Қазақстанда коронавирустан қорғануға 1,5 миллиард теңге бөлінді
Үкімет қорынан жұқпалы аурулардан, оның ішінде коронавирустан қорғану заттарын сатып алу мақсатында қосымша 1,5 миллиард теңге бөлінді
Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мәжіліс кулуарында журналистер Сапарбаевтан Қазақстан үкіметі қабылдаған коронавирустан қорғану шаралары туралы сұрады.
- Кеше Үкімет қорғаныс заттарын, бетперде және басқа да қажетті заттарды алуға тапсырма берді. Қаулыға қол қойылды. Үкімет қорынан қосымша 1,5 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар, бұрынғы қор бар. Жалпы, жұртшылыққа медициналық көмек қажет болған жағдайда бізде барлық мүмкіндіктер - заттар да қаражат та бар, - деді Сапарбаев.
Ол Желіде тарап жатқан бетперде жетіспеушілігі туралы таралып жатқан ақпаратты жоққа шығарды.
- Олай емес, бізде адамдар байбаламға салынып, көптеп сатып алып жатыр. Мұны істеудің қажеті жоқ. Бізде медициналық бетперделер жеткілікті. Егер бір дәріханаларда болмай жатса, бізге айтыңыздар, сонда жеткіземіз, - деді ол.
Сапарбаев қазіргі уақытта қазақстандық студенттерді шығару бойынша Үкіметтің Қытай Сыртқы істер министрлігімен жұмыс істеп жатқанын айтты.
- 680 туристі елге жеткізу бойынша, олардың жартысы оралды. Біздің есебіміз бойынша, бүгін-ертең барлығы Қазақстанға келуі тиіс. Елге қайтамыз деген студенттер бойынша, біз қазір ұшақ дайындап отырмыз. Оларда Қытайдың Жаңа жыл мерекесін тойлауға байланысты демалыс болып жатыр. Қазіргі уақытта демалыс мерзімін ұзарту мәселесі қаралып жатыр. Оның қаншалықты ұзаратыны туралы, бізге Қытай үкіметі хабарлайтын болады. Ең бастысы біздің Қытай тарапымен келісуіміз және біз соның аясында жұмыс істейміз, - деді Сапарбаев.