Қазақстан әлеуметтік даму рейтингінде 69-орында
ranking.kz зерттеуі көрсеткендей, Еуразия экономикалық одағына мүше бірнеше ел біздің алдымызға шығып кеткен. Олардың арасында Беларусь, Армения мен Ресей бар
Әлем елдерінің саяси және экономикалық жетістіктерін қорытындылайтын негізгі индикаторлардың бірі – мемлекеттің әлеуметтік даму көрсеткіші. Осы көрсеткішті негізге ала отырып зерттеу институттары елдердің экономикалық дамуы мен халқының әл-ауқат деңгейін анықтайды. Былтыр Қазақстан әлеуметтік даму рейтингінде небәрі 69-орынға тұрақтады деп жазады ranking.kz.
Көш басында – Норвегия (90,95 балл). Дания (90,09) – екінші, Швейцария (89,89) үшінші орынға жайғасқан. Сондай-ақ, алғашқы ондықта Финляндия, Швеция, Исландия, Жаңа Зеландия, Германия, Канада және Жпония елдері бар.
149 елден тұратын рейтингте Қазақстан (68,2) небәрі 69-орынға жайғасқан. ЕАЭО елдерінің арасында республика Беларустен (48-орын), Армения (59-орын) мен Ресейден (62-орын) қалып, Қырғызстанның (81-орын) ғана алдына түсті.
Жалпы, әлеуметтік даму рейтингін түзерде мамандар 50 түрлі көрсеткішке мән беріп, оларды үш топқа біріктіреді.
1. Адамның негізгі қажеттіліктері - ас-ауқатқа және ауыз суға, медициналық көмекке қолжетімділік, баспанамен қамту, электр қуатына және санитарлық қызмет түрлеріне қолжетімділік, жеке бастың қауіпсіздігі;
2. Адамзаттың негізгі құндылықтары - сауаттылық және білім беру, ақпаратқа және байланыс құралдарына қолжетімділік, денсаулық сақтау деңгейі, қоршаған ортаның сапасы;
3. Адамның даму мүмкіндіктері - жеке және азаматтық еркіндік, адамдардың өз бетінше шешім қабылдауы және өз мүмкіндіктерін пайдалануына мүмкіндік туғызу.