Жүргізушілердің тек бір құжатпен жүруіне рұқсат етілуі мүмкін
Ал жүргізушілер Қазақстан аумағынан шыққан кезде, барлық құқық белгілеуші құжатты өзімен бірге алып жүруі тиіс
Қазақстандық жүргізушілерге өзімен бірге тек жеке куәлігін алып жүруге рұқсат етілуі мүмкін. Жол сақшылары автокөлікке қатысты қалған құжаттарды талап етпейді. Ішкі істер министрлігі осындай норма енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
- Біз жүргізушілерді құқық белгілеуші құжаттарды өзімен бірге алып жүруді міндеттемейтін норма енгізгіміз келеді. Жеке куәлік жеткілікті. Өйткені соның көмегімен біз планшет арқылы оның қандай көлігі барын, сақтандыру полисі қашан аяқталатынын, техникалық бақылаудан қашан өткенін, айыппұлы бар-жоғын тексере аламыз. Бір бума қағазды тасудың не қажеті бар, бір ғана куәлік жетеді, - деді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәжіліс отырысында.
Айтуынша, полицейлердің планшеттері көшедегі бейнебақылау камераларымен интеграцияланады.
- Егер байқасаңыздар, қазір нөмір белгісін тақпаған автокөліктер жоқтың қасы. Себебі нөмірі жоқ көлікті байқаған камера бірден сигнал береді. Осыдан кейін патрульдік полиция жолға шығып, автокөлікті тоқтатады. Министрлік базасында көліктің түр-түсі, нөмірі – бәрі тіркелген. Яғни, біз көліктерді айдап әкету оқиғаларын барынша азайтуға тырысып жатырмыз, – деді ведомство басшысы.