Қазақстанның барлық мектептерінде ұлттық ойындар челленджі өтеді
17 қарашада еліміздің барлық оқушылары бір мезгілде "Бес табан" және "Бес асық" ойындарын ойнайды
Челленджге еліміздің миллионнан астам оқушысы қатысады деп күтіледі, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Мақсаты – білім алушыларды рухани-адамгершілік, эстетикалық, патриоттық бағытта тәрбиелеу, мәдени құндылықтарды сақтау және ұлттық ойындарды дәріптеу.
Ұлттық ойындар – адамға қанат бітіріп, шабыттандыратын ғажайып сайыстар, ол денсаулықтың ғана емес, өмір үйлесімділігінің кепілі. Мәселен, асық ойнау баланың жүйке-бұлшықет жүйесін шынықтырады, дүниетанымын кеңейтеді, оның шапшаң қимылдауына әсер етеді, сондай-ақ көру қабілетін жақсартады, - дейді Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова. - Бұл кең көлемді республикалық акция еліміздің барлық білім беру ұйымдарын біріктіруге, өз елі үшін, халық құндылығы үшін мақтаныш сезімін қалыптастыруға, қазақ халқының мәдениеті мен тарихына қызығушылықты арттыруға бағытталған.