Түркістан облысында көпбалалы ана бұрынғы сыныптастарынан сыйлыққа үй алды
"Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан облысында "Алтын ұям" жобасы жүзеге асырылуда
Жоба мектептің аяқталуын тойлау бойынша қымбат кештерді пайдалы істермен алмастыруды ұсынады, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА сайты.
Бұл жобаны Шардара қаласының 1999 жылғы түлектері қолдады. Олар мектептен түлеп ұшуының 20 жылдығын қайырымды іспен атап өтіп, отбасында 9 баласы бар бұрынғы сыныптасына үй сыйлады.
Тек отағасы ғана жұмыс істеп, отанасы шаруашылықты бақылап, балаларды тәрбиелеген отбасы осы күнге дейін тұрғын үйді жалға алып келген. Енді бұрынғы сыныптастарының арқасында, олардың тұрғын үй мәселесі шешілді.
Аудан әкімдігі үйге электр және су өткізуге көмектесті.
Жаңа үйде Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев болды. Аудан әкімінің орынбасары мейірімді сыныптастарға алғыс хаттарын табыстады.