Қазақстандық студенттердің шәкіртақысы тағы да өседі
2022 жылдың қыркүйек айынан бастап еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттерінің шәкіртақысы тағы 20%-ға көтеріледі, деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі
- Мысалы, педагогикалық мамандық бойынша білім алатын студенттер 58 мың теңгеден жоғары, басқа саланың студенттері шамамен 37 мың теңге алатын болады. Шәкіртақы көлемі магистранттар үшін 86 987 теңгеге, докторанттар үшін 195 000 теңгеге дейін өседі, - деді министрліктің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.
Білім министрлігі 2021 жылдың қыркүйегінен бастап, яғни былтырғы оқу жылында бакалавр мамандықтары үшін шәкіртақы мөлшері 20%-ға, магистранттар мен докторанттар үшін 15%-ға өскенін еске салды.
- 2021 жылдың қыркүйегінде студенттердің шәкіртақысы 31 423 теңгеге, магистранттардың шәкіртақысы 76 950 теңгені, докторанттардың шәкіртақысы 172 500 теңгеге дейін көтерілген. Биыл ол сандарды тағы да көбейткелі жатырмыз, - деп атап өтті министрлік.