Өскемен
ясно
+14°
  • Өскемен
    +14°
  • Алматы
    +16°
  • Астана
    +20°
  • Ақтөбе
    +21°
  • Актау
    +21°
  • Орал
    +22°
  • Қарағанды
    +16°
  • Көкшетау
    +19°
  • Қостанай
    +20°
  • Қызылорда
    +26°
  • Павлодар
    +16°
  • Петропавловск
    +19°
  • Тараз
    +18°
  • Туркестан
    +20°
  • Шымкент
    +20°
$
447.4
-1.49
477.55
-0.38
¥
61.81
-0.21
4.76
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Назерке Кәрімова
Ақпарат көзі:
Устинка

"Анашым, менің әкем қайда?"

"Ана үйі" - тағдырдың тауқыметін тартып жүрген аналарға қорған

Жуықта ғана Өскемен қаласындағы "Ана үйіне" арнайы ат басын тіреген едік. Аталған үй жайлы алғаш естігенімізде көз алдымызға жатақхана елестегені рас. 

Алайда анау айтқандай тым жұтаң емес, кәдімгі бір үлкен шаңырақ екен. Үйге кіріп келгенде қатты таңданып қалдық. Қатардағы отбасылық бас-паналардан артық болмаса, кемдігі жоқ. Қайырымды кәсіпкерлеріміздің қолдауымен жұмыс істеп тұрған кең сарай қоғамдық-әлеуметтік мекемелердің біріне де ұқсамайды. Құдды көпбалалы үлкен отбасыға келгендей күй кештік.

"Ана үйі" - қиын жағдайға тап болған және баладан бас тартуға ниет білдірген, 18 айға дейінгі баласымен немесе жүктіліктің үшінші триместіріндегі 30 жасқа дейінгі қыз-келіншектерге қол ұшын береді. Нақты айтар болсақ, тұрғылықты орынмен қамтамасыз ету, психологиялық қолдау көрсету, медициналық көмек, құжаттарды қалпына келтіру, жәрдемақы рәсімдеу, білім беру, жұмысқа орналасуға көмектесу сынды көмектер көрсетеді.

"Мақсатымыз - жас аналарға қолдау көрсету"

- "Ана үйі" 2013 жылдан бастап ашылды. Өскемен қаласында жалғыз осы "Ана үйі" жұмыс істейді. Қазақстанның 17 қаласында осындай 23 үй ана мен балаға қол ұшын созуда. Бұл жобаның құрылғанына 7 жыл болды. Осы уақыт аралығында 4000-нан астам бала балалар үйіне жіберілмеді. Біздің басты мақсатымыз - қиын жағдайда қалған жас аналарға қолдау көрсету, балалардың сәбилер үйіне түспеуін қамтамасыз ету. Қоғамдық қор үш бағыт бойынша жұмыс атқарады. Бірінші және екінші бағыт - балаларды асырап алу. Балалар үйінен бала асырап алғысы келетін адамдарға көмек көрсету. Мен бұл "Ана үйіне" келмес бұрын балалар үйінде жұмыс істедім. Менің тәжірибемде бала асырап алған адамдар балаларды қайта қайтарып берген 5 жағдай орын алды. Бұл балаларға өте ауыр тиеді. Әсіресе жасы кіші балаға өте қиын. Осы жағдайды болдырмас үшін бала асырап алатын ата-аналарға арналған мектеп ашылды және бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік құрылды. Бұл жерде ата-анамен толық жұмыс атқарылады. Сонымен бірге, "Ана үйі" қоғамдық қоры балалар үйінің түлектеріне де үлкен көмек көрсетеді, - дейді "Ана үйі" қоғамдық қорының үйлестірушісі Сәуле Шарыпова.
Айта кететіні, "Ана үйін" паналайтын аналардың саны бұрынғыдан едәуір азайып келеді екен. Қазір бұл жерде алты жалғызбасты ана тұрып жатыр. 
- Бұл үйде аналар мен балаларға қажеттінің бәрі бар. Баланың ойыншығынан бастап, кір жуғыш мәшине, тоңазытқыш, теледидар секілді тұрмыстық жабдықтармен қамтылған. Балалар үйінен шыққан жандар қоғамға бірден дұрыс үйрене алмайды. Себебі балалар үйінде олардың барлық жағдайы жасалғандықтан олар қиындықты білмей өседі. Ал ата-анасы бар балалар ата-анасының тапқан ақшасымен күн көреді. Ал кейбірі тіпті дүкенге баруды да білмейді. Кейін оларға жұмыс табу, еңбек ету қиын болады. Көбі адасып теріс жолға түсіп кетуі де мүмкін. Сондықтан "Ана үйі" қоғамдық қоры оларға жәрдемдесіп, толық орнығып алуға көмек береді, - дейді Сәуле Шарыпова.

Саяжай алып бермек

Сәуле Шарыпованың сөзіне сүйенсек, енді қоғамдық қордың мүшелері бірлесіп, қайырымдылық қорын ұйымдастыру арқылы көптің көмегімен осында тұратын үш баланың анасына қаланың шетінен саяжай алып беруді жоспарлап отыр екен. 
- Біз қайырымдылық қорын ашып, өз қамқорлығымыздағы келіншектердің біріне саяжай алып бермекпіз. Біраз қаражат жиналып қалды. Қаламыздағы еркітілер тарапынан тағы қолдау болса екен дейміз. Біздің үйден кеткен аналарға да көмек көрсетіледі. Біз қолымыздандан келгенше байланысымызды үзбейміз, - дейді ол.
Иә, "Ана үйі" қоғамдық қордың қолдауымен ашылғаны белгілі. Десе де мұнда сантүрлі тағдырлар тоғысқандықтан мұндағы жағдай да әртүрлі. Кейбірі рухани жылулық іздесе, кейбірі материалдық көмекке мұқтаж болады. Сондықтан аталған үй еріктілердің көмегіне әлі де мұқтаж. Себебі мұнда пана іздеп келгендер тегін тұрып, тегін тамақтанады.

