Өскемен
пасмурно
+7°
  • Өскемен
    +7°
  • Алматы
    +16°
  • Астана
    +2°
  • Ақтөбе
    +15°
  • Актау
    +17°
  • Орал
    +17°
  • Қарағанды
    +2°
  • Көкшетау
    +3°
  • Қостанай
    +7°
  • Қызылорда
    +15°
  • Павлодар
    +3°
  • Петропавловск
    +3°
  • Тараз
    +16°
  • Туркестан
    +12°
  • Шымкент
    +18°
$
448.41
+1.26
481.05
-4.69
¥
61.96
+0.13
4.79
-0.01
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Таунар Қайрат
Ақпарат көзі:
Устинка

Аягөздіктер дәрігерлердің қызметіне шағым білдірді

Қазақта "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде!" деген аталы сөз бар еді ғой. Осы бір тәмсіл Аягөз халқына қаратылып айтылғандай. Себебі жергілікті тұрғындар аудандық аурухананың емделушілерге қызмет көрсету сапасына көңілдері толмайтындығын айтады. "Тіпті ауырып алдарына барудан да сескенеміз" деген тұрғындар мәселені әкімдікке де бірнеше рет айтқандарын жеткізді

Бұл мәселе Аягөз ауданында бірінші рет болып отырған жоқ. Бұған дейін де аталған ауданның тұрғындары редакцияға хабарласып, кейбір аудандық дәрігерлердің қызмет көрсету біліктілігінің өте нашар екендігін айтқан болатын. 

 "Компьютер сынды" деу сылтау ма?

Тіпті, сөздерін ілер құлақ болмағасын халық Аягөз аудандық әкімдігі мен Аягөз ішкі саясат бөлімінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшаларында өз пікірлерін білдіріп, аурухана қызметіне көңілдері толмайтындықтарын ашық жеткізген. 
- Больницаға кіріп шығыңыздар, адамды адам құрлы көрмейді. Ауырып барасың, кезек күтіп бос отырып қайтасың. Мәселені басшылыққа бірнеше рет айттық. Бірақ еш шара колданбады. Нәтижесіз. Неге? Ауруханада 2 сағат отырып, түсте бірақ кірдім. Сонда да қарамады. "Компьютер істемей тұр" деген соң екі баламен сандалып қайта қайттым. Аяғым ауыр, құлап, белімді де ауыртып алдым, - дейді аягөздік Айгерім Сәрсенбекова. 
Басы ауырып, балтыры сыздаған емделушілердің ұзын-сонар кезекті күтуге төзімдерінің шыдас бермейтіні рас. Десе де, тұрғындар кейбір дәрігерлер өз қабылетіне қарағанда интернеттің көмегіне көп жүгінетіндігін айтып қалды. 
- Ауруханадағы ақ халаттыларды түсінбедім. Ауырып барған адамның диагнозын интернетке қарап қояды. Недеген жетістік бұл. Міне, ақ халатты абзал жандар. Больницада кемшіліктер жоқ емес, көп. Сонда жоғарыдан келген тексерістер қалай бәрін жақсыға балап жүр? Бізге білікті маман қажет, - дейді аудан тұрғыны Алтынай Қоқанова.

"Еститін мемлекет" неге естімейді?

  Тағы бір таңғалғанымыз мәселенің мән-жайын анықтау ниетімен Аягөз аудандық ішкі саясат бөліміне хабарласқан едік. Өкініштісі сол, қызметкерлер тұрғындар тарапынан келіп түскен соңғы жазбаларға көз салып та қарамаған. Біз хабарласқанда ғана білді. "Бұған дейінгі жазбалардың барлығын көріп отырмыз. Мәселені аурухана басшылығына қарауға жібереміз" деп қайырды. Бір қызығы әкімдіктің парақшасындағы оқырмандардан түскен пікірлерге әкімдік белсенділік танытып жауап та қайтармапты. Сонда ол әлеуметтік парақша не үшін керек болды? Жазбаларға қарап мәселенің айтылмай емес, айтылып жатқанын көрдік. Бірақ жауапты мамандар жауапсыздық танытқан сыңайлы. Сонда "еститін мемлекет" қандай болуы керек? Бұл да жай ұран ғана ма? 
- Больницаға қаралу үшін бір апта бұрын барып жазылу керек екен. Сонда ауруханаға барып, ауыратын күніңді жазып кетуің керек пе? Аяқастынан ауырып қалсам, бір аптадан кейін емдей ме мені? Оған дейін менің жағдайымның не боларын ойламай ма? Басшылық адам денсаулығына жауапкершілікпен қараса дейміз, - дейді тұрғындардың бірі Әсель Тұрсынбаева.

