Өскемен
пасмурно
+19°
  • Өскемен
    +19°
  • Алматы
    +20°
  • Астана
    +15°
  • Ақтөбе
    +8°
  • Актау
    +17°
  • Орал
    +12°
  • Қарағанды
    +17°
  • Көкшетау
    +11°
  • Қостанай
    +7°
  • Қызылорда
    +26°
  • Павлодар
    +15°
  • Петропавловск
    +10°
  • Тараз
    +20°
  • Туркестан
    +5°
  • Шымкент
    +20°
$
441.66
-2.48
475.14
-1.91
¥
61
-0.34
4.86
+0.01
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Қымбат Слямбеков
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Шығыстағы қорықшылар өмірі де қауіпке толы

Қарағандыдағы қорық инспекторы Ерлан Нұрғалиевтің қазасы елді дүрліктіргені белгілі

Ақбөкенге ауыз салған сұғанақ аңшыларды ұстау үшін ізіне түскен табиғат қорғаушысы ақыры қаскөйлердің қолынан қаза тапты. Бұл істің әлі де анық-қанығы белгісіз. Тек бір нәрсе ғана анық. Ол - қаһарман қорықшының қазақ даласының символына айналған киіктерді қорғау жолында борышын адал атқарып кеткендігі.

Осыдан-ақ қарапайым табиғат қорушыларының да қызметі қандай қауіп-қатерге толы екендігін аңғаруға болады. Осыған орай, қиындығы мен қызығы қатар жүретін қорықшылардың қызметі, браконьерлермен күрес барысында туындайтын жағдайлар төңірегінде табиғат қорғау инспекторларымен сұбаттасқан едік.


Байығысы келеді

Жалпы шаруашылық инспекторлары үш үлкен топқа бөлінеді: олар - балық қорын бақылаушы инспекторлар, аңшылық инспекторлары және орман инспекторлары. Табельдік қару асынып, қызметтік форма киіп жүретін бұл қызметкерлерден талай адам жасқанады. Алайда өліспей беріспейтін қаскөйлер де көп. Мәселен, балық инспекторларының айтуынша, браконьер атаулыны екі топқа бөліп алуға болады: оның бірі ас-суын айырып отырған, ұсталып қалмаудың қамын ойлап, барынша сақ қимылдайтын күнделікті балықшылар болса, екіншісі - заңды белінен басып, бірден байығысы келетін әккі сұғанақ жырындылар. Әсіресе, соңғылардың қастығы қызметкерлердің өміріне зор қауіп төндіреді.

- Мәселен, осыдан төрт жыл бұрын Күршімнің балық аулауға тыйым салған аумағында Тораңғы айдынында уылдырық шашу кезеңінде балық аулап жүрген екі азаматтың үстінен түстім. Суға 20 ау құрып, 600 келі балық ұстаған екен. Бұл өте көп. Бұған қылмыстық іс қозғалады. Серіктесіміз екеуіміз олардың құжаттарын толтырып жатқан кезде, ауылдан туысқандары келе қалып, бізге шүйліге бастады. Бірі, тіпті, ашуға беріліп, үстіме бензин құйып, мені өртеп жібермекші болды. Бар мақсатым полиция келгенше, оларды алдарқата тұру еді. Абырой болғанда, дер кезінде полиция келіп, бүлікшілер ұсталды, - деп еске түсірді мемлекеттік инспектор Фархат Байбазаров.

Егер жағалауда 5 мың халық тұрады десек, оның 500-і балықпен айналысады.

- Ал сол балықшылардың жартысы заңсыз балық аулауға шығады. Тегін дүниеден әлі ешкім бас тартып көрмеген. Сондықтан аяқ астынан ақшаға кенелгісі келетіндер «дайын асқа тік қасық салады». Әдетте, сұғанақ браконьерлер көп нәрседен хабардар болып отырады. Қай жерде балық көп, қай күні рейд болады, ал қай күні болмайды - соның барлығын тауып біліп отырады. Сондықтан да оларды ұстау қиынға түседі. Ал үстінен түскен күннің өзінде қарсылыққа басып, не қашуға, не күш көрсетуге тырысады, - дейді ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Талғат Рақымжанов.

Бөлім басшысының айтуынша, Зайсан балықшыларының инспекторларға қоқан-лоққы көрсеткен кездері көп болған екен. Инспекторлардың үйіне барып қорқытқан не болмаса үйлеріне шақырып алып жасқандырған кездері болған.

- Алайда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің араласуымен бұл іс шешіліп, адам өміріне қауіп төндірмек болғандар заңға тартылды, - дейді Талғат Тұрсынханұлы.


