"Киноға 50 жылдан соң қайта оралдым"

Жерлесіміз Мұратжан Мұқажанов басты рөлді сомдаған бұл "Шырақшы" фильмі Ресейдің Сочи қаласында өткен IV Халықаралық кинофестивальдің Гран-При жүлдесін иемденген
07 тамыз 2020 года, 13:52 242
Новости Казахстана и регионов на сегодня. - "Киноға 50 жылдан соң қайта оралдым"
Жуырда Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы белгілі кинорежиссер Ермек Тұрсыновтың "Шырақшы" ("Хранитель света") деп аталатын толықметражды көркем фильмінің премьерасын көпшілікке ұсынды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген туындыда басты рөл ді сомдаған Мұратжан Мұқажанов деген азамат. Мұратжан Мамырбекұлы Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданынан. Бүкіл саналы ғұмырын ауылда, бала оқытуға, ұрпақ тәрбиесіне арнаған жан. М. Әуезов атындағы,Тасарық, Абай атындағы орта мектептерде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берген ағамыз 2011 жылы ғана Алматы қаласына қоныс аударған. Мұратжан Мұқажанов басты рөлді сомдаған бұл "Шырақшы" фильмі Ресейдің Сочи қаласында өткен IV Халықаралық кинофестивальдің Гран-При жүлдесін, Анапада өткен 28-"Киношок" кинофестивалінің дипломын, Шанхайдағы Бүкіләлемдік кинофестивальдердің сыйлықтарын жеңіп алған.

Жерлесіміздің сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

Мүке, барлық қуаныштарыңызға ортақпыз. Құтты болсын! Бұл сіздің кинодағы алғашқы қадамыңыз ба? 
- Рақмет! 1969 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақ өнер институтының кино және театр (қазіргі Т. Жүргенов атындағы Өнер институты) мамандығын бітірдім. КСРО Халық әртісі Хадиша Бөкеева ұстазымыз болды. Кейін белгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің өзі Құман Тастанбеков, Әшірәлі Кенжеев, Ерсайын Дүйсенбинов және мені таңдап алды. Осындай өнер майталмандарымен бір курста, бір топта оқыдым. Жалпы, бүгінге дейін түсіру алаңына мүлде жолаған жоқпын деп айта алмаймын. 1967 жылы Александр Карповтың "Мың шақырымдық жол" ("Дорога в тысячу верст"), Абдолла Қарсақбаевтың "Біздің Ғани" фильмдерінде эпизодтық рөлдерде ойнадым.

Ал ұзақ жылдар бойы бұл саладан іргеңізді аулақ салуыңызға не себеп болды?
- Үржар ауданының "Красный дозор" колхозында тұратын марқұм әкей қызық адам еді. Өзі Ұлы Отан соғысының ардагері, ауру-сырқаулы адамға құрдастары: "Әртіс деген не ол?! Сайда саны, құмда ізі жоқ біреулер де! Ана ұлың Мұратжан өңшең жын-сайтанның ішінде жүріп, бір күні бұзылады!", деп қыжырта берген соң, қоярда қоймай мені М. Әуезов атындағы академтеатрда әртіс болып жүрген жерімнен ауылға шақыртып алды. Оның үстіне жалғыз інім Есмұхамбетті (Ешкен) әскер қатарына алып кеткен соң, әке-шешемді зар илетпейін деп, еріксіз туған ауылыма оралдым. Ол кездері жастар үлкеннің айтқанынан шықпай алдын кесіп өтпейтін еді ғой. Дегенмен, өнердің ауылынан алыс кете алмаппын. Мектепте "военрук" бола жүріп, көркемөнерпаздар үйірмесін аштым. Институтта алған білімнің арқасы ма, жатпай-тұрмай еңбектенудің жемісі ме, "Красный дозор" колхозына 1977 жылы халық театры атағын алып бердік. Сосын режиссер ретінде республикалық театрда 1981 жылы Қ. Аманжоловтың "Досымның үйленуі", 1985 жылы Аягөз қаласында Ш. Айтматовтың "Ана-Жер-Ана" спектакльдерін сахналадым. Сол жолы маған "Жигули" автокөлігі кезексіз берілді (әрине, өз ақшама). Кейін СПТУ-18 деп аталатын кәсіптік-техникалық училищенің оқу-тәрбие ісі бойынша директордың орынбасары болдым. Одан соң сол Үржардың "Красный дозор" колхозында кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқардым. Кейін Үржар ауылындағы Абай атындағы мектеп-лицейде зейнеткерлікке шыққанша алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ бердім. Кәсіби үлкен өнерге қайта келу үшін туған жерім осындай-осындай үлкен сатылардан өткізіп барып, бірақ жіберді ғой, бауырым (жымиды).

