Өскемен
ясно
+6°
  • Өскемен
    +6°
  • Алматы
    +10°
  • Астана
    +11°
  • Ақтөбе
    +20°
  • Актау
    +21°
  • Орал
    +24°
  • Қарағанды
    +8°
  • Көкшетау
    +11°
  • Қостанай
    +13°
  • Қызылорда
    +20°
  • Павлодар
    +7°
  • Петропавловск
    +12°
  • Тараз
    +14°
  • Туркестан
    +21°
  • Шымкент
    +17°
$
443.35
-0.87
475.54
-0.84
¥
61.18
-0.13
4.82
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Қымбат Слямбеков
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Онлайн несие орға жығады

Қазақстанның Ұлттық банкі азаматтардың банк алдындағы берешегі өсіп бара жатқанын айтып, дабыл қаға бастады

Әсіресе, шағын несие беруші ұйымдардың қарыз беруі көбейіп кеткен. Енді бұл мәселені қолға алмақ.


Онлайн-несие орға жығады


Жалпы, Шығыс Қазақстан халқы елімізде несиені көп алушы өңірлердің қатарына жатады екен. Ұлттық банктің ресми деректеріне сүйенсек, 2018 жылы ел азаматтарына 13 трлн теңгеден астам несие берілсе, оның ішінде шығыс өңірінің тұрғындарына 448 млрд теңгеден астам несие берілген. Бұл көрсеткіш жағынан Шығыс Қазақстан облысы Нұр-Сұлтан мен Алматы және Шымкент қалаларынан кейін төртінші орында тұр. Бірінші орында Алматы қаласы. Оның тұрғындары 8 трлн теңгенің несиесін алған.

Қазір бір адамның мойнында, орта есеппен, 800 мың теңге берешек бар екен. Былтыр бұл қарыз 700 мың теңгеге тең болатын: жыл сайын өсіп келе жатыр.

Ал шығысқазақтандықтар былтыр несиелерін төлей алмай, банк алдында 28 млрд теңге берешек болған. Оның ішінде 17 млрд теңгесі Өскемен тұрғындарының еншісіне тиеді.

Ал қазақстандықтардың банк алдындағы жалпы берешегі 4 трлн теңгеден асып кеткен. Ұлттық банк басшылығы бұған онлайн кредит беретін ұйымдардың көбейіп кеткендігі көреді. Өйткені бұл шағын ұйымдардың пайызы өте жоғары, соның салдарынан қарызға белшесінен батушылар да көп.

Қазір қалада "еңбекақыға дейін қарыз беру", "жылдам ақша", "жалақыға дейін ақша бере тұрамыз" сынды жарнамалары мен таблолары ілінген ұйымдардан көз сүрінетіні жасырын емес. Осыдан екі-үш жыл бұрын мұндай ала-құла жазулардан қала көшелері ада-тұғын. Бұған дейін жасырын жұмыс істеп келген мұндай ұйымдар қазір атын маңдайшаға іліп, елдің назарын аудара бастады. Несие беруші шағын ұйымдардың көбейгені халықтың да әл-ауқатының азайғанын көрсетеді.

Әсіресе, шағын қарыз беруші ұйымдардың көп құжат талап етпейтіндігі әрі небары 15 минуттың ішінде-ақ несие бере салатындығы талайды тұзаққа түсіріп әлек.

- Осыдан бір жыл бұрын біз сауда дүкенінің жанынан жылдам қарыз беретін дүңгіршек ашылды. Басында келушілер бола қойған жоқ. Бірақ кейін кіріп-шыққандардың қарасы көбейіп, топ-тобымен келіп, ұзын-сонар кезекке тұратын болды. Тіпті, дүкенге кіретін жолды бөгеп тастайды. Бір байқағаным - мұндай жерлерге жағдайы жоқ адамдар, қағылған-соғылғандар көп келеді, - дейді сатушы Айдана Болатбекқызы.

Шағын несие ұйымдары 5 мың теңге мен 300 мың теңгенің аралығында қарыз береді. Көбі тек бір айға ғана рәсімдейді.

- Егер банктер несиеге қосылатын үстемақыны бір жылға есептеп қосатын болса, микрокредит ұйымдары берешекті бір айлық үстемемен қосып береді. Мысал үшін айтсақ, 100 мың теңге алсаңыз, бір айда 150-160 мың теңге етіп қайтарасыз. Ал бұл банктің пайызынан әлдеқайда көп, - дейді банк менеджері Раушан Қинаятқызы.


Қадағалаусыз кеткен қаржы ұйымдары

Ең сорақысы сол - мұндай ұйымдарды Үкімет те, Ұлттық банк те қадағалай алмайды. Ұлттық банктің құзырына микроқаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер ғана енеді. Ал онлайн несие берушілер мен көшедегі еңбекақыға дейін несие беретін ұйымдарға қауқары жетпейді.