Өгей әкенің өктемдігі

Дәл осы "Ана үйінде" кәмелеттік жасқа толмаған қыздар да тұрып жатыр. Некесіз туылған баланы өмірге әкелгені үшін осында мекендеуге тура келіпті. Ал Әсем (аты-жөні өзгертілген) есімді келіншектің жайы мүлдем бөлек. Бұған дейін екі рет некеде болған оның жар таңдауда жолы болмаған көрінеді. Өскемен қаласына жақын ауданнан келген ол осы үйді пана тұтқанына міне биыл жылға таяп қалды. Екінші күйеуінің кішкентай қыздарына өгейлік танытқанына шыдамаған ол үйден кеткен. 
- Менің осында тұрып жатқаныма бір жылдай уақыт болды. Тұрмыстық қысымға шыдай алмай, шарасыздықтан "Ана үйін" паналауыма тура келді. Екінші жолдасымның жүйке жүйесінде психологиялық ауытқуы болып, жергілікті ауруханада тіркеуде тұрыпты. Мен оны кейін аяғым ауыр болғанда ғана білдім. Тіпті туған туыстары да ол жөнінде маған тіс жарып ешкім ештеңе айтпады. Жүкті болып жүргенде тексерілуге де жібермейтін. Ал өзіммен еріп келген қызым көп жылайтын бола бастады. Не болғанын сұрасам, бала қорқып ештеңе айтпайды. Сөйтіп жүргенде бір күні дүкеннен келсем, күйеуім қызымды тамағынан алып қылқындырып жатыр екен. Көзі алайып, әбден көгеріп кетіпті. Араша түсіп едім қызым екеумізді қосып сабады. Сондағы кінәсі “ұйқы бермей қойдың” дейді. Егер тағы бірнеше минут кешіксем, ары қарай не болатынын білмеймін. Бұл жағдай бір емес, бірнеше рет қайталанды, - дейді Әсем (аты-жөні өзгертілген).
Айта кетейік, бұл Әсемнің екінші күйеуі болатын. Оның айтуынша, өгей әкесі үш жасар қызына көрмегенді көрсетіпті. 
- Бұл үйде ұзақ тұрсам, бір оқыс жағдайдың боларын білдім. Тіпті соңғы кездері үш жасар қызыма өгей әке тарапынан қысым жиілей бас-тады. Бір күні амалын тауып осында келдік. Қазір мұнда жағдайымыз жақсы. Барлық жағдай жасалған. Өз үйіміз сияқты болып кетті. Үш қызым бар. Үлкен қызым анамның қолында, қалған екеуі өз қолымда. Өкінішке қарай, әкем дүние салғалы жақындарым да менен теріс айналды, - дейді жалғызбасты ана.

"Анашым, менің әкем қайда?"

Кейіпкеріміздің айтуынша, бірінші күйеуінен айырлысуына туыс-туғандарының кесірі тиген көрінеді.
- Алғашқы жолдасымның туыс-туғандары біздің арамызға от сала беретін. Тіпті жеке отбасы болсақ та, апайы жолдасымның еңбекақысын өз қолымызға ұстатпайтын. Анда-санда азық-түлігімізді әкеліп береді де қалған ақша сол кісінің қалтасына түсетін. Күйеуімнің ағасы қайтыс болғалы жеңгесі арамызға көп түсетін. Біз ажырасқан соң сол жеңгесімен шаңырақ көтеріпті. Бірақ қазір күйеуім балаларын көргісі келеді екен. Кейде қатты қиналып кетем. Екінші қызым балабақшаға барғалы әкесі туралы сұрай бастады. Басқа балабақшада балаларды әкелері үйіне алып қайтқанын көрген қызым маған "Анашым, менің әкем қайда? Менің әкем неге келмейді?" дегенде еріксіз көзіме жас алдым. Бір жақсысы қазіргі баламды апарып жүрген балабақша басшылығы жағдайымды түсініп, тегін қабылдады, - дейді Әсем.
Айта кетейік, жаны қиналып жүрген жалғызбасты аналар 8 800 080 77 71 телефонына тегін қоңырау шалып, қолдау мен көмекке қол жеткізе алады.

Иә, кейде бар, кейде жоқ, үстіге ілер жейде жоқтың күйін кешкен ана мен бала тағдыры мына қоғамды бейжай қалдырмасы анық.

"Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетер" аруларымыздың тағдыры осындай. Міне, "Қызға қырық үйден тыйым" деген аталы сөздің ұмытылғалы қашан. Әйел баласы ана атануға жаратылған. Ал ер азаматтар ше? Дүниеге келген баласынан безінгендерді кім деп атаймыз? Алдамшы сезімнің көлеңкесінде шырылдап қалған ана мен бала тағдырына кім пана, кім қорған болады? Әлімсақтан бері бабаларымыз бір ақсақ тайын да, бір қотыр қойын да дұшпан жауларына, ит пен құсқа да алдырмаған қазақы тектіліктің тұяғы сүрінгені ме?
Следующая →
Тақырыптар: Өскемен Ана үйі Көмек