"5-10-20" жаңа бағдарламасымен тұрғын үйді кім ала алады?
Бүгін ҚР Үкіметі алаңында өткен брифинг барысында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов "5-10-20" жаңа тұрғын үй бағдарламасының шарттары туралы айтып берді
Биылғы 11 мамыр күні Мемлекеттік комиссия отырысында тұрғын үй құрылысындағы мәселелерді шешуге қатысты тапсырма берілді. Атап айтқанда, ұлттық даму институтын және "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" негізінде баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі орталық – "Отбасы банкін" құру.
- Оның басты идеясы мынада: меншігінде баспанасы жоқ әрбір қазақстандық осы орталыққа хабарласып, өзінің табысына қарай қолжетімді баспана алуға мүмкіндік алады, - деді Б. Атамқұлов.
Азаматтар санаттарға бөлінбей, нақты табыстарына қарай іріктеледі:
-
Отбасының әр мүшесіне санағанда табыс мөлшері 1 ең төменгі күнкөріс көлеміне (31,2 мың тг) дейінгі азаматтар жалға берілетін тұрғын үй алады.
-
Отбасының әр мүшесіне санағанда табыс мөлшері 2 ең төменгі күнкөріс көлеміне дейінгі азаматтар "Бақытты отбасы", "2-10-20" секілді бағдарламалар бойынша 2% мөлшерлемемен баспана ала алады.
-
Отбасының әр мүшесіне санағанда табыс мөлшері 3,1 ең төменгі күнкөріс көлеміне дейінгі (96,7 мың теңге) тұрғындар жаңа "5-10-20" бағдарламасымен баспана алады.
-
Отбасының әр мүшесіне санағанда табыс мөлшері 3,1 ең төменгі күнкөріс көлемінен жоғары азаматтар екінші деңгейлі банктердің "7-20-25", нарықтық ипотека бағдарламаларына қатыса алады.