Өскемендіктер Наурызды қалай қарсы алмақ?
22 наурыз күні жасөспірімдер қоғамдық көлікте тегін қатынап, кинотатрларда тегін кино көре алады
Елдегі карантиндік шектеулерге байланысты 2 жыл қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырмады. Бірақ биыл Наурыз мерекесі бұрынғыша тойлануы мүмкін.
Биыл Өскемен қаласында «Наурыз» мерекесіне ойлай 110 іс-шара ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Наурыз - жылдың басы, ұлттық мереке ғана емес, Наурыз мейрамы Қазақстан жеріндегі бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды жаңғырту, қоршаған ортаға, табиғатқа ұқыпты қарауды қалыптастыру, - деп атап өтті Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит.
«Наурыз шуағы» көктемгі мереке тұжырымдамасына сәйкес, мерекелік шаралар 14 наурыздан басталып, 23 наурызға дейін жалғасады. Қаланың барлық мәдениет және білім беру мекемелері қатарынан 10 күн Ұлыстың ұлы күнін ұлықтамақ.
- 14 наурыз – Амал күні
- 15 наурыз – Жайлау күні
- 16 наурыз – шежіре күні
- 17 наурыз – Тарихқа тағзым күні
- 18 наурыз – Игі істер күні
- 19 наурыз – Шымырлық мен шеберлік күні
- 20 наурыз – Зияткерлік күні
- 21 наурыз – Ұлттық тағамдар күні
- 22 наурыз – Бұқара күні
- 23 наурыз – Жоралғы күні.
Бұл күндері тақырыптық іс-шаралар өткізіледі. Барлық қосымша ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланады.
Бүгінде қала басшылығы 22 наурызда қаланың барлық кинотеатрларында тарихи фильмдер тегін көрсетілуі үшін кинотеатрлармен келіссөздер жүргізуде. Сондай-ақ, 21-22 наурызда ірі сауда орталықтарында мерекелік жеңілдіктер жасалады. Игі істер челленджі ұйымдастырылады. Қаланың жалпы тамақтану орындарында мерекелік мәзір әзірленіп, тегін мерекелік тағамдар ұсынылуы мүмкін. "РОСТ", "ВОСКО", "Марат-М" қалалық тасымалдаушылары, "Кривошеев" ЖК және "Таксопарк" ЖШС кәмелетке толмағандарды тегін тасымалдайды.
Ал орталық алаңдағы қалың бұқараға арналған мерекелік іс-шара санитарлық-эпидемиологиялық мекеменің ресми рұқсатынан кейін жарияланатын болады.