Банктердің жабылғаны үшін 230 мың қазақстандықтың салымы қайтарылды
Қазақстандық депозиттерді кепілдендіру қоры зардап шеккен салымшыларға өтемақы төлей бастады
Таратылатын банктердің 230 мыңдай депозит иелері БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарына ҚДКБҚ-дан өтем ақшаларын алды, деп мәлімдеді мекеменің баспасөз қызметі.
Салымшылардың таратылатын сегіз банктегі талап етпеген өтем сомалары олардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жеке зейнетақы шоттарына ойдағыдай аударылды.
2022 жылдың 2 мамырында «Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Қазақстан Эксимбанкі» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ және «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтемді төлеу мерзімі аяқталды.
Төлем мерзімі аяқталған соң, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (Қор) талап етілмеген өтем сомаларын ҚР заңнамасына сәйкес күнтізбелік 30 күн ішінде зейнетақы шоттарына аударды. Бұл ретте дербес деректері (ЖСН, ТАЭ) БЖЗҚ базасындағы деректерге сәйкес келетін салымшылардың талап етпеген өтем сомалары БЖЗҚ-ға аударылғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар салымшының жеке басын растайтын қолданыстағы құжаты, сондай-ақ міндетті және (немесе) міндетті кәсіптік және (немесе) ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары болуы қажет.
2022 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша таратылу үдерісіндегі банктердің 229 715 салымшысының талап етпеген өтем сомалары олардың жеке зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударылды.
Айта кетелік, таратылатын банктердің салымшылары зейнетақы шоттарына келіп түскен ақшаны БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы жеке кабинеті, оның мобильді қосымшасы, салымшыларға қызмет көрсету кеңселері немесе «электрондық үкімет» порталы арқылы біле алады.
Еске саламыз, төлем мерзімі аяқталып, талап етілмеген сомалар БЖЗҚ-ға аударылған күннің өзінде заңнамада салымшылар үшін Қорға дәлелді себептерді растайтын құжатты және жазбаша өтінішті ұсына отырып, өтем алу құқығы қарастырылған.
Мұндай өтінішке төлем мерзімі кезінде кепілді өтемді төлеуге өтініш беруге кедергі келтірген мынадай мән-жайлардың бірін растайтын құжат қоса беріледі: әскери қызметке орналасу, депозитордың шетелде немесе бас бостандығынан айыру орындарында болуы. Олардан басқа салымшының мұрасын қабылдау және мұраны алу мен ашуға қатысты басқа да себептер, сондай-ақ сот анықтаған өзге де мән-жайларды айтуға болады.
ҚДКБҚ дәлелді себептер бойынша өтінішті банк түпкілікті таратылғанға дейін немесе кепілді өтем сомасы БЖЗҚ-ға аударылған жағдайда, депозитордың ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындағанға дейін қабылдайды.
Таратылатын банктердің салымшыларына ҚДКБҚ мамандарының ақыл-кеңестері байланыс орталығының 1460 нөмірі және kdif.kz сайтының чат-боты арқылы қолжетімді.