Қызылорда дүкендерінің бірінде тегін азық-түлік сөрелері пайда болды
Қызылорда дүкендерінің бірінде мұқтаж жандарға арналған азық-түліктер "қайырымдылық сөресіне" қойыла бастады
Бұл "Қайырымдылық сөресін" жергілікті банкте және несие корпорациясында қызмет ететін Дәурен Сейітжанов пен Алмат Абдуллаев есімді жігіттер ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат сайты.
Олар "Қайырымдылық сөресін" Қызылорда қаласындағы "Универсам" мөлтек ауданындағы дүкендердің біріне орналастырған. Қайырымды жандар дүкеннен нан немесе басқа да азық-түлік өнімдерін сатып алып, сөреге қойып кетеді. Ал мұқтаж адамдар сол жерден өзіне керегін тегін алуына болады.
Қайырымдылық сөресі орналасқан дүкенге Дәурен Сейітжанов күн сайын баратын көрінеді. Оның айтуынша кейбіреулер түсінбей, тегін азық-түлікті молынан алып қалуға тырысып жатады.
- Мұндай жағдайда істің мән-жайын түсіндіріп, сөре тек мұқтаж жандарға ғана арналғанын айтудан жалыққан емеспіз. Енді еріктілер де атсалысса дейміз, олар бір мезгіл халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізсе жақсы болар еді, - деді Дәурен Сейтжанов.