Ақтаулық оқушы жасанды қол ойлап тапты
16 жасар Назира Қыдырбаева мүгедек жандарға арналған қол протезін ойлап тауып, ғылыми тұрғыдан тұжырым жасады
Назира Қыдырбаева Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 11-сыныпта оқиды. Алғыр оқушы жасанды қол техникасы туралы жобасын былтыр зерттеп бастаған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Оның айтуынша, өзін шетелге шығуға мүмкіндігі жоқ, мүгедек жандардың тағдыры көп толғантады. Сондықтан ойлана келе, қарапайым және кез-келген жанға қолжетімді қол протезін жасап шығаруды мақсат еткен.
- Мен жасап шығарған протез оңай қызмет етеді. Адамның сау қолының бұлшықеттері жиырылғанда, датчиктен микро бақылаушыға сигнал барады. Микроконтроллер келген белгіні өңдеп, моторға бағыттайды. Келген сигналға сәйкесінше, сервомотор саусақтарды жұдырыққа жұмады немесе ашады, - дейді Назира Қыдырбаева.
Протездің артықшылығы оған аз қаражат жұмсалады. Нарыққа шолу жасаған өнертапқыш елімізде 100 млн. теңгеге 50-70 адам протез салдыратынын айтады. Шамамен бір жасанды қол 2 млн теңгеге жуықтайды.
- Бұл қарапайым халықтың қалтасына ауыртпалық салатыны рас. Менің таңдаған материалдарымнан бір қол 500 мыңға жуықтайды, жоба нәтижесін берсе 100 мың теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік болады,- дейді Назира.