Батыс Қазақстанда пара алған әскери қызметкер сотталды
Батыс Қазақстандағы Ұлттық гвардияның әскери бөлім командирінің орынбасары пара алғаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды
Батыс Қазақстанда 5517 әскери бөлімі командирінің орынбасары мен мүліктік қызмет бөлімінің басшысына қатысты парақорлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды.
Жемқорлықпен күрес қызметінің хабарлауынша, әскери бөлім командирінің орынбасары Омаров пен мүліктік қызмет бөлімінің басшысы Қыдыров жеке компания директорынан 300 мың теңге пара алды деген күдікке ілінген. Әскерилер параны атқарылған жұмыс актілеріне қол қою және алдағы уақытта қамқорлық таныту үшін алған.
Ақтөбе гарнизонының әскери сотының қаулысы бойынша Омаров кінәлі деп танылып, 7 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылды. Ал Қыдыровқа 6 млн теңге айыппұл салынды. Екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан және әскери шендерінен айырылды.