Өскемен
ясно
+14°
  • Өскемен
    +14°
  • Алматы
    +16°
  • Астана
    +20°
  • Ақтөбе
    +21°
  • Актау
    +21°
  • Орал
    +22°
  • Қарағанды
    +16°
  • Көкшетау
    +19°
  • Қостанай
    +20°
  • Қызылорда
    +26°
  • Павлодар
    +16°
  • Петропавловск
    +19°
  • Тараз
    +18°
  • Туркестан
    +20°
  • Шымкент
    +20°
$
447.4
-1.49
477.55
-0.38
¥
61.81
-0.21
4.76
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Әділ Әуезхан
Ақпарат көзі:
Устинка

Тарбағатайдағы тексеріс тым созылып кетті

Тарбағатайлықтарға зақымданған үйлері үшін өтемақы беріле ме?

Биылғы 19 шілде Тарба-ғатай ауданы, Жаңаауыл ауылының тұрғындары үшін ауыр тиді. Аз уақыттың ішінде төпелей жауған қалың нөсердің кесірінен таудан аққан жауын суы ауылдың тең жартысын шайып өткенін алдыңғы сандардың бірінде жазған едік. 

Табиғаттың тосын мінезінің салдарынан бірнеше жеке меншік үйлерге, аулаларға, шаруашылық нысандарына кірген су ауыл тұрғындарын әп-сәтте әуре-сарсаңға салған. Жолсайдан құлаған нөсер суы ауыл сыртындағы "Терісайырық" арнасын толтырып жіберіпті, тіпті одан асып, Абай және Рысқұлов көшелерінің бойына құйылған. Тасқынның лезде болғаны соншалық, сағат 15.00-де басталған нөсер жарты сағат уақыт ішінде төгіп салды. Ал соңында зор шығын қалдырған. Бір қуанарлығы, адам мен мал шығыны жоқ. 

Ойыстау жерде орналасқан кейбір үйлерде су деңгейі бір метрге дейін жеткен. Таудан аққан тасқын суы арна суымен араласып, Жамандалаға қарай жөңкіле бет қойған. 

Тұрғындардың жанайқайы 


Табиғи апат болғаны жайлы хабар түсісімен оқиға орнына ӨС және АҚЖҚ 1 шұғыл автокөлігі, 1 АЦ-40, 8 жеке құрам, 3 су сору құралдары және жергілікті атқарушы органдардан 3 техника, 10 адам жұмылдырылған. Үйлеріне су кірген тұрғындар сол ауылдағы туыстарының үйлеріне орналастырылған. Қазіргі уақытта аудан әкімшілігі тарапынан бүлінген тұрғын үйлерге келген шығынды анықтау мақсатында техникалық зерттеу жүргізіліп, ақау актілерін жасау үшін арнайы лицензиясы бар аккредитациядан өткен мамандар жұмыс жасауда.
- Алдағы уақытта мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін ауылдың іргесінен өтіп жатқан "Терісайырық" каналына жөндеу жұмыстарын жасап, дамбыны биіктету мақсатындағы жұмыстарды жүргізу үшін орынбасарым Ахмет Аққазинге жобалық-сметалық құжаттарын жасауды қолға алуды тапсырдым, - деген еді Тарбағатай ауданының әкімі Серікқазы Садуақасов.
Ауыл тұрғындары төтенше жағдайға жауапты жалғыз маманның сол күні ауылда болмауынан арнаның аузы жабылмағанын айтады. Қажет болғанда орнын алмастыратын екінші біреудің жоқтығына, сөйтіп табиғи апатқа дайын болмағаны үшін әкімдікті кінәлі көреді. Олардың айтуынша, дәл осындай жағдай 2013 жылы да орын алған. Аудан басшылары өткен оқиғадан тиесілі сабақ алмаған екен. 
- Жеті жыл бұрынғы нөсер кезінде әкім болып келген Д. Ниязбеков арнаны кеңейтемін, дамбы тұрғызамын деп еді, кеңейткен де, тұрғызған да жоқ. Сол қалпы, құрғақ уәде күйінде қалды. Жылда тазартылатын арна биыл көктемде тағы да тазаланған жоқ. Міне, жарты ауылды су басып кетті. Үйлермен қоса, қора-қопсыларға кіріп, әбден есімізді шығарды. Енді олардың барлығын жөндеуіміз керек. Мына пандемия уақытында ақшамыз да жоқ. Енді қайтеміз? Тасқыннан келген шығынды аудан әкімдігі төлеп берсін дейміз, - деді Талғат есімді ауыл тұрғыны (есімі өзгертілді).

Ауыл әкімдігі не дейді?


