Қажылық сапарға 3000 қазақстандық аттанды
Биыл Қасиетті Зүл-Хижжа айының 1-16 аралығында барша мұсылмандар Қағбаны тәуәп етіп, өздерінің қажылық парыздарын өтейді
2022 жылы Қазақстаннан Сауд Арабиясына қажылық парыздарын өтеуге 3000 адам аттанды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Пандемияға дейін Қазақстан үшін 10 000 мұсылманға дейін қажылық жасауға мүмкіндік берілген. Алайда екі жыл әлемдік індет салдарынан елімізден ешкім қажылыққа бара алмады.
2022 жылы Сауд Арабиясы Қажылық және ұмра министрлігі әлем елдерінен қажылыққа келетін мұсылмандар санын 45,2 пайызға дейін қысқартып, биыл 1 миллион адамды ғана қажылыққа шақырып отыр. Сол себепті биыл Қазақстанға 4527 қажылық орнын алуға рұқсат берді.
- Бірнеше себепке байланысты 2022 жылы конкурстық негізде 14 туроператорға жалпы саны 3000 қажылық орны бөлінді. Туристік фирмалардың басшылары мен өкілдерінің пікірлері дауысқа салынып, нәтижесінде Сауд Арабиясы Королдігінің Қажылық және ұмра министрлігінен Қазақстан азаматтары үшін 2022 жылғы қажылық маусымына 3000 қажылық орнын алатын болып шешім қабылданды. Себебі САК Қажылық және ұмра министрлігі Қазақстан азаматтары үшін берген қажылық орындары толмай қалған жағдайда туроператорлар қыруар шығынға ұшырап, Қазақстан қажылық миссиясына айыппұл салынатындығы белгілі, - деп түсіндірді Қазақстан мұсылмандар діни басқармасында.
Ислам дінінде ақыл-есі дұрыс және балиғатқа толған мұсылманға өмірінде бір мәрте Мекке қаласына барып, қажылықты орындау парыз етілген.