Ақтауда балаларды дұрыс тамақтандырмаған балабақша жабылды
Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің қызметкерлері жалақыны түсірген және сапасыз ас үшін басшылықтың үстінен шағымданған
Шағым түсе сала тексеріс жүргізіліп, балабақша жабылды, деп жазады Zakon.kz сайты.
Жеке балабақша директоры қызметкерлеріне 1 маусымнан бастап жалақының азаятындығын айтқан. Осыған байланысты дау шыққан. Қызметкерлердің айтуынша, жалақының азаятындығы жайлы олар кездейсоқ білген. Ал директор бұнымен келіспейтіндерге өз еріктерімен жұмыстан кетуді немесе бап бойынша жұмыстан шығаруды ұсынған.
Тәрбиешілер балабақшада берілетін тамақ рационына да алаңдаулы. Олардың сөзіне сүйенсек, тамақ рационы мамырда күрт нашарлаған. Бірақ ата-аналар балаларының тамағы үшін ай сайын 40 мың теңге төлеп келген.
Қызметкерлер дәлел ретінде тоңазытқыштің іші мен балалар ойнайтын бөлмені бейнежазбаға түсіріп алған.
Ал директор бұл бейнежазба арандатушылық деп отыр. Өйткені азық-түлікті ол өзі сатып алады.
Қызметкерлер бейнежазбаны қалалық білім бөліміне жіберген. Соған орай тексеріс жүргізіліп, жөндеу жұмыстары болмаған, мәзір дұрыс дайындалмаған.
Осы бұзушылықтарды жойғанға дейін жеке балабақша жабылды.