ШҚО-да қуаттылығы 30 мегаватт жел электр станциясы салынуда
Жарма ауданының Жаңғызтөбе кентінде баламалы энергетика көзі орналастырылады, онда жел қуаты барлық нормативтерге сәйкес келеді
Жел электр станциясының құны жеті миллиард теңге, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жарма ауданының әкімдігі қысқа мерзім ішінде тиісті жер учаскесі бөлгеннен кейін жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды. Жобаға салынған инвестиция көлемі 7 миллиард теңге. Қазір мұнда 50-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Құрылыс біткеннен кейін 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
ЖЭС құрылысы үшін Жарма ауданының Жаңғызтөбе кенті бекерге таңдалмаған. Өйткені жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, мұнда жел тармақтары жел энергетикасы нормативіне толықтай сай: жел үнемі соғып тұрады, бір қалыпты әрі екпіні қатты емес.
Бұған дейін Жаңғызтөбеде қуаты 30 мегаваттық облыстағы алғашқы күн электр станциясы салынып, іске қосылған еді.
Бұл салада Жарма ауданы бірегей деуге болады. Өйткені бұнда жел және күн электр станциялары қатар орналасады, - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мақсат Қасымов.
Мердігер компания өкілі Жеңіс Алтаевтың айтуынша, желтоқсан айында жалпы қуаты 30 мегаватт 17 қуат құрылғысы орнатылады.
Жарма аудандық әкімдігі өкілдері бұл жобаның аудан үшін пайдасы зор екенін былай түсіндіреді: біріншіден, аудан үшін инвестиция; екіншіден, қосымша жұмыс орындары; үшіншіден салық түсімдері.
Соңғы жылдары дамыған мемлекеттерде электр энергиясын желден алуға деген қызығушылық артты. Себебі жел энергиясының басқа қуат көздерінен экологиялық және экономикалық артықшылықтары көп. Қазақстанда да «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы қабылданды. Президент тапсырмасына сәйкес баламалы қуат көздеріне көшу бойынша өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Өйткені жасыл экономика – болашақ ұрпақтың мүддесі үшін табиғи шикізат қорларын тиімді қолдану арқылы тұрғындардың әл-ауқатының артуына жеткізетін табысты экономика.