Табиғат та қауіп

Инспекторларға адамнан бөлек табиғаттан да келетін қауіп көп. Рейдке шығып, боранда, дауылда қалып қалған кездері болған. Оның үстіне, көл үстінде ықтайтын жер де жоқ. «Қан мен тердегі» балықшылардың тағдыры технология дамыған қазірге заманға да тосын емес. Бірде Зайсан инспекциясы қызметкерлері мұзы қатқан көлге рейдке шығып, кейін бұрқасын басталып кері қайтады. Алайда жолда балықшылар кездесіп, көлдің ортасында басқа да балықшылардың техникалары бұзылып, жолда қалғанын айтады.

- Ал инспекторлар қайта бұрылып, әлгі балықшыларды құтқаруға кетеді. Балықшыларды тауып алып, техникаларын тастап, өздерін көлікке отырғызып алып ауылға қайтады. Алайда жолда жағармай таусылып, мұз үстінде тоқтап қалады. Екі күн бойы боран соғып, оларды табуға мүмкіндік болмайды. Сөйтіп, үшінші күн дегенде GPS-пен әрең таптық, - дейді мемлекеттік инспектор.


Мас аңшылар көп

Ал аңшылық инспекторлары аң атуға шығатын браконьерлердің көбі ауқатты адамдар екендігін әрі олар аң аулауға еріккеннен шығатынын айтады. Аңшылықты демалысқа, хоббиге балайтын бұл жандар мезгілге, құжатқа қарамайды. Жылдың тек күз айларында ғана аң аулауға рұқсат етілген. Оны олар місе тұтпайды. Оның үстіне, аңшылық билеті болуы керек. Оны жергілікті аңшылық шаруашылық мекемелері мен ұйымдарынан алса болады. Шығыс Қазақстанда ондай 33 ұйым бар.

- Аң аулауға көбінесе қалталы, тамыр-танысы көп адамдар шығады. Олар жол талғамайтын қымбат көліктермен, қар кешкіш техникалармен жүреді. Ал кейбір браконьерлер қымбат аңдарды аулау арқылы байлыққа кенелгісі келеді. Әрине, олар қалайда полиция мен инспекция қызметкерлеріне ұсталмаудың амалын жасайтыны анық. Сондықтан олармен жұмыс жасаған ауыр. Әсіресе, аңға шыққандардың көбі ішімдік ішіп алып жүреді. Ол да қиын. Өйткені мас адам конфликтіге көп баратыны белгілі, - дейді мемлекеттік инспектор Ерік Дайырбаев.


Браконьерлерді ұстау үшін айла керек

Инспекторлардың мұндай аңшыларды ұстауының өзіндік тактикасы бар. Қымбат техника мініп жүретін сұғанақ аңшыларды ұстай қою қиын. Оның үстіне, мұндай аңшылар жергілікті жердің ой-шұңқыры мен қыр-белесін бір адамдай біледі. Қашқанда қуып жеткізе қоюы қиын.

- Аңға көбінесе, сол ауданның тумалары келеді. Тау-тасты білетін, аңның қай бөктерде жүретінін жақсы біледі. Сондықтан браконьерлерді қапыда ұстауға тырысамыз. Оларды бірнеше күн бойы аңдитын кездеріміз болады. Демалып жатқан жерінен, атқан аңды сойып жатқан кезде, басқа да қапылыс тудырар сәттерде үстінен түсеміз. Сонда қашып құтыла алмайды, - дейді инспектор.

Алдыңғы жылы екі елік атып алып, инспекторлардан құтылып кеткен ер азамат ұсталған екен. Ең қызығы сол - ол елік сойған орында мылтығы мен пышағын қалдырып кеткен көрінеді. Оны алуға келген жерінен ұсталған екен.

- Егер браконьер көлікпен не қар кешкішпен жүріп заңсыз аң ауласа, оған қылмыстық іс қозғалады. Оның жазасы ауыр, абақтыға қамалады. Ал жаяу жүріп аң атқан болса, онда оған әкімшілік айыппұл ғана салынады. Заңсыз аң аулаушылар шамасына қарай аң айлайды. Бірі тұяқты жануарларға ауыз салса, бірі аю, қасқыр, борсық сынды жыртқыштарға, енді бірі бөдене, шіл, үйрек сынды құстарға мылтық кезеніп жатады. Аю мен қасқыр аулаушылар да көп, - дейді Ерік Дайырбаев.

Инспекторлардың айтуынша, браконьерлер әлі де азая қоймаған. Әрине, осыдан он жылғы бұрын аңшылықпен салыстыруға болмайды. Өйткені ол кезде елде заңсыз қару көп болатын. Оның үстіне, ұсақ қылмыстар да шаш етектен еді.

- Ал қазір браконьерлер көп ұсталады. Содан болса керек, олардың азаймай тұрғандығы, - деп түсіндірді инспектор.

Следующая →