Соңғы қоңырау кезінде түлектерге қандай талаптар қойылады
Мектеп бітіретін түлектер аттестат табыстау рәсіміне ата-анасымен бірге келе алады, басқа қонақтарды шақыруға тыйым салынған
Қазақстандық түлектер соңғы қоңырау және аттестат алу рәсімінде маска тағып, екі метр ара қашықтықты сақтауы тиіс. Бұл туралы білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында вице-министр Шолпан Қаринова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Биыл аттестат табыстау және соңғы қоңырау мерекесі 3-4 маусымға жоспарланған. Оқу мекемелерінің әкімшілігі іс-шараны мектеп ауласында әр бітіруші сыныпқа жеке ұйымдастыруы тиіс.
- Сынып жетекшілері 20 минуттық сынып сағатын өткізеді. Балалар арасындағы ара қашықтық – 1,5-2 метр. Барлық оқушы міндетті түрде маска тағып келуі керек, - деді Қаринова.
Сонымен қатар, вице-министр түлектер аттестат табыстау рәсіміне ата-анасымен бірге келе алатынын атап өтті. Қалған қонақтарды мектепке шақыруға тыйым салынған.