Ал Бірінші кредиттік бюроның мәліметтеріне сүйенсек, жыл сайын берілетін несиелердің төрттен бір бөлігі онлайн арқылы жүзеге асады. Онлайн-несие азаматтардан көп құжат талап етпейтіндіктен, оған жүгінушілер де көп. Бар болғаны жеке куәлік қана қажет. Оның үстіне, онлайн несиелеу жүйесі ақшаны кепілсіз және табыс мөлшерін растамай-ақ алуға мүмкіндік береді. Сондықтан пайыздық мөлшерлеме ломбардтарға қарағанда жоғары. Мұндай шағын ұйымдардан несиені, әсіресе, жұмыссыз жүргендер көп алады. Яғни, ресми банктен несие ала алмайтындар осындай шағын ұйымдарға келіп бас сауғалайды.

- Мен онлайн арқылы да, банктерден де несие алдым. Қазір жеті бірдей несиені төлеп отырмын. Шыны керек, бұл несиелердің барлығын бірінен кейін бірін жабу үшін алған екенмін. Бір кірген соң шығу өте қиын. Соны енді түсініп отырмын. Ол қарыздарымды қайтару үшін бес жыл жатпай-тұрмай жұмыс жасауым керек екен, - деп өкінішін жеткізді Ұлан ауданының тұрғыны Айгүл Өскенбаева.


Қарызды алу оңай, қайтару қиямет-қайым

Қалай десек те, қазір несие алу тым жеңілдеп кетті. Соның кесірінен қарызға кірушілер де көбейіп барады. Алайда оңай қаржының оп-оңай қайтарылуы екіталай екендігін ескермей жатамыз.

- Адамдардың психологиясына салса болды - қарызды, тіпті, келесі айда қайтарып тастайтындай көрініп тұрады. Ойша жоспар құру оңай, бірақ оны жүзеге асырудың қиын екендігін ескермейді. Осылайша опық жейді. Соның кесірінен жүрек, қан қысымы сынды қауіпті ауруға душар болады. Сол себепті несие алар кезде тоғыз рет ойланып, бір рет шешім шығару керек дейді, - дейді психолог Лев Ануфриев.

Қазір "7-20-25" бағдарламасы арқылы баспана алуға ипотека беріле бастағаны белгілі. Сарапшылар мұны ел тарихындағы ең тиімді баспана бағдарламаларының бірі деп баға бергенімен, оған қол жеткізу де оңай болмай отыр. Өйткені "несие тарихын" бүлдіріп алған тұрғындар енді басты арманына қол жеткізе алмай жүр. Олардың арасында, тіпті, бір күн несиесін кешіктіріп, жаба алмай, өсімпұл қосып алғандар да бар екен.

- Дәл осы жастағы қазақстандықтар онлайн-қарыз алу салдарынан көбіне ірі сомадағы қарызға белшесінен батады екен. Олар несие тарихын бүлдірген немесе алдағы уақытта бүлдіреді. Кішігірім онлайн-қарыз үшін көптеген отбасы жақсы әрі тиімді мемлекеттік тұрғын үй несиелеу бағдарламасына қатысу мүмкіндігінен айырылып жатады. Алайда онлайн-қарыз алғанға қарағанда, баспана алған әлдеқайда тиімді емес пе?! - дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ШҚО бойынша филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Аслан Самжанов.

Сондықтан мамандар несие алуға келгенде қаржылық сауаттылықты қолданып, барынша ойланып, есептеп, саналы түрде келу керектігін ескертеді.

Ұлттық банк осындай жылдам ақша беруші ұйымдарды жабу үшін барынша әрекет етуде. Бұған дейін салық төлемегендерге несие бермеу, несиесін төлей алмағандарды жұмысқа алмау сынды шаралар қолданылған еді. Алайда мұның пайдасы бола қоймады.

Енді Ұлттық банк қарыз беруші шағын ұйымдардың әрекетін тоқтату үшін заңға өзгерістер енгізіп, соның шеңберінде шара қолдануды мақсат тұтып отыр.

- Біріншіден, қарызды қайтару мерзімі өтіп кеткен азаматтарға кредит берілмейді. Мәселен, кредит алған адамның ақшаны қайтару мерзімі 60 күннен асып кетсе, оған қосымша кредит рәсімделмейді. Өйткені кейбір адамдар бірінші кредитті жабу үшін тағы кредит алып жатады. Екіншіден, кредит сомасының шекті мөлшері болады. Қарыздың сомасын арттыруға мүмкіндік берілмейді. Әйтпесе, артынан ондай кредитті өтеу қиынға түседі, - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков.

Мұндай қаржылық ұйымдардың көп ісі көлеңкелі болғандықтан, салықтан жалтару, лаңкестік ұйымдарды қаржыландыру сынды күмәнді әрекеттерге баруы мүмкін. Сол себепті іске көшкен жөн көрінеді.


Следующая →