Өскемен
ясно
+2°
  • Өскемен
    +2°
  • Алматы
    +17°
  • Астана
    +8°
  • Ақтөбе
    +19°
  • Актау
    +19°
  • Орал
    +22°
  • Қарағанды
    +6°
  • Көкшетау
    +8°
  • Қостанай
    +6°
  • Қызылорда
    +21°
  • Павлодар
    +6°
  • Петропавловск
    +8°
  • Тараз
    +18°
  • Туркестан
    +16°
  • Шымкент
    +19°
$
444.22
+0.37
476.38
+2.08
¥
61.31
+0.06
4.82
+0.02
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Құпиясы ашылмаған "Қоңыр әулие" үңгірі

Байырғы бабалар бүгінгі қазақ территориясын тұлпардың тұяғымен, найзаның ұшымен сызып беріп кеткен

Бүгінгі ұрпаққа аманаттап қалдырған ұлы даланың тағдыры мен тарихы туралы аңыз бен ақиқат көп. Бұл даланың тауы мен тасы, бұлағы мен бастауы, өзені мен көлі туралы күмбірлі күй, әуезді ән, ауыз толтырып айтар аңыз бен жыр жетерлік. Әр өңірінің киесі мен иесі бар. Аңыз бен жырға арқау болған киелі өңірлердің бірі - Қоңыр әулие үңгірі. Бұл киелі орын Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Шыңғыстаудың батыс алқабындағы Шаған өзенінің бойында орналасқан. Үңгірдің қай ғасырда, қашан, қалай, пайда болғаны туралы нақты дерек жоқ. Тек аңызға ғана арқау болып келеді. Аңызға арқау болып, мифтік образға айналған "Қоңыр әулие" ұғымының да шығу тарихы туралы нақты дерек жоқ. Топонимист ғалым А. Әбдірахманов "қоңыр" сөзін моңғол тіліндегі хонхор, хонхур, (ой, шұңқыр) деген сөзімен төркіндес деген пайымға тоқтайды. Дыбыстық элизияға түскен бұл атау "күңгір" болып, одан барып "қоңыр" сөзіне айналған деген пікір айтады. Ежелгі ұғымның этимологиясын аңызбен астарластыруға болатындай. Өйткені әр атаудың төркіні халықтық мифологиямен тығыз байланысты екені анық.

Егер "қоңыр" сөзі моңғол тіліндегі "хонхор" сөзімен төркіндес болса, Шыңғысханның Қоңыр әулие үңгірінде жерленуі туралы аңызды ақиқатқа жақындата түсуге болатындай. Халық арасында айтылатын аңыз бойынша, Шыңғысхан әр жорық алдында Қоңыр әулие үңгіріне барып тағзым жасап шығады-мыс. Ол өлгеннен кейін де, өзінің өсиеті бойынша сол үңгірге жерленген. Үңгірдің ішінде айнадай тұнық көл бар. Көл түбіне түсіп 15 метр-дей тереңдегенде тастан жасалған құпия есік бар делінген. Құпия есік Шыңғысхан жерленген тастан салынған қонақ бөлмеге апарады дейді аңыз.

Әлемді дүр сілкіндірген Шыңғысхан Еуразияның эпицентріндегі киелі жерде жерленуі әбден мүмкін деген ой ғалымдардың қызығушылығын арттыра түсетіндей.

Тағы бір аңызда соғыста жараланған әскерлер жарақаттарына осы үңгірден шипа табады. Сонымен қатар, киелі жерде екі жақ әртүрлі келісімдер жасаған. Олай дейтіні дала заңына бағынған көшпенділер үшін киелі жерде соғысу күнә болып есептелген. Бұл қауіпсіздік мекені болған.

Сонымен қатар, ел ішінде Шыңғыстаудың бөктерінде Теміршыңды ақ киізге отырғызып Хан сайлады деген аңыз да бар. Осы өңірден басталған Шыңғысхан аты әлемге танылды дейді. Міне, осындай аңыздардың жиынтығын сөз төркінінің этимологиясымен байланыстырып, аңызды шындыққа біртабан жақындатуға болатындай.

