СҚО-да алаяқ терминал арқылы несие ресімдеген
Петропавл қалалық полициясына алаяқтың әрекетінен зардап шеккен бірнеше аудан тұрғыны жүгінген
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккендер өздерінің атына алаяқ несие ресімдегені туралы білмеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Полицейлер тексере келе барлық жағдайда күдікті "Океан" сауда орны және көтерме сауда орталығы маңында әрекет еткенін анықтады. Алаяқ ауыл тұрғындарын нысанаға алып, арам ойын жүзеге асыру үшін оларды әңгімеге тартып, сеніміне кірген.
- "Жақыным сырқаттанды", "құжаттарым жоғалды" сынды түрлі жалған сөздерге сенген ауыл тұрғындары алаяққа оның есепшотындағы ақшаны алып беру үшін өздерінің құжаттарын берген. Солайша, көмектеспек болған. Алаяқ оларды "Сreditomat.kz" фирмасының терминалдарына апарып, олардың атына жылдам несие ресімдеген. Фотоға түсу қажет болған кезде адамдарды автоматқа шақырып отырған. Жәбірленушілердің бірде-біреуі бұл компания және терминалдарының жұмысы туралы білмеген екен, - дейді Петропавл қалалық ПБ Екінші полиция бөлімі бастығының орынбасары Гүлмира Сағитова.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы қылмысқа қатысы болуы мүмкін 1981 жылғы Петропавл қаласының тұрғыны анықталды. Ол бұрын мүліктік қылмыстар жасап, бірнеше рет жауапқа тартылған. Аталған факті "Алаяқтық" бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктіге қатысты қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.
Полицейлер алаяқтың құрбанына айналмас үшін жеке құжаттар мен мәліметтерді біреуге беруге, несие беретін белгісіз терминалдарды пайдалануға болмайтынын ескертеді.