13,5 мыңнан астам сотталған және есепте тұрғандарға рақымшылық жасалуы мүмкін
Қазақстан Парламентінің Мәжілісі сәрсенбіде өткен жалпы отырыста "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заң жобасын мақұлдады
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың мәліметінше, заң жобасы шеңберінде онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталған адамдар жазасын өтеуден босатылады, қылмыстық-атқару жүйесінде және пробация қызметінің есебінде ұсталатын адамдар үшін кейбір ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазаның өтелмеген бөлігі қысқартылады.
Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмаған азаматтарға, егде жастағы азаматтарға, 1 және 2-топтағы мүгедектерге және азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін басқа да тұлғаларға қатысты қолданылатын болады, - деп атап өтті ол.
Тұрғымбаевтың айтуынша, елімізде 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мыңнан астам адам ұсталады, оның ішінде 30 мың сотталған адамға қатысты сот үкімдері шығарылды, 4 мың адам қамауға алынып, тергеуде тұр. Олардың 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған, шамамен 45%-ы бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұдан басқа, 32 мыңнан астам адам пробация қызметінің есебінде тұр.
Алдын ала есептеулер бойынша рақымшылық жасауға 2 мың 236 сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрған 11 мың 310 адам тартылады. Біріншіден, 1 мыңға жуық адам бостандыққа шығады және 3,8 мың адам пробация қызметінің есебінен шығарылады. Екіншіден, жазаның өтелмеген мерзімін қысқарту 1 мың 294 сотталған мен пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға қолданылатын болады, - деп хабарлады ол.
Үшіншіден, ІІМ басшысы атап өткендей, сотқа дейінгі іс жүргізудегі 5 мың қылмыстық іс қысқартылады, оның ішінде 1 мыңнан астам 674 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, 1 мың 471 адамға қатысты жаза мерзімін қысқарту немесе босату жөніндегі ережелер қолданылатын болады.
Тұрғымбаев аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық жасау көзделмегенін атап өтті.
Заң жобасы Сенат депутаттарының қарауына жіберілді.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қазан айында Қазақстан Президенті Қасымжомарт Тоқаев 2021 жылы қауіпсіздікке елеулі қауіп төндірмейтін қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдарға рақымшылық жариялауды жоспарлап отырғанын хабарлады.