Кейбір тарихшылар мен туризм саласының мамандары осы ойдың ұшығын пайдаланып киелі өлкеге туристерді тарту керектігін айтып жүр. Ол үшін Қоңыр әулие үңгірінің тарихын тереңдете зерттеу қажет. Бүгінгі зерттеушілердің көбі кеңес үкіметі кезіндегі тұжырымдар мен жоңғар шапқыншылығы кезіндегі аңыздарды айтумен ғана шектеліп жүр.

Абайдың қолтаңбасы мен жоғалған балбал тастар

Киелі орынның аңызы арыдан басталғаны мен зерттелуі беріден басталады. "Қоңыр әулие" үңгірін Қазақ ССР Ғылым академиясының Қ. Сәтбаев атындағы геология институтының ғалымдары кезінде зерттеп көрген. Олар үңгір түбіндегі көл суының биохимиялық сараптамасын да жасаған. Үңгір ішіндегі көлдің ұзындығы 25 метр, ені 10, тереңдігі 1,8 метрді құрағанымен оның көлемі әр жылы бір түсіп, бір көтеріліп тұратыны анықталған. Ал 2000 жылдардың ортасында қазақстандық С. Кистанов, К. Миляев пен В. Волошин есімді туризм саласының мамандары көл түбіне сүңгіп, көлдің астында көлемі 10х10 метр болатын қара қуыс бар екенін және оның арғы жағы шегі жоқ теңізге жалғасып кететінін айтыпты.

Көпті көрген көнекөз қарттардың айтуынаша үңгірдің ішінде көптеген дүниелер болыпты. Әуелгіде үңгірдің ішінде шалқасынан жатқан әйелдің мүсіні болған. Сонымен қоса, 15-ке жуық балбал тастар да бол5ан. Ал үңгірдің кіреберісінде "лотос" тұрпатындағы тұғырда отырған адамның тас мүсіні болғанын ел айтады. Бұл ғажайыптар өкінішке орай кейіннен жоғалып кеткен. Жоғалуына қатысты әртүрлі пікірлер айтылады. Үңгірді зерттеушілер ұрлап кетуі мүмкін деген болжам бар. Ал кейбіреулер ядролық жарылыс кезінде үңгір іші опырылып, үлкен тастар басып қалуы мүмкін дейді.

Балбалдар мен мүсіндер туралы тарихи жазбалар да бар. Бұл туралы орыс зерттеушісі В. Брюхановтың мақаласында да нақты жазылған. 1912 жазылған "Орыс императорлық географиялық қоғамының семейлік бөлімшесінің жазбалары" деп аталатын тарихи құжатта төмендегідей деректер жазылыпты: "Шыңғыс жотасының ар жағында, Ақтас тауының солтүстік-батыс баурайынан Шаған өзеніне түсе бергенде Қоңыр әулие үңгірінің аузына тап боласыз. Ақтас жотасы аппақ әк тасты жыныстан құрылған, сондықтан өз атауына әбден лайық-ақ. Оның аппақ шыңдары жасыл шөптің арасында алыстан көз тартады. Үңгірге кіре берісте құлпытастары көп қорым бар екен. Бұл қорым археологтар үшін таптырмас олжа екендігі даусыз. Үңгірге кіретін саңылаудың биіктігі екі метрдей. Ал осы саңылаудың тарлығы соншалық, үңгірге бір қырындап әрең кіресің. Бірақ шамамен бір жарым метрдей алға жүрсеңіз, біршама кеңірек алаңқайға тап боласыз. Алаңға тап-таза құм себілген. Айналада құмды алқаптардың, тіпті, бір түйір де құмның жоқ екендігін есепке алсаңыз, бұл құмның басқа жақтан әкелінгендігіне көз жеткізуге болады. Үңгірдің басқа бөлігіне үлкен тастар төселген. Кіре берістен 10 метрдей қашықтықта тастан жасалған пұт бар екен. Жергілікті тұрғындар бұл пұтты "қалмақ" деп атайды. Тағы біраз солға қарай жүрсеңіз, тағы бір үңгірге тап боласыз, оның түкпірінде кішігірім жер асты көлі бар. Бірақ мұнымен үлкен үңгірге келдім деп ойламаңыз. Кіре берістен оң жақта үлкен үңгірдің өзі орналасқан. Оның жалпы ұзындығы 115-120 метр, ал ені 10-нан 40 метрге дейін ауысып отырады. Жұмбақ көл - осы үңгірдің түбінде. Көлдің ұзындығы шамамен 17-18, ал ені 12-15 метр. Өте терең бұл көлдің суы сонысымен бірге керемет таза, мөлдір. Суын ішсеңіз, аузыңызға әктің дәмі келеді. Үңгірге таяу орналасқан қорым тас дәуіріне жатады деп болжауға болады".