Мұратжан аға, "Шырақшы" фильмі Ресейдің Сочи қаласында өткен IV Халықаралық кинофестивальдің Гран-При жүлдесін алған сәтте қандай көңіл-күйде болдыңыз? Фильмдегі басты рөлге таңдау сізге қалай түсті?
- Өнерде қайталанбас дара тұлға, театр тарланы, сыншысы марқұм досым Әшірбек Сығай мені үнемі өнер мен мәдениеттің ордасына - Алматыға шақыратын. Ауылды жерге әбден сіңісіп қалған жанның орнынан қозғала қоюы екіталай ғой. Оның үстіне қазіргі күні бала кезгі арманның да бұлыңғырланып, көмескілене бастаған шағы емес пе. Осы "Шырақшы" фильміне продюсер Қанат Төребай деген бауырым кастингке қатысып көруімді қолқалаған соң бағымды сынап көруге бел буғаным рас. Басты рөлге жүз шақты адам үміткер болды. Белгілі киноактриса Жанна Қуанышева: "Сіздің кейіпкер көп қиындық көріп соғыстан оралған майдангер, сізге арықтау керек. Салмақ қуыңыз", деген соң тамақтан біршама тартынуға тура келді. Қызық енді... жас емессің, жасым 70-ке келгенде диета ұстау, әлбетте, қиындау болды. Бір жағынан үйдегі апаларың да "Әй, сен киноға түсем деп жүріп бір күні аштан қатасың!" деп байғұс аяушылық танытып, жік-жапар болады. Он келідей артық салмақтан арылдым ғой.. Абырой болғанда, картинаның режиссері Ермек Тұрсыновтың таңдауы маған түсіпті. Сонымен, бұл фильмнің қоюшы операторы Мартин Сечанов пен екінші режиссері Тамаш Тот екеуі де Венгриядан. Анапада өткен кинофестивальде операторымыз Мартин де, актриса Нина Усатова да арнайы дипломдарға ие болды. Нина Усатоваға Сочиде "Әйел рөлін үздік сомдағаны үшін" дипломы берілді. Ресейдің "Ника" сыйлығынан да үмітіміз бар. Наурыз айына жоспарланған салтанатты рәсім коронавирус пандемиясына байланысты күзде, қазан айында өтеді. Айтпақшы, фильм басталғанда менің кейіпкерім Ерғазының жас кезін сомдаған фильмнің қоюшы суретшісі Қуат Тілеубай бауырымыз 
болатын. 

Түсірілім қай жерлерде өтті?

- Алдымен, Венгрияның Будапешт қаласында, сосын Жаркент жақта, Алматы облысы Панфилов ауданының Қоңыр өлең, Көктал, Сәт жол деген елді мекендерінде өтті. 

Жасыңыз егде тартып қалған кезде киноға түсу қиын болған жоқ па?

- Негізі онша қиындық туғызған жоқ. Әлгі "Өнер құрбандықты талап етеді" деген тәмсіл бар ғой. Бір-екі қызық сәттерді айтып берейін. Кейіпкерімнің қалың жаңбырдың астында қалатын сәті бар ғой. Оған Жаркенттен арнайы өрт сөндіретін автомашинаны алдырып, жаңбыр секілді етіп, суды сол шашты. Әрине, бірінші дубльден ештеңе тындыра алмайтының түсінікті. Сұп-суық су денеңе түрпідей тиеді. Дубль аяқталысымен, костюмерлер келесі дубльге дейін бір секунд тұруға мұршамды келтірмей зыр қақтырып денемді көрпемен орап тастайды. Сәл қимылдап, қарсылық танытсам: "Аға, тырп етпеңіз, бізге бұйрық сондай. Сіз ауырып қалсаңыз, бүкіл түсірілім тоқтайды. Сондықтан, ешқайда да кетпей осылай оранып отырыңыз" деп қимылдатпайды. Бәрі аяқталған соң кешке қарай жүз грамм ащы суын да беріп қояды... 

Айтпақшы, фильмге түсу барысында сақал-мұртыңыз өскен, жүдеу кейіпте әлгі "Шал" фильмінде басты рөлді сомдайтын Қасым Тоғызақов ағамыздан аумай қалдыңыз...
- Ә-ә, айтуды ұмытып барам, қызық болды... жұмыс барысында "Жаркент-Арасан" санаториінде жаттық. Сол жерде жұрттың көпшілігі мені сол кісіге ұқсатып, түрлі сұрақтар қойып, фотоға түсуге ұмтылады. "Қасқырмен қалай арпалыстыңыз?", "Қорыққан жоқсыз ба?" деген сияқты. Мен оларға Қасым Тоғызақов емес екенімді, ол кісінің де осы фильмде эпизодтық рөлі бар екенін, бірер күнде түсірілімге келетінін айтам. Кейін Қасым ағаның өзі келгенде барып, көздері жеткен...

Мұратжан аға, отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз...

- Үш баламнан Құдайдың берген 6 немерем бар. Екеуі жоғары оқу орнын бітірді. Өзіміз Алматыға қоныс аудардық дегеніміз болмаса, ала жаздай сол Жаңа тілек (бір кездегі Красный дозор) ауылындамыз. Азын-аулақ мал-жанымыз бен егістікке қараймыз. Ауылдан ұзау қиын екен...

"Киноға 50 жылдан соң қайта оралдым"
М. Мұқажанов, Қ. Тастанбеков, Ә. Кенжеев
Оңтүстік Кореяның режиссері Ким Ки Дукпен
М. Мұқажанов, Е. Тұрсынов, Қ. Тоғызақовпен
"Киноға 50 жылдан соң қайта оралдым"
М. Мұқажанов, Қ. Тастанбеков, Ә. Кенжеев
Оңтүстік Кореяның режиссері Ким Ки Дукпен
М. Мұқажанов, Е. Тұрсынов, Қ. Тоғызақовпен

Загрузка...

Тақырып бойынша жаңалықтар

Устинка Live хабарландыруларын алып тұрыңыз