"Телефоннан көз алмайды"

Тұрғындардың айтуынша, кейбір дәрігерлер жұмыс орнында науқасқа емес, қолындағы телефонға көп үңілетіндігін де айтты. Соның салдарынан кезек күту де ұзаққа созылады екен. 
- Бір адамды кіргізіп алады да ұзақ отырады. Не істеп отыр деп есіктен қарасаң, дәрігерлер "сотка шұқып" отырады. Барлығы емес, әрине, кейбіреуі. Сонда жұмысты кім істейді? - дейді аягөздік Толқын Жолжігітова.

Мәселе таяуда шешіледі

Осы орайда Аягөз ауданының ауданаралық ауруханасы басшылығына хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрадық. 
- Бізге тұрғындардан шағымдар мен ұсыныстар жиі түсіп тұрады. Келіп түскен шағымдар бойынша жеке-жеке жұмыс істейміз. Ауруханамыздың күнделікті жұмысын хабарлап отыратын жеке парақшаларымыз бар. Тұрғындар сол жерге өз ұсыныстары мен шағымдарын жаза алады. Инстаграм: ayaguzrmo, Фейсбук: "Межрайонная больница Аягозского района". Осы орайда тағы бір ескерте кететін жайт, тұрғындардан шағым түсірер алдында нақты қайсы бөлімге, қайсы дәрігердің қызметіне шағымданатынын толық жазып кетуін өтінеміз. Әйтпесе нақты дәрігер, нақты факті болмаса, мәселе сол күйі шешімін таппай қала береді. Сондықтан алдағы уақытта мәселелер толық түзетіледі, - дейді "Аягөз ауданының ауданаралық ауруханасы" ШЖҚ КМК бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Сәтбек Борбасов.
Тұрғындарға жаңсақ пікір тудырмас үшін Сәтбек Ерғалиұлы ауруханаға жазылу мәселесіне де тоқтала кетті. 
- Біз жыл сайын ауруханада жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін жоғарлату мақсатында курстарға жіберіп отырамыз. Биылғы елдегі төтенше жағдайға байланысты онлайн режиімде білімдерін толықтырды. Бірақ ешқандай дәрігер сертификатын өткізе алмайды. Дәрігерлер өзінің біліктілігін қорғаған жағдайда бір саты жоғары дәрежеге көтеріледі. Қазір мекемеміз цифрлы жүйеге көшкендіктен барлық ем алушыларды компьютерге тіркеу арқылы ғана емдейміз. Бұрынғыдай бір бет қағазбен жолдама жібермейміз. Яғни, компьютер арқылы әр дәрігер өзіне жазылған науқасты біле алады. Кейбір тұрғындар бұл үрдісті дұрыс түсінбей жатады. Бізде науқастарды қабылдау бөлімі бар. Сол жерде науқастың жағдайына байланысты шешім шығарады. Кейбір адамға шұғыл көмек қажет болып жатады. Ондайда біз оны бірден емдеуге кірісеміз, - дейді Сәтбек Ерғалиұлы.
Оның сөзіне сүйенсек, ауданда маман жеткілікті. Аудан бойынша 132 дәрігер бар. Оның 32-сі жоғары санатты, 21-і бірінші санатты. 16-сы екінші санатты дәрігер екен. 

 Жоғарыда көрсетілген мәселелер тек бір ғана аудан орталығындағы кемшіліктер. Ал ауданға қарасты ауылдардың жағдайы қандай екені белгісіз. Әрине жалпыға бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Тек тұрғындар ауруханадағы кейбір мамандардың біліктілігіне күмәнмен қарауда. Сондықтан болар жерлігікті халық басшылықтан аудандық аурухананың жағдайын жақсартуды және білікті мамандармен толықтыруын талап етуде. Ал елдің есін алған мынадай жағдайда елдің сенімі мен денсаулығы тек білікті дәрігерлерде екенін естен шығармағанымыз абзал.
Следующая →