес

Жүйткіген темір тұлпарға отырып атымның басын Көкпектіге бұрған мен жолым болып доданың үстінен дөп түстім. Бастаушы ауылдық округіне қарасты Көкжота ауы-лында көкпар болғалы жатыр екен. Бұл ауылдың балалары жаз ба, қыс па, Наурыз ба, мерейтой ма қарамайды - қаладан келгені қаладан, даладан келгені даладан демалыс күндердің бірінде жинала қалады да, "құмар ойындарына" кіріседі. Құмар болғаны соншалық, күш-қуаты бойларына сыймай тасып бара жатқанда мауықтарын басу үшін қандай себеп болса да табады. Осы жолы араларындағы көкпарқұмар қатарластары 18 жасқа толғанын атап өтпекші екен. Көкжотаға әкелетін күре жолдың оң жағына тобылғы торы, күрең жал, жирен қасқа ат мінген, шабдар, қара, ақбоздың құйрық-жалын шарт түйген кілең жастар жиылыпты. Бақсам, барлығы 11 мен 22 жас аралығындағы қарадомалақтар. Біреуі додаға әдейілеп дайындап, баптап жүрген айғырын мініп келген. Біреуі мал жайып жұмысқа салып жүрген атымен келе салған. Енді біреуі үйінде жем жеп, күй жинап тұрған құнанымен де ойнауға әзір. Тағы біраз бала облыстық, аудандық сайыстарда шауып жүрген, ат спорты клубының жүйріктерін тақымдапты. Дәл мен барған уақытта ауыл молдасын шақыртып батасын алып, серкеге тартылар ақ тушаны пышағын жалаңдатқан жігіттердің бірі жайратып салды. Ары қарай алқын-жұлқын, қиқу-сүрен, делебеңді қоздыратын тартыс басталды. Жүректілер мен білектілердің майданына жүректері дауаламағандар тақымдарын қысып, жанкүйер болып жол жиегінде тұрды.

Өзекті - фото автордікі (1).jpg


Көкжотада екінің бірі көкпаршы


Ойынның бел ортасы. Қаны қызып алған аттар тоқтасын ба, біресе көліктер тұрған жаққа, біресе бала-шаға тамашалап тұрған жаққа лап қояды. Есі-дерті салым салуға кетіп, серкені жұлқылаумен әуреленген палуандар оған мән бере қойсын ба? Ауыл шетіндегі жалғыз жолмен арлы-берлі камаздар мен шөп тасыған тракторлар өткен сайын "аттар алып қашып, біреу жазым болмаса игі еді" деп жанымыз қылпылдап біз тұрмыз. Кең жауырын, апайтөс, сіңірсаусақ, атан жілік, бота тірсек, буыршын бел, көртақым, төртпақ келген, тау-табан, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай 20-25 жеткіншек салымдарын салып, жүлделерін алып, аттарын терге малып, құмардан шыға қанып, бас жарылмай, көз шықпай аман-есен тарқасты. Ұлдарды жинап, жылқыға үйірлетіп, көкпарға баулып жүрген ат спорты мектебінің жетекшісі сайыс біте бере мені көріп бері аяңдады.
- Қазір ауылдағы жүгермектердің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап, шетінен көкпаршы боламыз деп жылқыны жағалап жүргені қатты қуантады. Түнімен көшеде тығылып шылым шегіп, ішімдік ұрттап жүргендерінен осынысы дұрыс па деймін. Көкжотадан бұрын небір мықты палуандар шыққан. Әлі де ойнап жүрген қаншама жігіттер бар. Солардың ізін басып, жолын жалғап, жәдігер мұрамызды өлтірмей сақтап қалатын кейінгі буынның бар екенін білгенде кеудені мақтаныш сезімі кернейді екен. Бүгінде екінің бірі - көкпаршы, екінің бірінің қорасындағы аты - додаға түсіп үйренген, - дейді Қанат Қалибекұлы.


