Норвегиядағы елшілік қазақстандық студенттердің некесін қиды
Жас отбасына неке туралы куәлікті Қазақстанның Норвегиядағы төтенше және өкілетті елшісі Еркін Ақынжанов табыстады
Норвегиялық университеттің докторанты Елжас Жақсылық пен Испан университетінің магистранды Әсел Елубаева отбасын құруға ниет еткен. Бұл - Норвегиядағы Қазақстан елшілігі құрылғалы бері қиылған алғашқы неке.
- Жас жұбайлар консулдық өкілдеріне бір ай бұрын қажетті құжаттарын алып келіп, өтініш білдірді. Бұл біздің елшілігіміздің тарихында алғаш болып отырған жағдай. Әрине, бұл дипломатиялық өкілдік үшін қуанышты оқиға, - деді елшіліктің Консулы Азат Мәтенов.
Некені тіркеу еліміздің азаматтарына консулдық қызмет тарапынан көрсетілетін көптеген қызметтердің бірі. Қазақстанның бүкіл әлемдегі консулдықтарында туу туралы, қайтып келу туралы куәліктер беріледі және құжатты рәсімдеу, қазақстандық азаматтықты қабылдау мен қалпына келтіру жұмыстарына көмек көрсетіледі. Сондай-ақ талап етілген құжаттардың жеткізілуіне ықпал ету, құжаттарды заңдастыруға қолғабыс етіп, заңдық тұрғыда түрлі анықтамалар беріледі. Аталған жұмыстармен қатар өзге де көптеген шаралар ұйымдастырылады және консулдық-құқықтық көмек көрсетіледі.