Өскемен
пасмурно
+11°
  • Өскемен
    +11°
  • Алматы
    +17°
  • Астана
    +14°
  • Ақтөбе
    +11°
  • Актау
    +14°
  • Орал
    +16°
  • Қарағанды
    +13°
  • Көкшетау
    +9°
  • Қостанай
    +8°
  • Қызылорда
    +19°
  • Павлодар
    +15°
  • Петропавловск
    +5°
  • Тараз
    +15°
  • Туркестан
    +8°
  • Шымкент
    +18°
$
447.89
476.78
¥
61.89
4.79
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Қазақ тілінде оқытатын тігін курсын ашты

Өскемен қаласының тұрғыны Айгүл Бөкейханова таланты мен еңбегінің арқасында бірнеше кәсіптің тізгінін берік ұстаған

Айгүл Ержанқызы қала ішінен тігіншілікке тәрбиелейтін курс ашып қойған. Алдағы уақытта бұл саланың білікті маманы болуды армандайды. Тәй-тәй басқан тіршілігінің сүрлеуін даңғыл жолға айналдырмақ ниетте.

- Кішкентай күнімнен қолөнерге жақын болып өстім. Шығармашылық пен шеберлік бір арнада тоғысқан жұмыс адамға бақыт сыйлайды, - дейді Айгүл.

Қолөнер - фото А. Бөкейханның жеке мұрағатынан (4).jpg

Тігіншілікпен кәсіби түрде екі жылдан бері айналысып, қыр-сырын жеттік меңгергесін, білгенін басқаларға да үйрету мақсатында тігін курсын ашыпты. Бастапқыда қандай жұмыстың болмасын қиыншылығы адам сағын сындырып, бірден нәтиже бермесі анық. Осындай уақыттарда жігерін жанып, қателіктерін түзеткен. Сәтсіздіктен сабақ алып, жығылған орнынан тұрудың өзі екінің бірінің қолынан келмейтін қасиет. Сонау мектеп қабырғасынан 7-сынып оқушысының түрлі сахналық киімдерді өзі тігіп кигендігіне қалай қайран қалмайсың. Адамға берілер талант атаның қаны, ананың ақ сүтімен дариды. Әкесі Ержан Искаков та өнерден кенде адам емес, мүсінші, қылқалам шебері мектеп оқушыларына "сурет" сабағынан білім береді. Анасы Айман Отарбаева - "физика" пәнінің мұғалімі. Ұлағатты қос ұстаздың тәрбиесін көріп өскен Айгүлдің бала жүрегі театр актрисасы болуды қалаған. Мектепті бітірген жас түлектің тілегі мүлде басқа салаға ауысыпты. Қазақ өнері мен білімінің қара шаңырағы Алматы қаласына келіп, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясына оқуға тапсырады. Шығармашылық сыннан сүрінбей өткенімен, "математика" пәнінен балы жетпей оқуға түсе алмайды. Кейін әке-шешесінің кеңесімен С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне грантқа оқуға қабылданады. Қазақ сөз өнерінің де құдыретімен тыныстаған өнерпаздың артықшылығы ұстаздар тарапынан да ұдайы оң бағаланатын. Филология факультетінің бакалавр және магистратурсын "қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығы бойынша аяқтаған. Алғашқы еңбек жолын Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында ұстаздық қызметтен бастапты. Кейін бұл саладан жеке кәсіпке ауысқан.


Қолөнер - фото А. Бөкейханның жеке мұрағатынан (23).jpg

Бұлбұл көмей, жез таңдай қыз құдай берген әсем дауысының үнімен әншілік өнердің аспанында самғап көрді. Кәсіби музыкалық білімі болмағанымен, "жиеннің жақсы болуы нағашыдан" дегендей, нағашы жұртынан дарыған қастерлі өнер айдынында бағын сынап көріпті. Қазақтың дәстүрлі әндерін эстрада жанрына салып айтып, тыңдарманның жоғары бағасын алған. Қазір той иелерінің тілегіне қарай ұлттық дәстүрімізге сай қыз ұзатарда бойжеткеннің елімен қоштасар әнін айтып, құт мекенінен шығарып салып жүр. Негізгі мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болса, бала күнінен әкесінен сызу өнерін үйреніп өскен. Қазір "қазақ тілі мен әдебиеті" және "сызу" пәндерінен қосымша дәріс береді.

