Алматыда Денис Теннің құрметіне ескерткіш тақта орнатылды
Ескерткіш тақта мәнерлеп сырғанаушы чемпионы, Олимпиада жүлдегері, спортшы Денис Теннің туған қаласында ашылды
Денис Тен туып өскен үйге ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ашылу салтанатына КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО-ның спорт шебері Татьяна Тарасова, ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Елена Радионова, Алматыдағы Ресейдің бас консулы, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева және тағы басқалар қатысты.
- Ол - ұлы бала. Ол осы елдің атын асқақтатқысы келді. Бірақ осы елде қаза тапты. Оның өнерін миллиондаған адамдар тамашалап, Қазақстанды картадан іздей бастады. Қазақстанның қай жерде орналасқанын бәрі біле бермейтін, бірақ Денис арқылы білді. Ол - халықтың ұлы. Мен онымен жұмыс істегенімді мақтан тұтамын, - деді Татьяна Тарасова.