Мұндайда ауыл әкімдігінің айтар сөзі дайын. Саман кірпіштен тұрғызылған үйлер мен қора-жайлардың сапасы сын көтермейді. Ең бастысы, адам мен мал шығыны жоқ, үй құламады. Заң бойынша қора-жайлар үшін үкіметтен қаржы бөлінбейді. Сондықтан ауыл тұрғындары талабының орындалуы екіталай. 
- 19 шілде күнгі қатты жауыннан Тарбағатай ауданы Жаңаауыл ауылында 28 үй мен 23 шаруашылық нысандар зақымдалған болатын. 21 шілде күні облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен жұмылдыру дайындығы басқармасынан комиссия келіп, осы бүлінген тұрғын үйлер мен шаруашылық-тұрмыстық нысандарды аралап, фотоға түсіріп, акт жасады, - деді аудан әкімінің орынбасары Ахмет Аққазин. - Бүгінгі күнде Жаңаауыл ауылында төтенше жағдай жариялау туралы аудан әкімінің шешімі қабылданып, әділет басқармасына тіркеуге жіберілді. Аудан әкімшілігі тарапынан бүлінген тұрғын үйлерге келген шығынды анықтау мақсатында техникалық зерттеу жүргізіп, ақау актілерін жасату үшін осы қызметпен айналысатын арнайы лицензиясы бар аккредитациядан өткен мамандар шақырылды. Олар 3 тамыздан бастап Жаңа-ауылда тиісті жұмыстарды атқаратын болады. Айта кетерлігі, су тасқынынан зақымдалған тұрғын үйлерге ғана үкіметтен ақша бөлінеді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен жұмылдыру дайындығы басқармасынан комиссия мүшелері келді, тексерді, зерттеді. Алғашқыда апатқа ұшырады деген үйлер тізімі қырықтан басталып қысқарып-қысқарып, жиырмаға, онға, тіпті үшке дейін азайтылған. Бұл комиссияның жұмысына жаңаауылдықтардың көңілі толмай отыр. Біржақты, жалаң сөзбұйдаға салынды, үйлерге келген жалпы шығын мөлшері дұрыс есептелген жоқ дейді. Ауыл тұрғындарының ендігі үміті - арнайы лицензиясы бар тәжірибелі мамандар. Әрбір үйге және қора-жайға келген шығын мөлшерін есептеп, әділ үкім шығарады деп сенеді.
- Халықтың шығыны қайтарылу керек. Үйдің басына ғана төленеді дейді. Ал құлап қалған ас үй мен қораны қалпына келтіру де сол отбасының қалтасынан шығатын шығын ғой, - дейді Тарбағатай ауданының тумасы Ермек Құрманғалитегі. - Содан кейін мына Ақжарда ауыл ішіндегі жолдың шұңқырларын жамап жүргендер өңшең жас балалар. Күрекпен, ломмен ғана өздерінше асфальт төсеп жүр. Қажет болса, видеосы да бар. Бұған жауапты "ДКпроект" ЖШС деп естідім. Олар біреуге, солардан тағы да біреулер алып істеп жатқан көрінеді. Біз осы сенбі күні Ақжарға осы мәселе бойынша арнайы барып, жасалынып жатқан жұмыстың сапасын өз көзімізбен барып көретін боламыз. Бұл халықтың ақшасына жөнделіп жатқан жұмыс болғандықтан, қаржының желге ұшпай сапалы жұмысқа жұмсалуын бақылуымыз міндет. Жасалған жұмыстың сапасын бірге тексеріп, егер технологиясына сай жасалмаған жағдайда акт толтыруымыз қажет.

Алда қыраулы қыс, көкорай көктем бар


Жаңаауылдықтардың да шыдамы таусылғандай. Комиссия мүшелері бұл істі белгісіз мерзімге созып, сиырқұйымшақтатып жібере ме деп алаңдайды. Кейбір адамдардың үйінің амандығы өз алдына, онсыз да құлап қалайын деп тұрған көлікжайы не қорасын апат есебінен жөндеп алғысы келетін сыңайлы. Әр кәллада -
бір қиял, әркім өз дегені болғанын қалайды.

Жарты-ақ сағатта Жаңаауыл жұртын әбігерге салған қалың нөсер екі сағат тоқтамай жауса, не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Тезінен арнаны кеңейтіп, дамбыны тұрғызу керек. Қомақты қаржы бөлінсе, жеңін түріп тастап кірісер азаматтар жетерлік. Ел тұрғындары бұл турасында тиісті, оң шешім шығарылып, жағдайдың түзелгенін аңсайды. Әйтпесе қар сөгіліп, жер бусанған келесі көктемде осы мәселе алдарынан аңырап шығары сөзсіз.
Следующая →