ШҚО-да тіркелмеген қаруды тапсырғаны үшін ақы төленеді
Аймақтық полиция департаменті заңсыз сақталған қаруды сыйақы үшін қабылдау акциясын жалғастыруда
6 мамырда жергілікті полиция бөліміне марқұм әкесінен қалған 16 калибрлі "ИЖ-К" бір ұңғылы аңшылық мылтығын өз еркімен тапсыру үшін Үржар ауданының 56 жастағы тұрғыны келді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Мұндай жағдай жалғыз емес. Акция өткізілген 19 күн ішінде полицияға 65 өтініш келіп түсті, 92 бірлік атыс қаруы және 7-62 калибрлі 370 патрон қабылданды.
Іс-шараны өткізуге мемлекеттік бюджеттен 10 миллион теңге бөлінді, оның 6-сы игерілді.
Қару-жарақ заттарын қабылдау әрбір аумақтық полиция органында жүргізіледі. Қазақстанда ерікті түрде тапсырылған атыс қаруы үшін сыйақы мөлшері әрбір қару бірлігі үшін 10 - нан 100 АЕК-ке дейін (30-дан 306 мың теңгеге дейін) құрайды, - деп нақтылады ҚР ІІМ-де.
Тәртіп сақшылары оқ-дәрілерді тапқан кезде оларды полицияға өз бетінше жеткізуге тырыспау керектігін де еске салды. Табылған зат туралы 102 немесе 112 нөмірлері бойынша хабарлау керек.