Қазақстанда жұмыс іздеу жеңілдей түсті
Жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерге арналған жаңа қызмет түрі іске қосылды
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ бірлесіп, жұмыссыздар мен жұмыс берушілерге арналған Telegram-бот қызметін іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА.
Жаңадан іске қосылған @EgovKzBot Telegram-боттың қызметі жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерге арналған.
- Жұмыс іздеуші немесе жұмыс беруші өзіне тиісті, яғни "Жұмыс іздеу" немесе "Маман іздеу" командасын таңдауы керек. "Жұмыс іздеу" қызметін таңдағанда, пайдаланушы жұмыс іздейтін аймақ пен қызмет түрін көрсетуі тиіс, - делінген министрліктің Фейсбуктегі парақшасында.
Хабарламада айтылғандай, іздеу нәтижесінде қолданушы @EgovKzBot enbek.kz электронды еңбек биржасындағы бос орындардың жалпы саны немесе көрсетілген параметрлер бойынша бос орындардың жоқтығы туралы ақпарат алады.
- "Маман іздеу" командасы жұмыс берушілерге тиісті қызметкерді табуға мүмкіндік береді. Ол үшін қосымшаға аймақ атауын және тиісті маманмен оған қатысты деректерді енгізуіңіз керек.Нәтижесінде мамандардың толық тізімінен жеке карточкаларын қарап, тиісті кандидатураны сұхбатқа/сұхбаттасуға шақыруға болады, - делінген хабарламада.