Денис Тенді өлтіргенін мойындады
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушыны өлтіргені үшін сотталғандардың бірі Нұралы Қиясов Денис Тенге пышақ салғанын мойындады
Денис Теннің өлімі бойынша сот барысында сотталған Нұралы Қиясовтан жауап алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
- Мені не үшін айыптап жатқанын түсініп отырмын. Мен өз кінәмді толығымен түсінемін. Бірақ "алдын ала келісіп алып өлтірді" деген сөзге келіспеймін, - деді Нұралы Қиясов.
Оның айтуынша, Арман бірінші айнаны көліктің сол жағынан шешіп, жолдорбаға салып қойған. Екіншісін адам аяғы сиреген соң алмақшы оймен күте тұрады. Қиясовтың міндеті айналаны шолып тұру болған.
- Мен шамамен 7 метрге қашықтадым. Темекі шегу үшін. Осы уақытта Арман Құдайбергенов екінші айнаны шешіп үлгерді. Ал сол кезде көліктің иесі келіп қалғанын көрмей қалыппын. Арман спорт алаңына қарай қаша жөнелді. Оның көлікке соғылғанын мен көрмедім. Денис (Тен) оны артынан қуа жөнелді. Біраз уақытта қуып жетіп алды, - деді ол.
Оның айтуынша, Денис пен Арман төбелескен кезде ол тротуарда шылым шегіп отырған.
- Арман қашып кетеді деп ойладым. Қарап бақылап отырдым. Арман белдігін шығарып ұра бастады. Оның сеткаға қарай құлағанын көріп, Денистің арт жағынан келдім де тартып қалдым. Ол маған қарады. Сол сәтте қолымдағы пышақты көрсеттім. Ол қорқатын шығар деп ойладым. Ол қорықпады. Мен Дениске қалай пышақ сұққанымды білмей қалдым. Мен оның басқа жерінен салсам да болар еді пышақты. Санына салып, қашып кетем деп ойладым. Мен арт жағынан сол жақ тұсынан пышақ салдым. Пышақты төбелес болған жерден 15-20 метр қашықтыққа лақтырып кеттім. Мен барлық қазақстандықтардан, әсіресе анасы Оксана Алексеевнадан кешірім сұраймын. Оның жүрегі қалай ауырғанын түсінемін. Кешіре алсаңыз, мені кешіріңіз, - деді Нұралы Қиясов.