Ал осы киелі орынға қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы да барып, өз қолтаңбасын тасқа қашап қалдырғаны айтылады. Өкінішке орай, қолтаңба өшіп қалған, бәлкім, тасқа басылып қалған. Келер жылы болатын ақынның 175 жылдық мерейтойына орай қолтаңба табылса, сенсециялық жаңалық болары анық. Бұл енді абайтанушы ғалымдар қолға алып, зерттеп, зерделейтін дүние.

Сонымен қатар, киелі орынға Шәкерім, Көкбай, Кәкітай, Әлмағанбет, Әбдірахман, Мағауия қатарлы Абайдың ізбасарлары да арнайы ат басын тіреп, барып қайтқан екен. Үңгірдің сыртындағы Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың қолтаңбасы болған тастар да көзден таса болған.

Зер сала зерттейтін болса, тас бетіндегі тарихтың табылары анық. Өйткені ол таста да, санада да жазылған тарих.

Аңыз бен ақиқат

Жоңғармен болған жорықпен байланысты жұрт аузында аңыз көп. Бірақ нақты дәлелденген ақиқат аз. Сол аңыздардың бірі - Елшібек мергенмен қатысты. Соғыста ойсырай жеңілген қалмақ әскері кері шегіне қашып келіп, Қоңыр әулие үңгірін паналайды. Үңгірді басып алмақ болған қазақ жауынгерлерін қалмақ мергені атып құлата беріпті. Қырағы мерген қарсыласының оқ ату мерзімін есептей бастайды. Әр істің ұрымтал тұсын ұтымды пайдаланатын жауынгер дұшпанының мылтық оқтау мерзімін дәл есептеп, үстінен дөп түседі. Сөйтіп Елшібек мерген ептілік танытып, қалмақ мергенін шауып түсіреді.

Бұл аңыздың ақиқаты әлі күнге дейін сақталған төбе бауырындағы жүздеген адам жерленген қорымдар. Зерттеушілер үңгір маңындағы қорымды Шаған шайқасында қаза тапқан сарбаздардың зираты деп болжайды. Олай деуінің себебі, зират тас-тарында қазақ руларының таңбалары белгіленген.

Қоңыр әулие үңгірінің емдік қасиеті туралы ел ішінде көп айтылады. "Елден естігенім емес, өз көзіммен көрген оқиғаларды айтып берейін. Ата-анасы кішкентай ұл баланы әкелді, жүре алмайды екен, көлге шомылып, жүріп кеткенін өз көзіммен көрдім. Астанадан бір әйел келді, оған "мидың қатерлі ісігі" деген диагноз қойылыпты. Бар мүлкін сатып, бірнеше шет елде ем алған, бірақ еш нәтиже шықпапты. Көлге түсіп қайтқан, бірнеше айдан соң оралды, жазылып кеткенін айтты. Тағы бір оқиға, омыртқасындағы ақаудан жүре алмай қалған ер адамды үңгірге көтеріп кіргізген еді. Көлге түсіріп, бір күн қонған, келесі күні жүріп кеткеніне де куә болдым", - депті тенгриньюс сайтына сұхбат берген Ораз Әбділдин.

Ауруынан айығып шипа тауып жатқандарға "Тәңір жар болсын" дейсің. Ал киелі орынның кемшілігі көп айтылып, көпшіліктің көңілінен шықпай жүргені ақиқат. Жолы жөнделіп, заман талабына сай қонақ үйлер салынса, киелі орынның турист тартуға әлеуеті зор екендігі анық. Қонақтардың қызығушылығын арттыру үшін Қоңыр әулие үңгірінің құпиясы мен тарихын зерттеп, зерделей түскен абзал.

Следующая →
Тақырыптар: ШҚО Қоңыр әулие Үңгір