Күрделі метеожағдайларда жолаушыларды тасымалдау алгоритмі әзірленеді
Үкіметте қолжетімді көлік қатынасын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды
Бүгін ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен жаңа жылдағы алғашқы жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды Устинка LIVE.
25 желтоқсаннан бастап Қазақстанның барлық өңірінде ауа райы күрт бұзылды.
Көлік министрлігінің ақпаратына сүйенсек, ауа райына байланысты 150-ге жуық ескерту жарияланып, көлік жолдарында қозғалыс тоқтады және шектелді.
Сонымен қатар, 29-31 желтоқсан аралығында Астанада ауа райы күрт бұзылды: қалың қар жауып, боран соқты, желдің жылдамдығы секундына 26 метрге жетті. Соның салдарынан 100-ден астам рейс кешіктірілді. Бұл ретте әуекомпаниялар 29 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында кешіктірілген және тоқтатылған рейстерге билеттер құнын 100% қайтарады.
Үкімет кеңесінде алдағы уақытта рейстердің ұзақ мерзімді кешігу қаупін азайту үшін әуекомпаниялар мен әуежайлар арасындағы үйлестіру күшейтілетіні айтылды. Атап айтқанда, күрделі метеожағдайларда жолаушыларды тасымалдау үшін іс-қимыл алгоритмін әзірлеу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, әуежайларды арнайы техникамен және құрал-жабдықтармен қосымша жарақтандыру, сондай-ақ жолаушыларға хабарламалар таратуды күшейту мәселелері пысықталатын болады.
Жалпы орталық және жергілікті мемлекеттік органдар үйлесімді жұмыс жүргізді. Сондай-ақ қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін жекелеген ведомстволар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту керек, — деді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы барлық үйлестіру штабының жұмысын жандандыруды, көлік жолдары мен елді мекендердегі көшелерді қардан тәулік бойы тазартып отыруды, сондай-ақ жолаушыларды жылыту бекеттеріне шұғыл эвакуациялау үшін көлік құралдарының қорын қалыптастыруды талап етті.
Көлік министрлігі мен “ҚазАвтоЖол” компаниясы республикалық және халықаралық маңызы бар автожолдарда қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етуді ерекше бақылауға алуы керек. ТЖМ Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, қолайсыз ауа райы туралы халықты алдын ала хабардар етуі тиіс, — деді премьер-министр.