- Мен өз уақытымды тиімді пайдаланғым келеді. Кәсіп ашып және оны одан әрі дамыту үшін ұдайы ізденіс пен еңбектену қажет. Осы мақсатта айтарлықтай тер төктім деп ойлаймын. Себебі адамға өзіндік жеке көзқарас қалыптастыруына және дамытуына пайдалы кітаптар мен ақылы оқуларға бардым. Алдымен Алматы қаласында екі ай көлемінде онлайн оқытылатын "Бизнес бастау" тренингіне қатыстым. Өз қолымнан келетін кәсіптің бұйдасынан ұстауға бекініп, қабілет-қарымымды одан әрі ұштау үшін Алматы қаласында бір айлық тігін курсынан тәлім алдым. Білмегенімді үйреніп, шеберлігімді шыңдадым. Өскемен қаласына келіп, жергілікті өз саламның үздіктерінің жұмысымен таныстым. Оларда жоқ артықшылықты іздеп тапқандай болдым. Себебі облыс орталығында тігін курсын қазақ тілінде үйрететін тігіншілер жоқ болды, - дейді Айгүл Ержанқызы.

Қазіргі уақытта халық арасында тігін курсына қатысқысы келетіндер мен қызығушылардың саны күрт артқан. Өйткені дүкеннен алатын киімге қарағанда оны өз еңбегіңізбен тігіп кисеңіз қандай тамаша! Ең кішісі 16-58 жас аралығындағы қыз-келіншектермен қатар бірер ер азаматқа да Айгүл Ержанқызы базалық киім тігуді үйретеді. Курстарға жас қыздармен қатар қарт апаларға дейін келетін көрінеді.

Қолөнер - фото А. Бөкейханның жеке мұрағатынан (28).jpg

Бүгінгі күнде кәсібін ұршықтай иірген Айгүл өзі тіккен той көйлектері мен сәукелесін жалға да береді.

- Мен тапсырыс берушілердің ыңғайына қарай барлық жағдайды қарастырдым, - дейді жас тігінші. - Себебі матасын өзіңіз әкелсеңіз, бір той көйлегін тігу құны 100 мың теңге. Келушілер матаның сан қилы әр түрінен әкелуіне болады, мен өз жұмысымның еңбегін аламын. Кішкентай қыздарға арналған көйлектер бағасы 10 мың теңгеден бастап жоғарылай береді. Тігін курсында киімнің бірнеше түрі үйретіледі. Олар: жейде, көйлек, шалбар, белдемше сынды үлгілерді қамтиды. Қазақтың қай үйінде де тойға жайған дастарханы жиылмаған заманда халық киіммен қатар сыртқы келбетіне де көңіл бөле бастады. Түрлі жастағы әйелдердің сұлулық салонында сәнденуді қалтасы көтермейді. Мен сол үшін бет әрлеуші мамандығын қосымша игердім.

Тігіншінің айтуынша, нарықта арнайы қол еңбегімен жасалған бұйымдар жоғары бағаланды. Себебі бір сәукелені әшекей тастармен безендіруге қарай 3-10 күн кетуі мүмкін. Той көйлектерін де осындай 3-10 күн аралығында тігіп үлгереді екен.

- Менің жаңа заман ағысына сай мақсатым - курсты онлайн режімде дамыту. Осы күнде адамдар әлеуметтік желіні бірі бос уақыт өткізуге, ал екіншісі ақша табуға пайдаланады. Мен өзімді бұл екі тиіптің соңғысына жатқызамын. Тігін курсымды инстаграм желісінде онлайн жүргізгім келеді. Қазір қаралым саны көп емес, десе де сақталған бейнежазбаларымды көрушілердің саны 400-500 адамды құрайды, - дейді шебер.

"Осындай көп жұмысты бір өзіңіз қалай алып жүресіз?" деген сұраққа ісмер қыз "уақытты тиімді пайдаланамын" деп жауап берді.

Менімен сұхбаттасып отырғанның өзінде "жұмыс істеп отырмын" деген жауабына таңданыспен қарағаным жасырын емес. Айгүл Ержанқызы сол уақытта онлайн курсының бір сабағын сатып үлгеріпті. Қазір сәукеле, базалық тігін курсы мен той көйлектерінің онлайн сабағын еліміздің барлық облыстары, қалалар мен ауылдардағы халық сатып алады. Кей күндері тек онлайн тігін курсын сатып алушылардың өзінен жақсы табыс табады екен. Кәсіптің қайнар көзін тапқан жас тігінші жарнамадан қаражат үнемдемеу керектігін ескертеді. Себебі аз ғана болса да жеткен жетістігінің бір белесін осы жарнамамен байланыстырады. Ол тігін курсы инстаграм әлеуметтік желісінде бір апталық жарнамалауға 2000 теңге жұмсаған. Есесіне осы кеткен ақша неше есе болып қайтатынына сенімі мол.

Айгүл Ержанқызы болашақта тігін курсының аудиториясын ұлғайтуды армандайды. Заман талабы бізге сыйға тартқан әлеуметтік желінің артықшылықтарын пайдаланып, киім тігуді онлайн үйретуді жаппай жалпыластыруды мақсат еткен. Қолөнер шебері адал еңбегінің жемісін көріп, әлемнің көрікті жерлеріне саяхаттағысы келетіндігін де жасырмады.

Следующая →