Өзекті - фото автордікі (20).jpg


Спорт мектебіне айналған мәдениет үйі

Көкжота ауылында көкпаршылар клубы 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Шағын ғана ауылдың атын ұлттық спорт әлеміне жайған, қатарластарын қасына жинап, тұңғыш болып көкпар командасын жасақтаған Дархан Ахмадиев болды. "Дархан" ат спорты клубы 2017 жылға дейін өз күшімен жұмыс істеп, мектеп жабылып қалмауы үшін барын салды. 2018 жылдан бастап "Көкпектi аудандық ұлттық ат спорты түрлерi бойынша БЖСМ" КММ ретінде тіркелген мектепке сол кездегі аудан әкімі, қазір Тарбағатай ауданының басшысы болып тағайындалған Смаилов Асхат Сейдахметұлы көп көңіл бөліп, көмек көрсетті. Атқорадағы жылқылардың қысқы, жазғы жем-шөбі, ер-тұрман, ат әбзелдері, көкпарға қажетті керек-жарақтың түгелі жергілікті бюджет тарапынан бөлінді. Солайша ауыл халқы жиын-той, ас-науқан, қатым-жылдық, Наурыз той өткізіп жүретін мәдениет үйіне айналып кеткен ескі мектеп ғимараты - ат спорты мектебіне айналып шыға келді.
- Балаларға да, аттарға да бәрі жеткілікті, ипподромның жоқтығы ғана жаман. Доданың тұлпарлары жаттығатын алаңда табандарына кіретін түйір тас та болмау керек. Ал жаңағы ойын болған жерді көрдіңдер: Көкжотаға кірер басты жолдың арғы беті, шұңқыры да, жырасы да бар. Тас деген таудай үйіліп жатыр. Аудан бойынша ипподром бар, бірақ ол осыдан 80 шақырым жердегі Көкпектіде. Екі жаққа да ыңғайсыз. Бұйырса жаңадан сайланған аудан әкімі оның да амалын табатын шығар деп үміттенеміз. Болашақ чемпиондар дайындалатын алаң салып берсе, атадан мирас болып қалған көкбөрі тарту ойынын жаңғыртуға қосқан үлесі болмақ. Әйтпесе, ұлттық ат спортының ғимараты, аттары, бапкері, оқушылары бар, алайда ипподромы ит өлген жерде, - деп сөзін сабақтады Қанат ағамыз.

Өзекті - фото автордікі (8).jpg


Бірыңғай форма керек


Бапкер енді бірыңғай команда формасын тіктіруді ойлап жүр. Шынымен де, "Дархан ат спорты клубы", "Көкпекті", "Бас-таушы" деген жазуы бар жасыл, сары, көк түсті формалар әлем-жәлем болып көзге ұшырайды. Бұған ауылдың балаларының алуан-алуан киімдерін қосыңыз. Құдды бірыңғай киімі барлар формасы жоқтарға қарсы ойнап жүргендей әсер қалдырады. Ескі мектептің спортзалын жөндеп алса, ат әбзелдерін қалай жасауды үйрететін, қазақ спортының тарихын оқытатын кабинет ашылмақ. Киім ауыстыратын бөлмелердің де болғаны тазалық үшін аса маңызды. Осы орайда жастарға жанашырлық танытып қол ұшын созатын жекелеген азаматтардың барын да айта кету керек. Аудандағы шаруа қожалықтарының бірін басқаратын Марат Құмаров ағамыз сол қатардан табылатын жомарт жандардың бірі. Қолынан келгенше қолдау білдіріп, жастардың биік деңгейге жетуіне тілектес, ниеттес екенін сөзімен де, ісімен де дәлелдеп жүреді.

Әлемді жаулап-жалмап, дендеп Қазақстанға да енген тәжвирус індетінің салдарынан жарияланған карантин шаралары еліміздегі өте көп, ауқымды шаралардың өткізілуіне бөгет болып, қолды жіпсіз байлап қойды. Әйтпегенде, жылжып өте шыққан жаз мезгілінің аяғын ала шығыстың Тарбағатай, Көкпекті, оның ішінде Қарағандыкөл, Ақжар елді мекендерінде дүркіреп той өтіп жатса керек-ті. Ал сырғып жеткен сары күздің миуалы, мизамшуақ айлары ұлттық спорт түрлерінің жылдық қорытынды есебінде сайыстары өтетін мезгілі еді. Тепсе темір үзетін тақымы тастай талай таусоғардың доданы аңсап, тыпыршып үйінде жатқаны айдан анық. Әр нәрседе бір қайыр бар деген қазақпыз. Аудан әкімдері осы кезеңнің өзін тиімді пайдаланып, жақсы істің жаршысына айналып, ауылдық жердегі спорт деңгейін көтерсе, ұлттық спортты жаңа белеске шығаруға атсалысса нұр үстіне нұр болар. Келешекте "Көкжотаның көкжалдары" атанатын бүгінгі бөлтіріктердің арман-тілегі өтініш-талабы аяқасты қалмай, ипподром мәселесі шешімін тапса рухани жаңғырудың бір белгісі деп білейік.
Следующая →
Тақырыптар: ШҚО Көкпекті Ат спорты