Астанада "Шабыт" фестивалі басталды
Елордада ХХІ "Шабыт" халықаралық жастар фестивалі басталды
Талай жүйріктің қолтығын сөгіп, өнер бәйгесінде бағын ашқан бәсеке 5 күнге жалғасады, деп хабарлайды 24.kz.
Үміткерлердің саны 600-ден асады. Олардың арасында 5 аталым бойынша үздіктер анықталмақ. "Классикалық музыка", "Халық музыкасы", "Эстрадалық вокал", "Хореография" және "Журналистика". Биыл халықаралық фестиваль осы аталымдар бойынша өтеді. Үміткерлер әрісі Израиль, берісі Ресейден келіп, өз өнерлерін көрсетпек. 600-ден астам қатысушының 400-і – шетелдік. Қазылар алқасы – әлемдік сахнада танылған тұлғалар. Яғни елорда алдағы 5 күн бойы өз еліміз ғана емес, халықаралық деңгейде жастардың мәдени орталығына айналады.
Әр аталым бойынша бас жүлде иегерлеріне 350 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Бірінші, екінші және үшінші орын алғандарға да қомақты қаражат ұсынылады.